МЕН БАСТАН ӨТКЕН СОҢ АЙТАМЫН…

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Қажыманұлы АСАНОВТЫҢ,

Түркістан облыстық сотының төрағасы Талғат Қожанұлы БАРАТБЕКОВТІҢ назарына!

Қазақстанда жұмысына ең көп сын айтылатын сала – ол сот билігі. Адамдар көбінде судьяға ренжіп кетіп бара жатады. Әрине, сотталған адам «Саған ризамын, судья!» дегенді айтып кетпейді ғой. Бірақ сотталғанына рахмет айтпаса да, судьяға қарсы уәж айта алмайтын болуы керек деп есептеймін. Судья сөйлемей, тек заң сөйлесе, мұндай реніштердің азаярына сенімдімін. Өкінішке қарай, біздің елде әзірге тек заңның сөйлеуі қиял-ғажайып ертегідей болып тұр-ау.

Құрметті Жақып Қажыманұлы!

«Ауруын жасырған арам өледі» демекші, қарапайым адамдар ғана емес, судьялардың жұмысына Сіз өзіңіз де бірнеше мәрте батыл да өткір сын айттыңыз. Жоғарғы сот тізгінін ұстаған екі жылдан астам уақыттың ішінде отандық сот жүйесінің көлеңкелі, кемшін тұстарына тоқталып, олқылықтарын атап көрсетіп, талай рет үндеу жарияладыңыз. Судьяларға байланысты мұндай сынды Елбасының да айтқаны – есте. Нұрсұлтан Әбішұлы сот билігіндегі проблемаларды оңтайлы шешу үшін сот реформасын қолға алды емес пе?! Егер бәрі жақсы болса, мұндай реформалар жүргізілмейді ғой. Бұрын судьялардың жұмысына жиі сын айтылатынан естіп, біліп жүргенмен, тікелей бетпе-бет келген емеспін. Сосын бұл тақырыпқа қалам тартпайтынмын. Менің сеніміме селкеу түсірген жағдай мынау болды…  

Таяуда ғана Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы (төрағалық етуші судья Т.Оңғарбаев) ордабасылық зейнеткер Лесбек Ағабекұлының аппеляциялық шағымына орай қылмыстық істі қарап, ақтау үкімін шығарды. Не үшін дейсіз бе? Бәрін басынан бастайық. Лесбек Ағабекұлы Ордабасы аудандық сотының судьясы Жанар Қайыпбекқызы Кенжебаеваның үкімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған болатын. Оны жеке айыптаушы-жәбірленуші ретінде сотқа берген Ордабасы аудандық мәслихатының хатшысы Баймахан Садвахасовтұғын. Алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына, әлгі үкімде көрсетілгендей, Лесбек Ағабекұлынан Б.Садвахасовтың пайдасына 100 000 (жүз мың) теңге моральдық залал, қорғаушыға төленген 300 000 (үш жүз мың) теңге, 1000 (мың) теңге мемлекеттік баж салығын өндіріп, «Жәбірленушілерге өтемақы қорының» есепшотына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 25250 (жиырма бес мың екі жүз елу) теңге аударуды да қосып қойыңыз.

Иә, Лесбек Ағабекұлы судья Жанар Кенжебаеваның шығарған үкімімен келіскен жоқ. Наразылығын білдіріп, Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына жүгінді. Жүгінетініндей-ақ бар. Себебі Ордабасы аудандық сотындағы аталмыш сот процесінің нәтижесінде шыққан үкімнің өте әділетсіз екенін біз біреуден естігеннен емес, өзіміз де осы іске қатысқандықтан айтып отырмыз. Біз де сол сот процесіне Лесбек Ағабекұлымен бірге айыпталушы болып қатысқанбыз. Б.Садвахасовтың шағымына сенсек, Лесбек Ағабекұлы  менімен бірігіп, жала жауып, өз кезегінде ақпарат құралы арқылы ол кісіні сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп, абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жалған айыптаумен ұштасқан дәйексіз ақпарат таратыппын. Әйтсе де сотқа жүгінбес бұрын зерделей қараған адамға біздің «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігінде 2019 жылдың 17 қыркүйегінде жарық көрген «Түркістан облысы: Мәслихат хатшысы «Nur Otan» партиясынан аластатылып, қызметінен кетуі мүмкін бе?» (http://aq-qara.kz/bilik-zhane-sayasat/item/2019-t-rkistan-oblysy-maslikhat-khatshysy-nur-otan-partiyasynan-alastatylyp-kyzmetinen-ketui-m-mkin-be) атты мақаламыз соттың есігін аштыратын мақала емес еді. Бірақ Б.Садвахасов Ордабасы аудандық сотынан ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабының 3-бөлігімен қылмыстық жауапқа тартуды сұрады.

Әдетте Қазақстан Республикасының кез келген журналисі мақала жазып, оны жарияларда ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңы аясында әрекет етеді. Және бұл заң Қазақстан Республикасы азаматтарының баршасына ортақ. Сол себепті Ордабасы аудандық мәслихатының хатшысы Б.Садвахасов жеке айыптаушы ретінде Ордабасы аудандық сотына шағым түсірмес бұрын ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 19-бабындағы теріске шығару не жауап беру құқығын пайдаланғаны жөн болар еді. Яғни «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігінде жарық көрген «Түркістан облысы: Мәслихат хатшысы «Nur Otan» партиясынан аластатылып, қызметінен кетуі мүмкін бе?» атты мақаланың қай сөйлемдерінде өзіне жала жабылып, абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіріліп, беделі түсіріліп тұрғанын анық, ашық көрсетіп, нақты фактілермен дәлелдеп, теріске шығару немесе жауап материалын «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігінің редакциясына ұсынып, оның жариялануын талап етуі қажет еді. Алайда Б.Садвахасов «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігінің редакциясына теріске шығару немесе жауап материалын әкелген жоқ. Ешқандай ескертусіз, бірден ҚР ҚК-нің 130-бабының 3-бөлігімен қылмыстық жауапқа тартуды сұранып, Ордабасы аудандық сотына жүгінді. Ал ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңының 19-бабының 4-бөлігінде «Азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында теріске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат құралы мұндай жарияланымнан бас тартқан не бір айдың ішінде теріс шығаруды немесе жауапты жарияламаған жағдайда, сондай-ақ осы бұқаралық ақпарат құралы таратылған жағдайда, сотта қаралады» делінген.

Жарайды, Ордабасы аудандық мәслихатының хатшысы Б.Садвахасов менің мақалама орай теріске шығару не жауап беру құқығын пайдаланбай, жеке айыптау істерінің тәртібі бойынша шағым түсірді. Оны Ордабасы аудандық соты өндіріске қабылдады. Судья Ж.Кенжебаева Лесбек Ағабекұлы екеуміздің үстімізден ҚР ҚК-нің 130-бабының 3-бөлігімен айыпталушы ретінде қылмыстық іс қозғап, бірнеше сот отырысын өткізді. Сот отырыстары барысында Л.Ағабекұлы да, мен де өзіміздің Б.Садвахасовқа жала жаппағанымызды, кінәсіздігімізді дәлелдедік. Баймахан Садвахасовтың мені Қазақстан Республикасы ҚК-нің 130-бабының 3-бөлігімен қылмыстық жауапқа тарту туралы жеке айыптау істерінің тәртібі бойынша сотқа берген шағымымен танысқанымды, өз кезегінде оның маған тағып отырған жеке айыбымен келіспейтінімді, айыпты мойындамайтынымды нақты һәм дәлелді себептермен көрсете отырып, қарсы пікірде жазылғандар негізінде және ҚР ҚПК-нің 394-бабы 2-бөлігінің 2-тармағына сәйкес, соттан менің әрекетімде Қазақстан Республикасы ҚК-нің 130-бабының 3-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты маған қатысты ақтау үкімін шығаруды сұраған болатынмын. Осыдан соң 2019 жылдың 3 желтоқсанындағы сот отырысында Б.Садвахасовтың қорғаушысы К.А.Сарымсахов Ордабасы аудандық сотына жаңа шағым түсірді. Онда Лесбек Ағабекұлынан және менен ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабының 3-бөлігімен қылмыстық жауапқа тарту туралы жекеше айыптаудан бас тартып, алайда Лесбек Ағабекұлын енді Қылмыстық кодекстің 130-бабының 1-бөлігімен қылмыстық жауапқа тартуды сұрады.

Сол күнгі сот отырысында судья Ж.Кенжебаева менен аталмыш шағыммен келісетін-келіспейтінім жайлы пікірімді сұрады. Мен Б.Садвахасовтың жеке айыптау шағымынан бас тартуымен келіспейтінімді, өзіме қатысты Қылмыстық кодекстің 130-бабының 3-бөлігімен қозғалған қылмыстық істі соңына дейін жеткізіп, сол бойынша ақтау үкімін шығарып беруді сұрадым. Одан кейін үш сот отырысы өтті. Тіпті сот жарыссөзіне қатысып, соңғы сөзімді де айттым. Өкінішке қарай, Ордабасы аудандық сотының судьясы Жанар Кенжебаева мен күткен ақтау үкімін шығармады. 2019 жылдың 20 желтоқсанында «Жекеше айыптаушы Садвахасов Баймахан Кожатаевичтің жекеше айыптау шағымымен ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабының 3-бөлігімен Ағабекұлы Лесбек және Фазылбек Тұтқабай Есенбайұлының үстінен қозғалған қылмыстық ісі жеке айыптаушы айыптудан бас тартуына байланысты қылмыстық іс өндірістен тоқтатылсын» деген қаулы  шығарып берді. Ал үкім Қылмыстық кодекстің 130-бабының 1-бөлігіне сәйкес Лесбек Ағабекұлына шықты. Ол жөнінде жоғарыда біршама айтып өткендіктен, үкімнің толық мәтінін келтіріп, алтын уақыттарыңызды алып жатпай-ақ қояйын. (Себебі Ордабасы аудандық сотының судьясы Жанар Кенжебаеваның бізге қатысты шығарған қаулысы мен үкімінің, сондай-ақ Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында төрағалық етуші судья Т.Оңғарбаевтың Лесбек Ағабекұлына қатысты шығарған қаулысы мен үкімінің көшірмелерін осы мақала жарық көрген соң, мақалаға қоса тігіп, өздеріңізге хатпен арнайы жолдаймын).     

Ордабасы ауданындағы сот процесі осымен тәмам. Үш айға жуық уақыт Шымкент пен Темірланның ортасын жол қылдым. Қанша жұмысым қалды. Қанша жүйке жұқарды. Денсаулыққа салмақ түсті. Ал Лесбек Ағабекұлы қарияға ғой, көрер көзге жаза тағайындап, соттап тынды.

Тағы да айтамыз, Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына рахмет! Бірінші сатыдағы соттың тиісті заң нормаларын бұзып, істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттемегенін, істі сотта қарау барысында ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің (ҚПК) қағидаттарын, яғни қылмыстық-процестік заңды бұзғанын анықтады. Сөйтіп, Ордабасы аудандық сотының судьясы Жанар Кенжебаеваның 2019 жылғы 20 желтоқсандағы үкімінің күшін жойып, Лесбек Ағабекұлын ақтау үкімін шығарды. Тіпті ақтау үкімі «ҚР ҚПК-ның 484-бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес наразылық, өтінішхат бойынша кассациялық тәртіпте қайта қарауға жатпайды» деп шегелеп берді. Міне, осылайша ӘДІЛЕТТІЛІКТІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРДІ!

Алайда осы тұста бір мәселе туралы ойланбай болмайды. Егер Лесбек Ағабекұлының орнында басқа адам болып, ол аппеляциялық шағым жазып, Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына жүгінбесе, осылай «срок» алып кете беруге болатын болғаны ғой. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы сот билігі АДАМ ТАҒДЫРЫНА қатысты төрелікті осылай таразыласа, «Елбасы үнемі тілге тиек ететін сот реформалары, Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамдағы заңның үстемдігін қамтамасыз ету өзінің діттеген мақсатына қаншалықты жетпек?» деген сұрақ туындайды. Ал енді осындай жөнсіз, жосықсыз үкім шығарған Ордабасы аудандық сотының судьясы Жанар Кенжебаеваға, Ордабасы аудандық сотына төрағалық етіп отырған Алтай Қалықұлға қандай шара көрмекшісіздер? Әлде әлі талай Лесбектерді осылай соттай бере ме? Әлде бір тәртіпке, бір жүйеге келе ме? Бүкіл мәселе Сіздерге келіп тіреліп тұр.

Қазір Президенттен бастап бүкіл Қазақстан халқы әділетті қоғам орнату үшін күресуде. Бүгінгі қоғам әділет іздеп, көшеде жүр. Кенжебаевалардан әділдік таппаған адамдардың Сіздердің кеңселеріңізге де бұрылмайтынына кепілдік бар ма? Ж.Кенжебаева Қазақстан Республикасының азаматы болса, Лесбек Ағабекұлы да осы елдің азаматы ғой. Тең атаның ұлы. Тең атаның ұлына теңдікті Сіздер алып бересіздер. Ал Сіздер алып бермесеңіздер, олар теңдікті Сіздерден де жоғары жақтан іздейді. Жанар Кенжебаева мен ол жұмыс істейтін Ордабасы аудандық сотына төрағалық етіп отырған Алтай Қалықұл адам тағдырына немқұрайлы қараған аталмыш үкім үшін жауап бермесе, қоғамда сот билігіне деген наразылық одан сайын күшейе береді. Мына тынышы кеткен заманда Сіздерді парасатты шешім қабылдайды деп сенемін!

P.S. Құдай ешқайсымыздың тағдырымызды шешуді Кенжебаеваларға, Қалықұлдарға қаратпасын! Бастан өткесін айтып отырмын.

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,

Түркістан облыстық Журналистер одағының Басқарма төрағасы,

«ANYQ.KZ» ақпарат агенттігінің Директор-Бас редакторы.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *