Шымкент қаласының Абай ауданы бойынша «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушы (Шымкент қаласы мәслихатының депутаттығына үміткер) НҰРЫШ Серік Мәлікұлының САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары!

Қадірлі Абай ауданының жұртшылығы!

Қадірменді «Nur Otan» партиясындағы қанаттас достарым!

Біз бүгінгі күніміз ертеңгі күнге ұқсамайтын дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Әлем және оның саяси келбеті өзгеріп барады. Уақыт баяу қимылдап, сылбыр әрекет еткендерді күтіп тұрмайды. Заман ағысына сай тез ойланып, нәтижелі шешім қабылдап, шұғыл да ширақ жұмыс істеуіміз керек.

Өздеріңізге мәлім, осыдан 21 жыл бұрын Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Nur Otan» партиясы осы уақыт аралығында Қазақ елінде билеуші партия дәрежесіне көтерілді. Өзім мүше болып табылатын бұл партия бүгінде ел президенттігіне үміткер ұсынып, Парламент Мәжілісінде басым дауысқа ие болып, Үкімет құрамын жасақтап отыр. Әрине, мұның барлығы халықтың сенімінің арқасында деп ойлаймын. Естеріңізде болса, былтыр тамыз айында «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы заман талабына сай  «Nur Otan» елдің жетекші саяси күші ретінде қоғамды жаңашылдыққа жетелеуі тиіс екендігін айтқан болатын. Партияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаратынын атап өткен Нұрсұлтан Назарбаев биліктің барлық деңгейінде жауапкершілікті арттыруды тапсырып, «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды.

Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам. Бұл атаулар жаһан үшін жат ұғымдар емес. Біздің қоғамдағы құндылықтар қазір осы үш ауыз сөздің төңірегінде топтасып тұр. Халықтың сенімінен шығу «Nur Otan» партиясының өткен 21 жылдық күн тәртібінен түскен емес. Бұл жайында партия Төрағасы ұдайы айтып келеді. Әсіресе, қазіргі күрделі жағдайда бұл айрықша маңызға ие. Сол себепті де «Nur Otan» партиясы адам, оның жайлы және бақуатты өмір сүруі мен денсаулығы мәселесін әрқашан басты құндылығы етіп келеді.

Өз басым «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасының нақты жүзеге асуының бір дәлелі ретінде қазіргі таңда өзіміз қатысып отырған партия ішіндегі сайлау – Праймеризді атап өтер едім. Партия басшылығының Праймериз арқылы нақты саяси бәсекелестік негізінде ашық ойлы, әлеуметтік мәселелерді шешуге деген құлшынысы мен қабілеті бар мықты лидерлерді анықтауға байланысты тың бастамасы «Nur Otan» партиясының мүшесі саналатын жасты да, жасамысты да қанаттандырды деп есептеймін. Себебі Праймериз барлық деңгейдегі мәслихаттарда және Мәжілісте тиімді депутаттық корпус құруға, партия желісі бойынша белсенділерді ілгерілетуге, оларды мемлекеттік органдарға қызметке ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Белсенді және бастамашыл азаматтар үшін партиялық желі бойынша «әлеуметтік саты» жасап отырғандықтан, мен де Шымкент қаласының мәслихатына депутат болу үшін Абай ауданынан бабым мен бағымды сынап көрмекке бел будым. Және партиялық тізімге енетін кандидаттарды партияішілік іріктеуде халықтың мүддесін өз мүддесінен биік қоятын, халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегіне құлақ түріп, соны жылдам әрі нәтижелі шешудің жолдарын қарастыруға қабілетті азаматтардың оқ бойы озып шығарына кәміл сенемін.

Сонда ғана біз еліміз бен оның әрбір азаматының тағдыры мен болашағына жауаптымыз екенімізге, сонда ғана халықтық партия, нақты істер партиясы екенімізге қалың бұқараның сенімі бұрынғыдан бетер күшей түседі.

Иә, «Nur Otan» партиясының Шымкент қаласы бойынша САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ бекітілген. Ол барлығымыз үшін ТЕМІРҚАЗЫҚ секілді. Ол депутат болудан үміткер азаматтардың бағытын айқындап, бағдарын туралап, мақсатын нақтылай түседі. Мен бұл сайлауалды бағдарламаны тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барлық салалар қамтылып, күрмеуі қиын мәселелердің шешілу жолдары қарастырылған таптырмас құжат дер едім.  

Алдағы 5 жылда жүзеге асыру жоспарланған бағдарламада қала тұрғындары үшін өзекті саналатын 10 басым бағыт анықталып отыр.

  1. Тұрғын үймен қамтамасыз ету;
  2. Әлеуметтік саланы дамыту;
  3. Экономикалық әлеуетті жақсарту;
  4. Шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау;
  5. Шалғайдағы елді мекендерді көркейту;
  6. Экологиялық ахуалды жақсарту;
  7. Жол және көлік инфрақұрылымы;
  8. Қоғамдық қауіпсіздік;
  9. Жастарды қолдау;
  10. Қаланы цифрландыру.

Біз осы 10 бағыт бойынша Сіздердің көмектеріңіз бен бақылауларыңызға сүйене отырып Шымкент тұрғындарының өмірі мен әл-ауқатын жақсарту үшін жоғары нәтижелерге қол жеткіземіз.

Құрметті жерлестер!

Менің мақсатым айқын, жауапкершілігім зор.

Бұл сайлауға Шымкент қаласына, өзім тұрып жатқан Абай ауданына адал қызмет ету үшін қатысуды мақсат еттім. Қазір төрткүл дүние үлкен өзгерістерді бастан кешіріп жатыр. Демек, бізге де өзгеретін уақыт жетті. 2020 жыл әлем үшін, Қазақстан үшін, әрқайсымыз үшін үлкен сынақтардың жылы болды. Коронавирустық пандемия біздің өмірімізді, басымдықтарды өзгертіп, көптеген мәселелерге басқаша қарауға мәжбүр етті. Біз басты құндылық – адамның өмірі мен денсаулығы екенін түсіндік. Бізді әрбір тұрғынның өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған ортақ мақсат біріктіретіні сөзсіз.

Біз Сіздердің үміт-тілектеріңізді бағалаймыз және бірге жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдіміз!

Өздеріңіз білетіндей, әлемді жайлаған коронавирустық пандемия біздің елдің экономикалық жағдайына кері әсерін тигізді, сондықтан 2020 жылы Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар әзірледі. Бұл бағытта «Nur Otan» партиясының Шымкент қаласы бойынша алдағы 5 жылда жүзеге асыру жоспарланған сайлауалды бағдарламасындағы қала тұрғындары үшін өзекті саналатын 10 басым бағытқа сүйене отырып өз САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАМДАҒЫ бірқатар атқарылатын істерді былайша белгіледім.

І. Жолдау – ел дамуының бағдары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қамтылған мәселелердің шешім табуы мен берілген тапсырмалардың орындалуына өз құзіретім шегінде ықпал етіп, қолдау жасау;

ІІ. Халыққа әлеуметтік қолдау көрсету

Қалың бұқараның өмір сүру деңгейін көтеру мақсатында қолайлы ахуал туғызып, нақты амалдар мен жұмыс түрлерін қолдана отырып, әлеуметтің әлсіз топтарына қамқорлық таныту басты назарымда тұрады. «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тұрақты көмек пен қолдау көрсетуді, кедергісіз орта қалыптастыруды жүзеге асырамын.

Азық-түлік бағасы мен тұрмыстық-коммуналдық қызметтерге тарифтердің тұрақтандырылуына ықпал етемін.

ІІ. Кәсіпкерлік – бәсекеге қабілетті экономиканың локомотиві

Бизнес өкілдерімен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, Шымкент қаласындағы және Абай ауданындағы кәсіпкерлік саласында кездесетін проблемалық мәселелерді шешу мақсатында өз бағдарламамда бизнесті қолдау, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту мәселелерін шешуді негіздеймін. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын міндеттің бірі – әлемде қалыптасқан жаңа ахуалға қарамастан елге инвестиция тарту, отандық тауарлар мен қызметтерді экспортқа шығаруға атсалысамын. Бұл ретте кәсіпкерлік саласында жинаған тәжірибемді пайдаланамын.

«Кәсібін білгеннің тасы өрге домалайды» деген сөз бар. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға  ерекше көңіл бөлініп отыр. Алайда жастардың бұл мәселеге назары толыққанды аумай отырғаны жасырын емес. Оған түрлі себептерді келтіруге болады, бірінің қаржысы жоқ, бизнес идея, жоспары жоқ дегендей. Мемлекет беретін түрлі гранттарды алу үшін бизнес жоспар қажет. Мен кәсіпкер ретінде 30-дан аса бизнес идеям бар. Осы идеяларды белсенді, есепке икемді жастарды басын қосып, 10-15 күн оқыту арқылы мемлекеттік гранттарға жол ашуды көздеп отырмын. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге өз септігін тигізері сөзсіз. Одан бөлек,  ел қорына салық түсіру саясатына да үлес қосқан болар едік.

ІІІ. Шымкент азық-түлік белдеуіне айналуы тиіс

Шымкент қаласы азық-түлікпен қамтамасыз етуге қабілетті аймаққа айналуға және нарыққа экологиялық таза өнім шығаратын көшбасшының біріне айналуға тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау, қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын жетілдіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісін сақтандыру тетіктерін жетілдіру саланың дамуына жаңа серпін беруі үшін жұмыс атқарамын. Бұл бағытта мал шаруашылығын жүргізіп, азық-түлік супермаркетінің шаруасын дөңгелетіп отырған азамат ретінде тәжірибем жеткілікті.

Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп – шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі. Мемлекет басшысы өңірлердің өзіндік ерекшелігіне қарай аумақтық даму жолында әр аймақтың бәсекелі артықшылығын ескеруді тапсырды. Бұл бағытта біздің Шымкент қаласының барлық мүмкіндіктері бар деп есептеймін.

Бұл өз кезегінде жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне оң әсерін тигізеді.

ІV. Шеткері шағынаудандар мен тұрғын алаптарды дамыту

300 мыңнан астам тұрғыны бар Абай ауданында шеткері орналасқан елді мекендер жеткілікті. Соларды сапалы ауызсумен, табиғи газбен, электр энергиясымен қамтамасыз етуге, жолдардың асфальттануы мен аяқжолдардың салынуына ықпал етемін.

Жаңа мектептер мен медициналық нысандардың бой көтеруіне, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш саламын.

Ұрпақ саулығы дене шынықтырудан басталады. Партия алдағы бесжылдықта тұрғындарды бұқаралық спортқа жаппай тартуды мақсат тұтып отыр. Қала тұрғындарының 28,6 пайызы жүйелі бұқаралық спортқа тартылған. Халықтың ұдайы көбеюіне байланысты спорт нысандары жетіспейді. Аулаларда, тұрғын алаптарда бүлдіршіндерді спортқа баулуға жағдай жасауымыз қажет. Сол себепті бұқаралық спортты дамытуға арналған спорт алаңдарының, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде спорт кешендерінің салынуына ықпал етемін. Қазақ күресімен шұғылданып, спортта жетістікке жеткен азамат ретінде бұл саланың проблемалары мен оны шешу жолдары маған мәлім.

Саябақтар мен демалыс орындарында серуен құруы үшін шеткері елді мекендердің қаланың орталығындағы саябақтар мен арбаттарға ағылмауы тиіс. Әр тұрғын алаптың көгалдандырылған, жарықтандырылған аллеясы болуы қажет. Бұл мәселені кезең-кезеңімен инвестор есебінен шешуге құзыретім жетеді.

Шеткері елді мекендерде қоғамдық көліктердің санын көбейту қажеттігі байқалады. Мұны да өз бақылауыма аламын.

V. Экологиялық ахуалды жақсарту

Шымкент қаласының Абай ауданы аумағында қоқыс полигоны орналасқан. Егер қатты тұрмыстық қалдықты өңдеу зауытының жұмысын жандандырып, қоқысты қайта өңдеу және жоюды жолға қоймасақ, бізге тағы да жаңа қоқыс полигонын ашуға тура келеді. Ол өз кезегінде берісі сол төңіректегі елді мекендердің, әрісі тұтас шаһардың қоршаған ортасына, ауасының ластануына зиянды әсерін тигізіп отыр. Мұны да инвестор есебінен шешуге болады деп есептеймін.

Бұдан бөлек Абай ауданына қарасты Құрсай елді мекеніне қарсы беттегі Қорғасын зауытынан шыққан көмір қалдығы тау болып жатыр. Желді күндері қалдық ұшып, айналасында тұратын тұрғындардың,  яғни,  Құрсай, Қазығұрт ауылдары мен Бадам өзенінің арғы бетіндегі Хамза шағынаудандарының тұрғындары күлмен демалуына әкеліп соғуда. Ал қазіргі пандемия індетін айтпағанда, тұрғындар таза ауамен дем алуы экологиялық тұрғыдан да өте қажет. Ұрпақ амандығы дені сау ұрпақ әкелуден басталатынын қадір тұтқан халықпыз. Бұл өңірді көмір қалдығынан тазалау мақсатында қалдықты өңдеу зауытын ашып немесе қалдықты қала сыртына көшіруді ұсынған болар едім.

Экология демекші, қала басшылығының ниеті мегаполисті жасыл желекке айналдыру екені белгілі. Осы тұста мен өз тарапымнан қала басшылығына ұсыныс дайындап отырмын. Қаланың батыс бетіне орналасқан мал базардан бастап, жоғарыда айтылған көмір қалдықтарының тұсына дейін Бадам өзені мен Ташкент-Самара тас жолының ортасы – бос жатқан ойлы-қырлы жер. Осы жерді тегістеп, әдемі дизайнмен демалыс паркін жасауға болады. Тал отырғызу,  жарықтандыру арқылы экологиялық саябаққа қол жеткізуге мүмкіндік бар. Әрі Бадам өзенінен су тарту арқылы саябақты суғаруға болатынын назарға алуға болады.

VІ. Баспана – басты қажеттілік

Халықты лайықты баспанамен қамтамасыз етуде мемлекеттің іс-қимыл стратегиясының негізгі бағыттары белгілі. Бұл – жалпы саланың технико-технологиялық деңгейін арттыру бойынша іс-әрекеттері. Бағалардың артуына жол бермей, олардың төмендетілуін ынталандыратын бәсекелік ортаны қалыптастыру үшін біздің қалада баспана құрылысының көлемі ұлғайғанымен, әлі де күн тәртібінен алынған емес. Осы орайда баспана мәселесін шешу үшін қажетті ресурстар көлемін қалыптастырудың нақты баламаларын ұсынатын жүйені дамытуға жұмыс істеймін.

VІІ. Жаңартылған білімге – жаңа көзқарас

Елімізде білім беру саласын сапалық жағынан жақсарту, оны басқару мен қаржыландыру, құқықтық-заңнамалық базасын орнату бойынша қыруар жұмыс атқарылды. Бұл жұмыстар менің бағдарламамнан да орын алып отыр. ҚР Заңдары, даму тұжырымдамаларында, Жолдаулар мен стратегиялық құжаттарда жоғары білім беру саласының адами капиталды дамытудағы айрықша орны көрсетілген. Әсіресе, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның шынайы жүзеге асуын, қағазбастылықты азайтуды, оқу ақысын реттеуге, жаңа формацияның басшыларын даярлауды, ғылым мен білім қаражатын ұлғайтуды жиі көтеретін боламын. Бүгінгі әлеуметтік-экономикалық өзгерістері кезінде, білім мен ғылымды реформалау –  міндетті шаруа. Білім беру жүйесі әлем бойынша жаһандану үрдісін кешуде. Сондықтан білім беру жүйесінің модернизациясында дұрыс бағыт таңдау мәселесі тұр. Бұл реформаның оңтайлы іске асуына көп жағдайда сыбайлас жемқорлық пен парақорлық, қағазбастылық кедергі келтіріп отырады. Айтылатын ойлар орынды болғанымен, орындалуы ойдағыдай болмай жататыны анық.

Мектеп саласына қатысты тағы бір өзекті мәселе. Балалардың қауіпсіздігіне байланысты. Оқушылардың мектепке барар жолдарын зерттеу қажет. Мектепке барар жол қанша үлкен көшелерді кесіп өтеді, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бағдаршамдар мен жол бойларын жарықтандыруды осы бастан іске асыру қажет деп санаймын.

VІІІ. Ұлт саулығы денсаулыққа немқұрайлы қарамаудан, медицинаға жағдай жасаудан басталады

Денсаулығы мықты азамат – мемлекет байлығы. Кез келген елдің болашағы оның халқының денсаулығына байланысты екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Мемлекетттің бірінші кезектегі атқаратын шараларының бірі халық денсаулығын нығайту болса, бұл – менің де басты ұстанымым. Дәрігерлердің жалақысы мен мәртебесін арттыру, медицина қызметкерлерінің құзыретін арттыру және тар шеңберлі мамандардың тапшылығы мәселесін шешу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсетудің тиімді моделін құру әрқашан назарымда болады. Медицина саласына бiлiктi кадрлардың жетіспеуі, әсіресе, шеткері елді мекендерде емхана, ауруханалардың әлі де қажетті құрал-жабдық, жаңа техника, медициналық аппараттармен жабдықталмауы, ондағы кәсіби мамандардың жетіспеуі, медицина кызметкерлерінің жалақысын көтеру, әлеуметтік қамтылу, мемлекеттік медициналық басқару ұйымдарындағы жемқорлықты болдырмау, ғылыми ізденістерді қолдау ұдайы көңіл бөліп, қолдап отыратын мәселелер деп есептеймін.

Пандемияға байланысты күрделі эпидемиологиялық ахуал кезеңінде медицина саласына түскен ауырпалық 2 есе дейін артты. Стационарлар мен провизорлық орталықтардағы төсек орындардың 96 пайызы науқастармен толды. Бұл қаладағы онсыз да жетіспейтін материалдық- техникалық база мен нысандарға қосымша жүктеме болды. Бұл өз кезегінде медицина саласына ерекше көңіл бөлу қажет екенін көрсетті.

Құрметті халайық! Қадірлі партиялас достарым!

2020 жылдың 28 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі Бюросының отырысында Елбасы праймеризге қатысушылар жергілікті жерлерде өткір мәселелерді ашық көтеруі және кемшіліктерді анықтап, нақты шешімдер ұсынуы керек екенін атап өтті. Сондықтан қал-қадерімше Абай ауданындағы көкейкесті проблемаларға үңіліп, зерттеп, оны шешу жолдарын ұсынуды партия мүшесі әрі праймеризге қатысушы кандидат ретінде өзімнің азаматтық парызым деп білемін. Ал азаматтық парызымның үдесінен жалғыз өзім шығамын деп айта алмаймын. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дейді дана ата-бабаларымыз. Бұл ретте Абай ауданы тұрғындарының, партиядағы серіктерімнің қолдауына мұқтажбын. Оның үстіне Елбасы айтпаушы ма еді, «ішкі бірлік арқылы мықты партия құру оңай, ал мықты партия арқылы ортақ жетістіктерге жету әлдеқайда оңай» деп. Елдің дамуындағы, Шымкент мегаполисінің гүлденуіндегі ортақ жетістіктеріміз мол болсын!

Қадірлі жерлестер!

Енді «Nur Otan» партиясы ішіндегі сайлауға Абай ауданынан түсіп отырғандықтан, аудан халқының алаңдаушылығын туғызып отырған мәселелерге ойыссам. Мен өзім – Абай ауданының тұрғынымын. Шымкент қаласы 4 ауданнан құралған болса, біздің аудан жер көлемі жөнінен де, халқының саны жөнінен де ірі аудан болып есептеледі. Сондықтан шағынаудандар мен елді мекендерде күрмеуі тоқсан, түйіні көп проблемалар жеткілікті екеніне зерттеу барысында көз жеткіздім.

 Мәселен, Жаңаталап аумағына кіретін тұрғын алаптарды білетін шығарсыздар.

Жаңаталап тұрғын алабы.

Алтынтөбе тұрғын алабы.

Көкбұлақ тұрғын алабы.

Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабы.

Игілік тұрғын алабы.

Қызылжар тұрғын алабы.

Жаңаталап тұрғын алабында ауыз су проблемасы бар. Жаңадан құрылысы жүріп жатқан көшелеріне мемлекет тарапынан жеткізілетін электр қуатына мұқтаж. Ал Тасты көшесіндегі көпқабатты 5 тұрғын үйдің кәріз жүйелері қайта қалпына келтіруді қажет етіп тұр.

Бір қуаныштысы, Жаңаталап аумағын ауыз сумен қамту үшін, нақтырағы, Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл, Қызылжар, Көкбұлақ елді мекендеріне магистралды су және ішкі орамдық ауыз су жүйелерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаты әзірленіпті. Құжат сараптамадан өтіп қойған екен. Су құбырын жүргізу құны 448,582 млн. теңге деп бағаланған. Енді тиісті қаржыны бөлдіру қала әкімінің назарынан тыс қалмайды деп сенеміз.

Жаңаталап ауданының жаңадан тұрғын үйлер салынып жатқан көшелеріне электр желісін апаруға мемлекет тарапынан 9,4 млн. теңге бөлініп, жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр екен.

Жалпы, қала сыртына орналасқан елді мекендерде әлі де болса сапалы электр энергиямен қамтамасыз ету қарқыны төмен деп айта аламыз. Әрбір үйге 120 вольт электр энергиясы кіру керек болса, бүгінде 90-100 вольт кіруде, бұл өз кезегінде тұрғындардың тұрмыстық техникалары күюіне әкеп соғатыны жасырын емес. Мәселені шешуді Абай ауданы әкімдігі мен Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы қолға алуы қажет деп санаймын.

Ал Жаңаталап тұрғын алабының Тасты көшесіндегі 1962 жылдары салынған №1, 2, 3, 4, 5 тұрғын үйлердің істен шыққан кәзір жүйелерін қайта қалпына келтіру үшін Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсыныс хат жазу қажет деп ойлаймын.

Бұдан бөлек Жаңаталап тұрғын алабында Заңсыз жер телімдерін заңдастыру мәселесі де көкейкесті. Абай ауданы әкімдігі Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасының мамандарымен бірлесіп, бірқатар жұмыстар атқарылып, қала әкімінің қаулысын шығаруға құжаттар дайындалып жатыр екен. Менің ойымша, мегаполисте заңсыз жер телімдері болмауы керек, бұл бағыттағы жүйелі жұмыс жалғасын тапса, алдағы уақытта бұл мәселені түбегейлі шешуге болады деп ойлаймын.

Сайлауалды бағдарламада біздің партия белгілеген басымдықтың бірі – Экономикалық әлеуетті жақсарту. Бұл тұрғыда Бадам өзенінен егістік суаратын арыққа су шығарудың маңызды екені аңғарылады. Бүгінде Бадам өзеніндегі су деңгейінің төмен түсіп кетуіне байланысты ауылға келетін арыққа су шығару үлкен проблема болып отырғандығын байқадым. Ауласына ағын су кіріп тұрса, тұрғындар көкөнісі мен жеміс-жидегін емін-еркін егіп, пісіп-жетілген мезгілде сатып, отбасылық бюджетін жақсартуға мүмкіндік алар еді. Егер бұған ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы көмектесу мүмкін болмаса, бәлкім, осыны Абай ауданы әкімдігі ауыл тұрғындарын ұйымдастырып, қажетті техниканы тауып, ұйымдастыруға болады деп пайымдаймын.

Қызылжар тұрғын алабы бойынша өзекті мәселелерге тоқталсам.

Қызылжар тұрғын алабында кәріз сулары ашық далаға ағып жатыр, соны бір жерге жинайтын орын табу қажет. Білуімше, Қызылжар тұрғын алабындағы “Шымкент құс” фабрикасының теңгерімінде болып, бүгінгі күнде қараусыз қалған 2,5 шақырымдық кәріз жүйесіне көпқабатты 16 тұрғын үй, 4 бала-бақша, 1 медпункт, 1 мектеп, 605 жеке тұрғын үй қосылған екен. Аталған мәселеге байланысты Шымкент облыс орталығы болып тұрған кезде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруалық бөлімі тарапынан жобалық сметалық құжаттарын дайындауға 2015 жылы 11 млн. теңге қаржы бөлініп, конкурс қорытындысы бойынша “АДТ Сервис” ЖШС жұмыс жобасын дайындаған. Өкінішке қарай, мәселе әлі күнге өзекті. Жобаға байланысты тазалау қондырғыларын орнату үшін, “Шымкент құс” ЖШС-ның санитарлық қорғау аймағының жанынан 1 гектар жер телімі белгіленіп, мемлекеттік акт алынған екен. Осы жобаның дайындалу мерзімі бірнеше жылға созылып барады. Бұдан қала басшылығы да хабардар болса керек. Қалайда шешу жолдарын қарастыру қажет деп есептеймін. Менің ойымша, бұл мәселе Экологиялық ахуалды жақсарту деп аталатын басымдық аясында қарастырылу керек.

Атап өтерлігі, бұл мәселе асфальт төсеу жұмыстарына да кедергі келтіріп отырған көрінеді. Мамандардың айтуынша, ауыз су жүйелері жүргізілген соң асфальт төсеуге ұсыныс тастауға болады екен.

Игілік тұрғын алабының өзекті мәселелері

Игілік тұрғын алабында да заңсыз жер телімдерін заңдастыру проблемасы бар. Қазір Абай ауданы әкімдігі Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасының мамандарымен бірлесіп бірқатар жұмыстар атқарып жатыр екен.

Игілікті тұрғын алабының халқынан медпунктке мұқтаж екенін білдік. Бұл жерде тұрғындарды қуантып қоюға болатын шығар. Себебі біздің сайлауалды бағдарламамызда 2023 жылға дейін қаланың шет аймақтарында 12 дәрігерлік амбулаторий салынатыны тайға таңба басқандай көрсетіліп отыр. Оның ішінде Абай ауданынан Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері қамтылған.

Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабының өзекті мәселелері

Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабы табиғи газға мұқтаж. Бүгінде табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында, сағатына 200 000 метр кубты құрайтын автоматтандырылған газ тарату станциясынының (АГРС-3) құрылыс жұмыстары бойынша жобалаушы мекеме “Катэк” ЖШС тарапынан жобалау-сметалық құжат әзірленіп жатқаны көңілге қуаныш ұялатты. Ендігі жерде Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабын газдандыру жүйелерінің құрылыс жұмыстары бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеуге 2021 жылдың бюджетінен қаржы бөлуге ұсыныс берілсе құп болар еді.

Мұнда электр жарығына қатысты да түйткіл бар екен. Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында 4 жеке меншікте трансформатор тұр. Жобалау-сметалық құжат жасауға мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, жобалық жұмыстар атқарылып жатыр екен. Енді құрылыс жұмыстарына қаржы бөлдіруді бақылау қажет деп ойлаймын.

Көкбұлақ тұрғын алабының өзекті мәселелері

Мұнда Жомарт ата көшесіне тас төсеу қажеттігін байқадық. Абай ауданы әкімдігі Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруалық басқармасына ұсыныс берсе, шешімін табарына сенімдімін.

Көкбұлақ тұрғын албында клуб мәселесі де өзекті болып тұр. Ғимараттың жалпы алаңы 212,1 шаршы метрді құрайды. Электр жарығы жоқтығына байланысты ешқандай іс-шаралар өтпейді деп шағымданды жергілікті тұрғындар. Абай ауданы әкімдігі Қалалық Мәдениет басқармасына ұсыныс берусе, шешімін табады деп есептеймін.

Сонымен қатар мұнда Интернет жүйесіне қосылу да проблема. Бұл өз кезегінде карантин жағдайында Көкбұлақтық оқушылардың білім сапасына теріс әсерін тигізері сөзсіз. Аудан әкімдігі мұны қалалық Цифрландыру басқармасымен бірігіп шеше алады деп есептеймін. Және бұл тұста шұғыл әрекет ету қажет. Бәлкім, “Қазақтелеком” АҚ кабель тартуға қиналса, ұялы байланыс операторларымен мәміле жасап көрген жөн шығар.           

Алтынтөбе тұрғын алабының өзекті мәселелері

Елді мекен шегіндегі қосалқы шаруашылықтар мен тәлімбақ жерлер үшін ағын су мәселесі өзекті екенін көрдік. Шымкент аумағында егіс алқаптары тым ауқымды емес, сондықтан Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және витеринария басқармасы бұл проблеманы түбегейлі шешуіне мүмкіндігі бар. Зерттеп көрдім, басқармаға қарасты “Альтур су” ЖСШ-мен келісімшарт жасау арқылы біраз шаруа тындыруға болатын сияқты.

Бұдан өзге Алтынтөбеде 2775 гектар жайылым, табиғи газ, модульді медпункт қою мәселелері де өз шешімін күтіп тұр. Әйтеуір табиғи газ жүргізу үшін жобалық сметалық құжат сараптамадан шыққанына қуанып отырмын, енді қаржы мәселесін қарастыру қажет. Ал Модульді медпункт қою бойынша Абай ауданы әкімдігі Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс берсе, түйткілдің түйіні тарқатыларына бек сенімдімін.

Ақжар тұрғын алабына кіретін елді мекендер туралы да назарларыңызды аудара кетсем. Мұнда 4 тұрғын алап бар.

Арғымақ тұрғын алабы.

Ақтас шағынауданы.

Ақжар тұрғын алабы.

Ақтас-2 тұрғын алабы.

Қысқаша айтып өтейін. Ақтас шағынауданы газбен, ауыз сумен толық қамтылмаған. Мұнда 430 үй бар.

Ақтас-2 тұрғын алабы да ауыз сумен және электр жарығымен толық қамтылмаған.

Айкөл тұрғын алабы да солай. Ауыз сумен және табиғи газбен толық қамтылмаған. Әйтпесе мұнда 66 жер телімі, 48 үй бар.

Өкінішке қарай, Арғымақ тұрғын алабы да ауыз сумен, электр жарығымен, табиғи газбен толық қамтылмаған.

Ынтымақ шағынауданына кіретін елді мекендер туралы бірер сөз. 7 елді мекен бар.

Жаңа тұрлан шағынауданы

Ынтымақ – 2 шағынауданы

Тұрлан шағынауданы

Ынтымақ шағынауданы

Жиделі шағынауданы

Қызылжар шағынауданы

Солтүстік саяжай шағынауданы

Осылардың ішінде Солтүстік саяжай шағынауданының өзекті мәселелерін атап өтпеуге болмайды.

Солтүстік саяжай шағынауданында ауыз су проблемасы бар. Зерттеп білгенім, Солтүстік саяжай шағынауданын сапалы ауыз су көздері болып табылатын “Достық» шағынауданынан Сыпырған ата көшесі арқылы Темірлан тас жолына дейін магистралды су өткізгіштің құрылысы” нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмыстарына бюджеттен қаржы қаралыпты. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесіне сәйкес, мердігер мекеме “Балта сапар” ЖШС-і анықталып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр екен. Сонымен қатар, шағын ауданының ішкі жүйелік ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында, жобалау-сметалық құжаттамасын “Коструктор-80” мердігер мекемесі әзірлеп жатыр екен. Енді сол Жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге бюджеттен қаржы уақтылы бөлінсе деген өтініш бар.

Солтүстік саяжай шағынауданында электр жарығымен қамтамасыз етуде де түйткіл барын анықтадым. Елдімекенді электр жарығымен қамтамасыз ету үшін жобалау сметалық құжаттамасын “Конструктор-80” мердігер мекемесі әзірлеп жатыр екен. Жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге қаржы дер кезінде бөлінсе болғаны.

Солтүстік саяжай шағынауданынының тұрғындары табиғи газға да мұқтаж. Газбен қамтамасыз ету мәселесі бойынша, газ қысымының жетіспеуіне байланысты қала аумағында АГРС-3 құрылысын жүргізу жоспарланып отырған ұқсайды. Аталған құрылыс нысаны аяқталған соң, газ жүйесін тарту үшін жобалық-сметалық құжаттар дер кезінде дайындалса деген тілек бар.

Қызығұрт аумағындағы елді мекендер туралы айтсақ. Мұнда да ауыз сумен, электр жарығымен қамтылмаған үйлер баршылық. Асфальт төсеуді қажет ететін көшелер де кездеседі.

Жалпы, бұл орайда біздің партияның Шымкент қаласы бойынша Сайлауалды бағдарламасындағы «Шалғайдағы елді мекендерді көркейту» деп аталатын 5-інші басымдығы Абай ауданының көркеюіне зор септігін тигізетініне сенімім кәміл.

Құрметті партиялас әріптестерім!

Бұл ретте сайлауалды бағдарламамдағы негізгі мәселелердің біразының атын атап, түсін түстедім. Әлбетте, тәуелсіздік алғалы, біздің жеткен табыстарымыз аз емес, бірақ алар асуларымыз бен қамалдарымыз, бағындырар шыңдарымыз одан да көп. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлік саласында атқарып келген қызметімді ендігі жерде Шымкент қаласы мәслихатының депутаты ретінде Сіздердің қолдауларыңыз арқылы одан әрі ел мүддесі жолында жалғастырғым келеді. Сіздермен тізе қоса жұмыс атқарып, бір-бірімізді сеніммен қолдағанда ғана біздің жалпы жоспарларымыз бен идеяларымыз толық жүзеге асады.

Шымкент, 2020 жыл.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *