Дәл қазір қазақстандықтардың көкейінде атом электр станциясын (АЭС) салуға қатысты сұрақ көп. Оны кім салады? Қалай салады? Қанша уақытта салады? Оның пайдасы қайсы? Зиян шекпейміз бе?.. Ал 6 қазанда Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өтетін болып белгіленді. Міне, осы күні атом энергетикасын жақтаушылар мен қарсыластардың итжығыс пікірталастарына нүкте қойылады. Оған дейін осы елдің көзі қарақты азаматы ретінде «Қазақстанға АЭС салу қаншалықты қажет?» деген мәселе төңірегінде біз де өз сараптауымызды жұртшылықтың назарына ұсынсақ.
Расын айту керек, бүгінде Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы, әсіресе, елдің оңтүстігінде қатты сезіле бастады. Алдағы бірнеше жылда жағдай тіптен нашарлауы мүмкін. Энергияны тұтыну көлемі өскен сайын, соған сай энергияны қарқынды өндіруге күш салатын қуат көздерінің тозуы жоғары болған сайын тапшылық күшейіп, аймақтар мен ірі қалаларда «светтің» жиі-жиі өшуі үйреншікті көрініске айналуы ғажап емес. Республика бойынша бүкіл электр энергиясының шамамен 70%-ын өндіріп отырған көмір электр станцияларының да 70 пайызы «шықпа, жаным, шықпаның» күйін кешіп отыр, ал оларды ауыстыру қомақты инвестиция мен ұзақ уақытты қажет етеді. Сондықтан атом электр станциясы сияқты жаңа қуат көзінің құрылысы энергиямен жабдықтау дағдарысының алдын алу үшін өзекті бола түсуде.
Әлемде қандай ядролық реакторлар бар? Қазақстанда қандай типтегі реактор салу жоспарлануда? Әлемде әр түрлі буын реакторлары бар: I, II, III, III+ және IV. Ал Қазақстан, қателеспесек, референттік, яғни әбден тексерілген және пайдалану тәжірибесінде сынақтан өткен III немесе III + буындағы реакторларды салуды жоспарлап отыр.
Қазақстанда АЭС құрылысын кім жүргізуі мүмкін? Қазіргі уақытта ядролық технологияларды әлеуетті жеткізушілер ретінде «CNNC» (Қытай, HPR1000 реакторы), «Росатом» МК (Ресей, ВВЭР—1200 реакторы), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR1400 реакторы) және «EDF» (Франция, EPR1200 реакторы) компаниялары қарастырылуда. Бұл реакторларда екі тізбекті қысымды су жүйесі бар және апаттардың ықтималдығын азайта отырып, жоғары сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. АЭС салатын компанияны қауіпсіздік, экономикалық көрсеткіштер, АЭС салу мен оны жүргізуде оң тәжірибесінің болуы және елдің ұлттық мүдделеріне қатысты басқа да маңызды мәселелері сияқты критерийлерге сүйене отырып таңдаймыз.
Жобаға халықаралық ұйымдар, атап айтқанда, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) тартылады. Олар қосымша бақылауды жүзеге асырады.
Құдай бетін әрі қылсын, бірақ «жаман айтпай, жақсы жоқ», апат болған жағдайда атом станциясы қалай қорғалады? Адам факторы араласпай ма? Білуімізше, III және III + буындардағы қазіргі заманғы атом электр станциялары белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Пассивті қауіпсіздік жүйелері адамның араласуын қажет етпейді және реактордың өзегін балқыту сияқты апаттардың алдын алады. Бұл адам факторына тәуелділікті азайтады және станцияның жалпы қауіпсіздігін арттырады. Сонымен қатар, қазіргі заманғы атом электр станциялары реактордың негізгі параметрлерін нақты уақыт режимінде бақылайтын және ауытқуларға автоматты түрде жауап беретін күрделі бақылау һәм диагностикалық жүйелермен жабдықталған.
«Радиоактивті қалдықтар қайда, қалай сақталады? Оларды сақтау талаптарын бұзу экологиялық апатқа әкелмей ме?» деген сауалдар да бәрімізді мазалайды. Жауап іздеп көрдік. АЭС-ті пайдалану барысында қуаты 1200 мегаватт энергия блогына жылына шамамен 50 текше метр радиоактивті қалдықтар түзіледі екен. Әдетте атом электр станциялары 60 жылдан астам уақыт бойы қызмет көрсететінін ескерсек, екі блокты станцияда бас-аяғы 7200 тоннаға жуық қалдық өндіріледі. Ал радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеудің қолданыстағы технологиялары оларды сақтау және кейіннен көму кезінде олардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Радиоактивті қалдықтар халықаралық стандарттарды сақтай отырып және МАГАТЭ бақылауымен арнайы жабдықталған қоймаларда сақталатын болады. Қалдықтарды сақтаудың заманауи технологиялары радиациялық ластану қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Атом электр станциясын салу үшін қанша жыл қажет? Әлемдік тәжірибеге көз тігіп, салыстырмалы түрде алсақ, АЭС құрылысы шамамен 10 жылға созылады. Бұл кезең әрі тиісті құжаттарды дайындауды, рұқсаттар мен лицензияларды алуды, жобалауды, құрылысты және іске қосу—жөндеу жұмыстарын қоса қамтиды. Процестің ұзақтығы технологияның күрделілігіне, қауіпсіздікке қойылатын талаптарға және барлық халықаралық нормалар мен стандарттарды сақтау қажеттілігіне байланысты.
Әрине, бұл ретте «Атом электр станциясы салынып біткен соң да елде станция қамтамасыз ететін энергия қуаты бәрібір жеткіліксіз болса ше?» деген сұрақтың да тууы заңды. Оған алаңдамасаңыз да болады. Себебі, Үкімет тарапынан электр энергиясына деген өсіп келе жатқан сұранысты жабу үшін 2035 жылға дейін 26,5 гигаватт ток өндіру үшін қолданыстағы қуат көздерін жаңғыртып, жаңа өндіруші қуат көздерін салу жоспарланған. Егер 6 қазандағы референдумда халық АЭС салуды қолдаса, елімізде болжамды қуаты 2800 мегаваттқа дейінгі атом электр станциясын салу жоспарлануда, бұл бүгінгі және келешектегі энергия тапшылығын ішінара жабуға мүмкіндік береді. Жобаны сәтті іске асырған және ішкі қажеттіліктерді тұрақтандырған жағдайда, Қазақстан Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты көрші елдерге артық электр энергиясын экспорттай алуы да мүмкін. Бұл ретте егер еліміз көміртегі бейтараптығына және көмірден өндірілетін энергияға тәуелділікті төмендетуді жалғастыра берсе, ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанға бірнеше АЭС салу қажеттігі туындайды.
АЭС-ті салу бар, оның жұмысын әрі қарай жүргізу бар. АЭС тұрақты түрде қызмет етуі үшін білікті кадрлар керек. Ал Қазақстанда атом электр станциясына қызмет көрсете алатын мамандар жеткілікті ме? Кадрларды қайда және қалай дайындайды? Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, АЭС-ті пайдалану кезеңінде жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2000 адамнан тұратын персонал қажет. Бұл ретте ядролық мамандықтар бойынша білімі бар станция қызметкерлері АЭС өнеркәсіптік—өндірістік персоналының шамамен 20%-ын құрайды. Қазіргі уақытта Қазақстанның атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында жалпы 25 мыңнан астам адам («ҚазАтомӨнеркәсіп «ҰАК« АҚ-да 22 мыңға жуық адам) еңбек етуде. Атом саласында кадрлар даярлау «Ядролық физика«, «Теориялық ядролық физика«, «Ядролық физика және атом энергетикасы«, «Ядролық инженерия«, «Атом электр станциялары мен қондырғылары« секілді білім беру бағдарламалары бойынша жүргізіледі. Аталмыш білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар контингенті 2023-2024 жылдар кезеңінде шамамен 250 адамды құрапты. Қазақстандық жоғары оқу орындарында атом саласы бойынша кадрлар даярлау да білім беру және қос дипломды бағдарламалар негізінде жүзеге асырылады. Мысалы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-де Ресейдің «Дубна« университетімен бірлесіп, екі дипломды бакалавриат бағдарламасы жұмыс істейді. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ресейдің «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетімен бірлесіп, «Теориялық ядролық физика« бағыты бойынша магистратураның қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосты. 2022 жылдың қазан айынан бастап «МИФИ-дің» Алматы филиалында студенттер «Ядролық физика және технологиялар« (бакалавриат) бағыты бойынша білім алуда. Білім алушылар «ҚазАтомӨнеркәсіп «ҰАК« АҚ-ға қарасты «Үлбі металлургия зауыты« АҚ, Алматы қаласындағы ҚР Ядролық физика институты, Курчатов қаласындағы ҚР Ұлттық ядролық орталығы сияқты кәсіпорындарда, сондай—ақ металлургия саласындағы кәсіпорындарда, ғылыми—зерттеу зертханаларында тәжірибеден өтеді.
Жұртшылықты мазалайтын тағы бірер мәселе. АЭС пайда болған жағдайда қазақстандықтар үшін электр энергиясы қазіргідей жыл сайын қымбаттай ма? Оның құрылысы тарифтерге қалай әсер етеді? АЭС өндіретін электр энергиясының құны құрылыс, пайдалану және амортизация шығындарын қоса алғанда, бірқатар факторларға байланысты. Ұзақ мерзімді перспективада елімізде АЭС-тің пайда болуы көмірсутектер бағасының ауытқуына және электр энергиясының импортына тәуелділікті төмендету есебінен тарифтерді тұрақтандыруға ықпал етуі мүмкін.
Көпшіліктің көңілінде «Атом электр станциясын салмай-ақ энергия тапшылығымен күресуге болатын өзге де қуат көздері бар емес пе?!» деген сауалдың кептеліп тұрғанын сеземіз. Иә, АЭС салудан басқа біздің Үкімет қолданыстағы көмір станцияларын жаңғыртуды, жаңа газ станцияларын салуды, сондай-ақ жел және күн станциялары іспетті жаңартылатын энергия көздерін дамытуды қарастырып-ақ жатыр. Алайда, декарбонизацияға немесе қоршаған ортаға жіберілетін көмірқышқыл газы қалдықтарын азайтуға қатысты жаһандық үрдісті және Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін ескере отырып, ұзақ мерзімді перспективада көмір мен газға ғана үміт артып отыра беру тиімсіз. Жаңартылатын энергия көздерінде де тұрақсыздығына және ауа райына байланысты шектеулер бар. Ал егер сол күн мен жел энергиясы көздерін атом электр станциясымен қатар кәдеге асырсақ, «елу жылда ел жаңа» демекші, дамудың жаңа жолына түскен мемлекетімізді тұрақты және сенімді энергиямен қамтамасыз ете аламыз! Оның үстіне климаттың өзгеруіне тікелей әсері бар парниктік газдар шығарындылары да айтарлықтай төмендер еді. Сондықтан адамзаттың мекені – Жер ғаламшарының тағдырына ықпал ететін оң шешімді дер кезінде қабылдау — сіз бен біздің қолымызда!
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК,
«ANYQ.KZ» ақпарат агенттігінің
Директор-бас редакторы.