
Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендері ауыз суды бекітілген кестемен тұтынып отыр. Құзырлылар болса, аталған елді мекендердегі мәселені шешіп, биыл Шымкент қаласы бойынша ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 98,5% — дан 100% — ға дейін жеткіземіз дейді. Осы орайда қала әкімі Мұрат Әйтенов ауыз су құбырлары тартылып жатқан нысандар құрылысын аралау барысында Сайрам тұрғын алабына тоқталды. Мұнда жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Мұрат Дүйсенбекұлы атқарылған жұмыстарға шолу жасап, әрі қарайғы құрылыс кезеңдерін де сапалы орындауды тапсырды.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласы бойынша 81 елді мекеннің 78-і (1084,9 мың тұрғын) сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендері ауыз суды бекітілген кестемен тұтынып отыр. Сондықтан Шымкент қаласын сапалы ауыз сумен толыққанды қамту мақсатында қазір 6 нысанда су құбырын тарту жұмыстары іске асып жатыр. Олар Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумағындағы құбырлар.
Соның ішінде Шымкент қаласының «Сайрам» тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 3 кезеңнен тұратын жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген, Атап айтқанда, жобалаушы мекеме «Батыс Алға LTD» ЖШС тарапынан 1 және 2 кезеңнің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Бүгінде мердігер мекеме «Мелиоратор» ЖШС тарапынан құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қалған 3-кезеңге жобалаушы мекеме «Redline Pro» ЖШС-і тарапынан жобалау-сметалық құжаттамасы да әзірленген.
Құрылыс жұмыстары жыл соңында аяқталып, пайдалануға беріледі. Сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін 6 нысанның да құрылыс бітсе нәтижесінде 72 мыңнан астам адам орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады.