Абылай ханның киімі музей қорына тапсырылды

Түркістан облысы Бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров үш жүздің басын қосқан қазақтың көрнекті тұлғасы Абылай ханның қажылық сапардағы ихрам киімін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорына табыстады.


Ихрам киім — Абылай хан атынан және Мәдине қалаларына жасалған үлкен қажылық сапарында киілген.

Өздеріңізге мәлім, 2015 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қазақ билері мен хандары атынан тұңғыш рет бәдел қажылық ұйымдастырылған болатын.

Осы орайда еліміздің тарихында айрықша орны бар, арғы тегі Ақ Орданың негізін қалаған Орда Ежен ханнан бастау алатын Қазақ Ордасының тарихындағы ең ұлы хандардың бірі — Абылай хан атынан бәдел қажылық жасау Түркістан облысы бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровке жүктелген. Ұлы ханның мұсылмандық парызын өтеу жолында ұлы аманатты мойнына алған Мұхамеджан Жамантайұлы тұлғаға тиесілі қажылық киім Абылай хан мұраларымен бірге болғанын жөн санапты.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев музей қорына тапсырылған құнды мұраны зор қуанышпен қабыл алғанын жеткізе отырып Мұхамеджан Жамантайұлына алғыс білдірді.

Бәдел дегеніміз – бұрын қажылыққа барып келген адамның өзге адамның атынан жасалатын қажылығы. Мал дүниесі бола тұра денсаулығы, қарттығы себепті немесе өткен бабаларының атынан баруға рұқсат етілген.

Шариғат бойынша Бәдәл қажылықты діни білімі бар адамның немесе имамдардың атқарғаны абзал делінеді.

Ихрам киімі — қажылықтың бір парызы болып саналады. Ихрам екі бөліктен тұратын мата. Яғни үстінгі жағы «РИДА», ал төменгі матаны «ИЗАР» деп аталады. Айта кетсек, Түркістан — Абылай ханның билік құрған, ақ киізге көтеріліп хан сайланған, мәңгілік тыныс тапқан мекені. Абылай ханның қабірі Қожа Ахмет Ясауидің сол жақ тұсында жатыр. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Абылай ханның бәйбішесі Қарашаштың, Абылай ханның ұлы Қасым сұлтанның, Абылай ханның немересі Бопай Қасымқызы жерленген.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

642 Comments