Арыс: Желшешек балаларға үйір

Желшешек. Ветрянка десе оны бәрі түсінеді. Арыс аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері бұл аурумен 1 жастан 10 жасқа дейінгі балалар жиі, ал 10 жастан асқан балалар мен ересектер сирек ауыратынын айтады. « Желшешекпен ауырып жазылған адамда күшті иммунитет қалады» дейді дәрігерлер.

Желшешек ауа арқылы тарайды. Сырқаттың инкубациялық (жабық) кезеңі 11 күннен 21 күнге дейін, яғни орташа 14—15 күнге созылады. Ауру басталғанда температура 38—39°С-ге дейін көтеріледі де, адамның терісі мен шырышты қабығында қышыма бөрткен пайда болады. 3—5 күн өткеннен кейін бөрткеннің көбеюі тоқтайды да, температура төмендеп, қалпына келеді, бөрткен қара қотырланып, 1,5—2 аптадан соң оның қабығы түседі. Кейде барлық ауырғай кезеңде температурасы көтерілмей, әдеттегідей бір қалыпты болады.

Ауру адам сырқаттың инкубациялық кезеңінің соңғы күнінен бастап және бөрткен шыққаннан кейінгі 9-күнге дейін жұқпалы болып есептеледі. Әдетте желшешек жеңіл өтеді, бірақ кейде (әлжуаз балаларға шыққанда) асқынатын да кезі болады, терісі іріңдейді, құлақтары мен аузының шырышты қабығы т. б. қабынып ауырады. Сырқат баланы мұқият күтімге алу керек. Аурудың денесі бөртсе, оның үстіне температурасы көтерілсе, сырқатты қозғалтпай жатқызып қойған дұрыс. Төсек — орын жаймасын жиі-жиі алмастырған жөн. Сондай-ақ теріні күтудің де маңызы зор. Баланың денесінде бөрткеннің болғанына қарамастан оны қайнаған сумен немесе қызғылтым етіп езілген калий перманганатымен («марганцовка») жуады (мақтаны пайдаланып, өте еппен); ал қолын сабындап жуу керек. Бала терісін қасып, тырнап тастамауы үшін қолының тырнағын алып, дәкеден қолғап тігіп кигізу қажет. Бөрткенді 1 проценттік калий перманганатының немесе 1—2 проценттік бриллиантты зеленка ерітіндісімен сүртсе, ол көп қышымайтын болады. Баланың ерніне тұзсыз сары май немесе қайнатылған күнбағыс майын жағып, сусынды көп ішкізу керек. Кішкентай баланың таңдайын салқын шаймен немесе қайнаған сумен жібітіп отырады. Сондай-ақ сәбидің танауының тазалығына баса назар аудару қажет. Танауындағы жараның қабығын вазелин жағылған немесе қайнатылған күнбағыс майына шыланған мақтамен сүртіп тазалайды.

Науқас балаға ең қажетті нәрсе — таза ауа мен жарық. Мұндай балаларды шаңсыз, жел тимейтін, тыныш жерде, дені сау балалардан бөлек серуендету қажет. Баланың температурасы төмендеп, бөрткеннің қайталап шығуы тоқтағаннан кейін, яғни бұрынғы бөрткендері қара қотырланған соң серуенге шығаруға болады. Серуендету режимін дәрігермен келіскен жөн.

Сәбиді дұрыс тамақтандыру керек. Температурасы көтерілгенде ол тағамнан бас тартады, сырқаты асқынған кезінде кішкентай балалардың іші өтеді, құсалы. Мұндай жағдайда баланы зорлап тамақтандыруға болмайды, тек 6—12 сағаттан кейін тамақтандырып, сусынды көп ішкізу қажет. Егер баланың аузы уылып, ол тағамнан бас тартса, оған сұйық немесе, жұмсартып пісірілген қоймалжың тағам (жылытып) беру керек (үгітілген көкөніс сорпасы, ботқа, көкөніс пюресі, кисель). Балаға қышқыл және ащы тағам беруге болмайды. Әсіресе іштің жүруін бақылап отыру керек. Үлкен дәреті жүрмей қалғанда клизма қойып, іші өтсе дәрігер келгенше тамақтандырмай, қайнаған суды немесе суыған шайды көп ішкізу қажет.

Желшешек шыққанда дезинфекция жасамайды; науқас бала жатқан бөлмені желдетіп, дымқыл шүберекпен сүртіп алса жеткілікті. Науқаспен жақындасқан 7 жасқа дейінгі баланы 11 күннен 21 күнге дейін оңашалау керек (жақын араласқан алғашқы күннен бастап).

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.