Арыс: «Тең қоғам» әлеуметтік орталығының қызметін бүгінге дейін 400-ден астам азамат пайдаланды

Арыстағы «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы ел игілігіне қызмет етуде.


Орталық қызметкері Гүлсая Едігееваның айтуынша, қала мен қала маңындағы елді мекендерден келген мүмкіндігі шектеулі жандардың басым көпшілігі (150) массаж қабылдаған. Жүгіру құрылғысын – 78 келуші пайдаланса, кітапхана қызметін – 80, шахмат – 40, дойбы – 30 және зағип жандарға арналған үтел теннисін – 30 тұрғын игілікке жаратқан.

«Негізінен, «Тең қоғам» орталығы күніне 30 адамды қабылдауға арналған болса, қазіргі кезде бұл жерге күн сайын тұрақты түрде келетіндердің саны 20-дан асады», – дейді «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы директорының орынбасары Нұрғали Әбуов.

Кітапханашы Меруерт Жұмағалиқызы орталықтағы жалпы кітап қоры – 1 671 екенін айтады. Бұл жерде әлемге әйгілі классикалық шығармалардың қазақ және орыс тіліндегі 231 аудидискісі бар. Сонымен қатар, зағип жандарға арналған Брайль әліпбиі негізінде жазылған 144 кітап болса, оның ішінде орыс тіліндегісі – 26. Кітап қорын жаңарту мақсатында Шымкент пен Алматы қаласындағы арнайы кітапханалармен байланыс орнатылып, бүгінге дейін 54 кітап пен аудиодиск алмастырылған.

Ақдала ауылының тұрғыны Нұрмұхаммед Тұрсынбайдың нағашы апасы Мейрамгүл Төлебаева өзінің қарауындағы баланың орталыққа келгелі көпшілік ортаға бейімделе бастағанын айтып, марқайды.

«Бұл бала 4 айлығынан бастап менің қарауымда. Өзім бағып-қағып келемін. Қызымның бұдан басқа 6 перзенті бар. Денсаулығына байланысты осы баланы өзім қамқорлыққа алғанмын. Орталыққа келгелі Нұрмұхамедім көпшілік ортаға бейімделе бастады. Әйтпесе, бұған дейін тек үйде жүретіндіктен, психологиялық жайсыздыққа жиі тап болатын. Яғни, сыртқа шығып бір сәт сергіп келетін мүмкіндіктер болмаған соң, көбірек ашуға бой алдыратын. Ал енді орталық ашылғалы инвотакси келіп, үйден алып кететін күнді тағатсыздана күтеді. Осы жерде жасаған іс-әрекеттерін апта бойы үйде айтып мақтанып жүреді. Қысқасы, бұл орталық біздің отбасымызға көңіл күйдің жақсаруы мен баламыздың дамуына өте жақсы әсерін тигізіп жатыр», – дейді ол.

Жалпы, қиын балаларды тәрбилеу оңай шаруа емес. Ерекше күтімді қажет ететіндіктен балалардың осы жерге келіп, бір сәт сергіп қайтуы үлкен өзгерістердің бастауы секілді көрінеді. Бүгінде сегіз бағытта жұмыс істейтін әлеуметтік педагоктар Арыста мұндай орталықтың ашылуын жоғары жетістік деп санайды.

«Өзіміздің қарауымыздағы балаларды аптасына бір рет осы жерге алып келеміз. Яғни, алдын ала инвотаксиге тапсырыс беру арқылы, балаларды үйінен алып кетіп, түске дейін осы жерде боламыз. Түрлі спорттық жаттығулар жасап, ойын ойнап, кітап оқып, массаж қабылдап қайтамыз. Бұл орталықтың ашылғанына балалар тұрмақ, ата-аналар да дәр риза. Біздің де жұмысымыз ептеп ретке келіп, жеңілдеп қалғандай әсер береді. Өйткені, денсаулығында психиологиялық, физиологиялық ауытқушылығы бар балалармен жұмыс істеу оңай емес. Балалардың дене қозғалысын дамытатын, пихиологиялық серпілуіне оң әсер ететін осындай орталық ашып берген қала әкімдігі мен кәсіпкерлерге, жанашыр жандарға зор алғыс», – дейді Арыс қаласындағы «Асыл жүрек» әлеуметтік орталығының қызметкері Несіпкүл Жолдасова.

«Келушілердің көңілінен шығатын мұндай орталықты мен бұрын-соңды кездестірмедім. Ал бұл жер өте ыңғайлы әрі қолайлы және жайлы. Мүмкіндігі шектеулі жандар массаж жасаудың өзіндік ерекшеліктерін қажет етеді. Сондықтан да көп жағдайда оларға нүктелі массаж жасауға тура келеді», – дейді 20 жылдық тәжірибесі бар массажист Гүлжанна Махамбетова.

Осы күндері зағиптарға арналған кітапханада қала тұрғыны Серік Құдайқұлов пен Қайрат Юсупов Брайль әліпбиі негізінде жазылған Абай шығармаларын сүйсіне оқып жүр. Ал әлеуметтік орталықтағы спорт секторының қызметкері Көпжан Жүсіпбекұлы болса жүгіру жолағында дене қозғалысын жасағанды құп көретін Әли Әйтекенің қимыл-қозғалысы уақыт өткен сайын ширап келе жатқанын айтады. Бүгінде Әлидің жүгіру қашықтығы ұзарып, жылдамдығы да артып келеді, дейді ол.

 «ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.