Биыл 3 миллионнан астам оқушы сауықтыру, демалыс және еңбекпен қамту бағдарламаларымен қамтылады

ҚР Оқу-ағарту министрлігі жазғы маусымға дайындық жұмыстарын бастады. 2025 жылғы жаз мезгілінде еліміз бойынша 3,1 миллионнан астам бала сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамтуға бағытталған түрлі бағдарламалармен қамтылатын болады. Оның ішінде 500 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы балалар. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 10 мың бала жазғы демалысын тегін өткізу мүмкіндігіне ие болады. Бұл жөнінде ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Жазғы демалыс бағдарламасы әртүрлі бағыттарды қамтиды: еңбек және шығармашылық белсенділік, туристік және танымдық маршруттар, зияткерлік әрі білім беру іс-шаралары, сондай-ақ халықаралық жобалар мен форумдарға қатысу.

Барлық ұйымдастыру шаралары 9 мемлекеттік органның қатысуымен әзірленген бірыңғай жоспар аясында іске асырылады. Осы мақсатта республикалық және өңірлік деңгейдегі штабтар құрылып, ағымдағы жылы жұмысын бастайтын демалыс орталықтарының тізімі жасақталды.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Санитарлық талаптардың сақталуы, тағам қауіпсіздігі, сондай-ақ су айдындарында, ормандар мен спорт нысандарында сақтық шаралары қатаң бақылауда болады.

Қауіпсіз әрі белсенді жазғы демалыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы жадынамалар, нұсқаулықтар мен гайдбуктар әзірленіп, балалар мен ата-аналарға таратылатын болады. Өңірлерде «Киелі шығыс», «Ұлы Дала кереметі», «Jas galym», «Гастро туризм», «Қонақжай отбасы» сынды бірегей жобалар іске асырылады.

Биыл жыл бойы жұмыс істейтін 16 лагерь, 188 маусымдық лагерь, 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь, оның ішінде бірқатарында тамақтандыру қарастырылған, сондай-ақ 512 шатырлы және киіз үй лагері кезең-кезеңімен ашылады деп жоспарлануда.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin