Бірінші лигадағы «Түркістан» мен «Каспий» футбол командалары өзара тең түсті

Күні кеше футболдан Қазақстан бірінші лигасының 19-туры қарсаңында «Түркістан» командасы өз алаңында ақтаулық «Каспий» клубын қабылдады. Ойын кезінде қос команда да гол салуға бірнеше мүмкіндіктер болды. Алайда, екі топ футболшылары ойынның алғашқы бөлігінде қарсылас қақпасына жол таба алмады.

45 минут бойы бірде-бір гол көре алмаған жанкүйерлер екінші тайымда төрт бірдей голдың куәсі болды. Ойындағы алғашқы гол 50 минутта 11 метрлік айып соққысынан салынды. Голдың авторы «Каспий» командасының ойыншысы Бекзат Қаблан. Түркістандық жігіттерде қарап қалмады. 74 минутта айып соққысын керемет орындаған Әбділхай Бейбарыс таразы басын теңестірді.

Ойынның аяқталуына 2 минут қалғанда «Түркістан» командасы Артем Литоштың гол соғуымен есепте алға шықты. Алайда, ақтаулық аяқ доп шеберлері төреші қосқан қосымша уақытта таразы басын теңестіріп кетті. Каспий командасын жеңілістен құтқарған Муроджон Халматов болды.

Ойын қорытындысы 2:2 есебімен тең аяқталып, қос команда бір-бір ұпайдан еншіледі. 19-турдан кейін «Түркістан» командасы 11 ұпаймен турнирлік кестеде 12-орынға жайғасты. Ал ақтаулық «Каспий» клубы 27 ұпаймен 8-орынын сақтап қалды.

Жаңа алаңда жасөспірімдер арасында футболдан біріншілік өтті

Түркістан қаласында халықтың бос уақытын тиімді пайдалану үшін игі шаралар атқарылып келеді. Соның жалғасы іспетті, күні кеше «Отырар» тұрғын алабына қарасты Сүгір Әлиұлы көшесінде жаңа ашық алаң пайдалануға берілді. Осыған орай қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» ұйымдастыруымен футболдан 2012-2013 жылғы жасөспірімдер арасында біріншілік өтті.

Спорттық шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен мәслихат депутаттары сектор тұрғындарымен тілдесіп, мәселелерін тыңдады. Футбол жарысының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жас спортшыларға тілектерін білдірді.

Сайысқа облыс орталығының әр секторынан құралған 6 команда қатысып, «Шауғар» тұрғын алабының жас футболшылары 1-орынды иеленді. «Отырар» секторына 2-орын, «Сауран» секторына 3-орын бұйырды.

Айта кетейік, Түркістан қаласында 130-дан аса ашық алаң бар. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бейсенбі-жұма күндері «Жазғы демалыс спортпен» ұранымен ашық алаң ойындары ұйымдастырылып келеді. Аталған ойынның ақтық сайысы 23 тамыз күні О.Жарылқапов атындағы стадионда «Спорт күні» мерекесіне орай өткізіледі.

«Жетісай» футбол командасы айқын басымдықпен жеңіске жетті

Жетісай ауданында Қазақстан бірінші лигасының кезекті туры өтті. Жетісайлықтар Оралдың «Ақжайық» командасын қабылдады.

Кездесудің алғашқы таймының бірінші жартысында қарсылас команданың қарым-қабілетін бағамдаған жетісайлықтар қорғанысты күшейтті. Ойынның 37-ші минутында Жетісай командасының сұрмергені, Рамазан Абылайхан есепті ашса, 43-ші минутында Әділет Омарбек есепті еселеді. Осылайша алғашқы таймды 2:0 есебімен аяқтаған аяқдопшылар ойынның 63-ші минутында Асылжан Асатулланың салған голымен ойынды қорытындылады.

Тартысты ойынды тамашалап, жергілікті командаға жанкүйер болған Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен ел азаматтары кездесуден соң теңбіл доп шеберлерін жеңістерімен құттықтады. 16-тамыз күні «Екібастұз» құрамасымен өтетін кезекті кездесуде жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, «Ақжайық» құрамасын айқын басымдықпен жеңген «Жетісай» командасы 18 кездесуде 34 ұпай еншілеп, турнир кестесінде ІІ орынға табан тіреді.

Сайрам ауданында жастар арасында кіші футболдан облыстық жарыс өтті

Сайрам аудандық Жастар ресурстық Орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Спорт — біздің сенімді серігіміз» атты жастар арасында кіші футболдан облыстық сайыс өтті.

Бұл сайыстың мақсаты — жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауыл жастарының достық қарым-қатынасын нығайту және спорттық командалық ойындарға олардың қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Аталған жарысқа облысқа қарасты аудан, қалалардан жиналған 12 команда қатыстып, тартысқа толы ойын көрсетті.

Сайыстың қорытындысы бойынша, І орын — Еңбекші командасына, ІІ орын — Түлкібас ауданының командасына бұйырса, ІІI орынды жетісайлық команда місе тұтты.

Айта өтейік, Төле би ауданы командасының ойыншысы Құланұлы Асылхан «Үздік қақпашы», ал Келес ауданының ойыншысы Дантай Ерік «Үздік ойыншы» аталымына ие болды.

Түркістандық команда футболдан 3-орын иеленді

«Спорт күні» мерекесіне орай Алматы қаласында өткен футболдан 2013-2014 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде түркістандық команда 3-орынға ие болды. 16 команда бақ сынаған жарыста Түркістан қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының командасы» үздіктер қатарынан көрініп отыр. Турнирге дайындаған Еркебұлан Құнарбаев – Еуропа футбол қауымдастығы одағының С категориялы жаттықтырушысы.

Спорт клубының өз жұмысын бастағанына 3 жылдан асты. Содан бері облыс орталығындағы түрлі шараларға мұрындық болып, жүйелі жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Клубта шахмат, үлкен теннис, стритбол, қазақ күресі, футбол, дойбы, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен 24 жаттықтырушы жұмыс істейді. Қазіргі таңда 1400-ге жуық оқушы аталған спорт үйірмелеріне қатысады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin