Қазақстанда заңсыз ойын бизнесімен күрес қарқын алып келеді. Мемлекет бұл әрекетті елдің экономикалық қауіпсіздігіне және қоғамның әл-ауқатына қатер ретінде қарастырады. 2023 жылы 13 қылмыс анықталып, 2024 жылдың 9 айында тағы 7 заңсыз әрекет әшкереленді. Әсіресе, заңсыз онлайн ойындардың көбеюі алаңдатарлық: Instagram және TikTok секілді әлеуметтік желілерде заңсыз лотереялар мен ойындар жүргізілген. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары — Кулбаев Санат Жұмабайұлы баяндаы.
Департаменттің мәліметі бойынша, 2023 жылы 13 адам заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін жауапқа тартылған. Олардың 10-ы бас бостандығынан шектеу жазасына тартылды, 1 азамат қоғамдық жұмыстарға жіберіліп, 2 адам әкімшілік айыппұл төлеген. 2024 жылдың алғашқы 9 айында да 13 адам сотталып, 4 адам бас бостандығынан айырылған.
Қаржылық мониторинг Агенттігі мен Цифрлық даму министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде «Кибернадзор» жүйесі арқылы заңсыз ойын веб-сайттарын бұғаттау мүмкіндігі кеңейтілді. 2023 жылы 600-ден астам заңсыз сайт пен әлеуметтік желідегі парақшалар бұғатталды.
Жалпы, Мемлекет заңсыз ойын бизнесін түбегейлі жоюға және қоғамды құмар ойындардың зиянынан қорғауға бағытталған шараларды жалғастыруда.
2024 жылғы наурыздан бастап еліміздің азаматтары мен ел аумағында тұратын шетелдіктер eGov mobile мобильдік қосымшасы арқылы құмар ойындарға қатысудан 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге ерікті түрде шектеу қою туралы өтініш бере алады. Бұл қызметті қазіргі уақытта 110 мыңнан астам адам пайдаланған, бұл сан жастар мен оқушылар арасында лудоманияға қарсы күресте тиімді құрал ретінде қарастырылуда.
Сондай-ақ, қала аумағында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеулер енгізілді. Сыртқы (көрнекі) жарнамаға, көлік құралдарындағы жарнамаға, бұқаралық ақпарат құралдарында және кино, видео қызмет көрсету орындарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынған, — деді Санат Жұмабайұлы.
Заңсыз ойын бизнесімен күресуде азаматтардың белсенділігі де маңызды рөл атқарады. Департамент заңсыз тұрған ойын автоматтары туралы ақпарат жіберуге шақырады, бұл шаралар лудоманияның алдын алуда қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға көмектеседі. Әрбір азамат лудоманияның зиянды әсерінен балаларын қорғауда белсенділік танытуы тиіс. Егер сіздің тұратын немесе мекендейтін жерде заңсыз ойын аппараты болса, Департаменттің +7 (7252) 77-14-48 сенім телефонына хабарласуыңыз жеткілікті.