Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында білім беруді одан әрі дамыту және педагогтерді қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Мемлекет басшысы үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектептердің мәселелерін шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды.
2021 жылы 250-ден астам мектеп іске қосылған болатын. Биыл тағы 230-дан астам мектепті іске қосу жоспарланып отыр. Осыған қарамастан мәселе әлі өткір күйінде қалып отыр. Ұлттық жоба аясында 2025 жылға қарай кемінде 840 мың оқушы орнын құру жоспарда бар.
Сонымен қатар жаңа мектептер заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті сыныптар санымен және спорт залдарымен жабдықталуы керек. Бастауыш және жоғары сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылып отыр.
Соңғы 3 жылда балабақша тәрбиешілерінің жалақысы екі есеге дейін өскенімен, оның білікті кадрларды тартуға әлі де жеткіліксіз екені байқалып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын ЖООдағы бір орынға 10 адамнан астам үміткер болса, қазір 1-ге де жетпейді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көбейтіп, жүктемесін азайтуды тапсырды. Балаларды балабақшамен қамту бойынша қосымша шаралар қабылданады.
Педагог қызметкерлерді даярлауға қатысты да жеке тапсырма берілді. Біз «Педагог» жаңа кәсіби стандартын әзірлейміз. Ол жоғары оқу орындары мен колледждердің педагогикалық даярлық бағыттары бойынша білім беру бағдарламаларын (ББ) жасау үшін негізгі бағдар болады. Сондай-ақ педагогтерді даярлау бойынша ЖОО-ның ББ-ларын аккредиттеу үшін арнайы стандарттар әзірлеп жатырмыз. Халықаралық тәжірибе мен зерттеулер ББ аккредитациясының осындай арнайы стандарттарын енгізу қажеттілігін көрсетіп отыр.
Президент жоғары сыныптарда жаратылыстану-ғылыми және ағылшын тілі пәндерін оқуға баса назар аударуды тапсырды. Жаратылыстану-математика пәндері бойынша сағаттарды ұлғайту мүмкіндігі қарастырылып жатыр, пәндер бойынша бағдарламаларды жаңарту жұмыстары басталып кетті.
Әлеуметтік осал топтарындағы балаларды мектеп формасымен қамтамасыз ету, сондай-ақ балаларды оқытуға бөлінген қаражатқа білім беру шотын енгізу бойынша жұмыс ұйымдастырылады.
Министрлік барлық тапсырма бойынша жұмысты бастап кетті. Жекелеген мәселелер бойынша педагогтерден , директорлардан, сарапшылардан және білім бөлімдері мен басқармалары өкілдерінен тұратын жұмыс топтары құрылды.