Әдеттегідей мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2024 жылдың 2 қыркүйегінде халқымызға кезекті жолдауын жариялады. Еліміздің жарқын болашағына бағыт-бағдар беретін стратегиялық құжат ретінде жолдау қашанда ел игілігі үшін жасалатыны анық. Мұнда саяси, әлеуметтік, экономикалық өсіп-өркендеудің жолдары, нақты қадамдары көрсетіледі. Сондай-ақ экономикалық-саяси көзқарастар негізінде халық жаппай ел билігі мен елдің бүгінгі жетістіктерімен танысады.
Президентіміз алдымен өткен жылғы атқарылған істерге шолу жасап, бағасын берді. Қоғам мүддесін қорғау үшін қабылданған 102 Заңның ішінде болашақтың иесі балаларымыз үшін жасалып жатқан игі іс – ұлттық қордан балалар шотына қаржы аударуға арналған заң да бар. Сонымен қатар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының іске асып келе жатқанын айтып өтті. Азаматтардың бойында жаңаша әдеттер, жаңаша дағдылар қалыптасып, Әділетті Қазақстанның құрылып келе жатқандығын тілге тиек етті.
Содан кейін тоғыз бөлімнен тұратын еліміздің саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайын көтерудің жаңа басты мәселелерін айқындап берді.
Кезінде ата бабаларымыз ел билеу ісінде халық мүддесіне қызмет еткен саяси ұйым Ұлттық құрылтай құрып, ел өміріндегі маңызды деген істерді талқыға салған болатын. Соның бірі -еліміздегі экономиканың тірегі энергетика мәселесін шешу үшін маңызды қадам жасап, осы бір ауқымды мәселені халық қалауына ұсынып 6 қазанда референдум өткізуге шешім қабылдады.
Мемлекет басшысы көлік-логистика, цифрландыру, туризм, сондай-ақ білікті мамандар даялау сияқты кезек күттірмейтін мәселелермен қатар білім саласын, ұлт саулығын нығайтудың басты бағыттары мен шешу жолдарын көрсетті. Мемлекетіміздің бөлшегі әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын жіті қадағалап, тиісті көмек көрсету үшін «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Бұл өз кезегінде қарапайым халық үшін жасалып жатқан таптырмас қолдау.
«Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс» ,- деді мемлекет басшысы.
Қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынас мәдениетінің өзгергенін ескеріп: «Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал, әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек»,- деді Президент.
Ел экономикасының бірнеше саласына баса назар аударған Қ.К. Тоқаев жолдаудың 9-шы бөлімінде қоғамдағы заң мен тәртіпке баса назар аударды. Заманауи цифрлық технологиялардың дамуының әсерінен ғаламторлық жүйеде сонымен қатар басқа қаржылық мәселелерде алаяқтардың көбейгенін айтты. Осыған байланысты мектептерде басқа да білім ошақтарында қаржылық және цифрлық сауаттылықты арттыратын бағдарламалар жасауды тапсырды.
Саяси жаңғырудың арқасында еліміздің кез-келген азаматының өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылғанын тілге тиек еткен мемлекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігі мәселесін шет қалдырмады. Өзінің Президент ретіндегі басты міндетінің бірі – Қазақстанды қауіпсіз елге айналдыру екенін басып айтты. Бұл тұста еліміздің, қоғамның ішкі тыныштығына жауапты орган ретінде бізге артылған жүктің да салмағы артты. Сонымен қатар әскердегі заң мен тәртіптің сақталуына ерекше тоқтады. Отан алдындағы борышын өтеуге келген жас сарбаздың денсаулығы мен қауіпсіздігіне әскер басшылығы толық жауапты деді. Ол үшін темірдей тәртіптің болуы міндетті екенін айтып өтті. Отан тыныштығын күзеткен сарбаздарды батыл, адал жауынгер етіп тәрбиелеп, оның бойында елге қызмет етуге деген ерекше рух қалыптастыруға барымызды салсақ, мемлекетіміз дамуына қосқан үлесіміз деп білеміз.
Әрине, Қазақстанның ішкі тыныштығы жолында қызмет атқарып жүрген біздер де еліміздің саяси-экономикалық ахуалына бей-жай қарай алмаймыз. Біз Президентіміз жолдауында көрсеткен әрбір тапсырманың орындалуы үшін қажымай қызмет атқарамыз.
6698 әскери бөлімінің командирі
подполковник Н.Р. Сакибеков