Жеңіс күніне орай Түркістан қаласында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық көмек берілді

Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3 654 Ұлы Отан соғысының ардагері мен оларға теңестірілген азаматтар тұрады. Оның ішінде 11-і — ҰОС ардагері, 121-і — ҰОС-ның қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер, 3510-ы — тыл еңбеккері мен қайтыс болған соғыс ардагерлерінің әйелдері. Өңірдегі 3 654 ардагерге бір реттік материалдық көмек берілді. Атап айтқанда, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына – 1 500 000 теңге, кәмелетке толмаған соғыс тұтқындарына – 100 мың теңге, блокадалық Ленинградтың тұрғындарына – 60 мың теңге, тыл еңбеккерлеріне – 30 мың теңге берілді. Сонымен қатар, ҰОС ардагерлеріне облыс әкімінің атынан құттықтау адресаттары табысталды. Мерекеге орай облыстағы кітапханалар мен музейлерде соғыс ардагерлеріне арналған көрмелер мен еске алу шаралары өткізілді. Одан бөлек, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында «Күтпеген кездесу» спектаклі қойылды. Сондай-ақ, патриотизмге баулу мақсатында әр аудан мен қалалардың орталық көшелерінде cоғыс ардагерлерінің суреттерімен билбордтар орналастырылды»,- дейді Әсия Құралқызы.

Басқарма басшысының сөзінше, мерекеге орай денсаулық сақтау саласы тарапынан 500-ге жуық ардагердің үйінде медициналық қызмет көрсетілді. Одан бөлек, облыстағы «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйінде жыл сайын 8000-ға жуық жекелеген санаттағы азамат емделуде. Сонымен қатар, ардагерлердің үйіргелік ауласын тазалау, жерін аудару жұмыстары да жүргізілуде. Аудан-қала әкімдіктеріндегі мектеп пен саябақтарда орналасқан 100-ден астам ескерткішке тазалық жұмыстары жүргізілді.

Айта кетсек, жалпы Түркістан облысынан Ұлы Отан соғысына 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның 70 мыңы елге оралған. Оның ішінде, 51-і – «Кеңес Одағының батыры», 1-і – «Халық қаһарманы» және 8-і – III дәрежелі «Даңқ» ордені кавалерлері атағын алғандар.

«Еліміздің барлық өңірлерінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығын мерекелеу құрметіне ҰОС ардагерлеріне кемінде 1,5 миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Жалпы алғанда, 50,1 мың адамға (ҰОС ардагерлеріне және Жеңіске үлес қосқан адамдарға) жергілікті атқарушы органдармен 3 миллиард теңге қарастырылған», — деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Атап өтерлігі, биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 148 ардагері тұрады, оның ішінде 108 қатысушысы және ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар 40 адам, сондай-ақ, республикада ҰОС жеңісіне үлес қосқан 50 012 басқа азамат бар. Олардың ішінде: Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 70 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 149 адам; ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 2 314 адам; ҰОС-да қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 2 адам; тыл еңбеккерлері – 47 477 адам.

ҰОС кезінде майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар құрылды. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет батыр атанды, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін өз өмірін қиды – олар шайқаста қаза тауып, жаралар мен аурулардан қайтыс болып, хабар-ошарсыз кетті. Тұтқыннан 630 мың адам оралмады.

Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарттарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылады.

Біріншіден, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ре азаматтар және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады.

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып ай сайын алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:

— ҰОС қатысушылары үшін – 239 844 теңге (108 адам);

— ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін – 250 125 теңге (40 адам);

— басқа мемлекеттердің (Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Ирак және т. б.) аумағындағы әскери іс-қимылдарының ардагерлері үшін – 217 348 теңге (26 149 адам);

— жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін – 196 861 теңге (3 477 адам);

— ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар үшін – 151 548 теңге (14 043 адам);

— ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері үшін – 161 432 теңге (47 477 адам).

Екіншіден, ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетілуде. Олардың барлығы әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады, Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторлық-курорттық емдеу ұсынылады (373,7 миллион теңгеге 1 636 адам).

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар бюджет және тартылған (демеушілік) қаражат есебінен ардагерлерге мерекелік (естелік) күндерге материалдық көмек түрінде және келесі нысанда қосымша әлеуметтік қолдау түрлерін көрсетеді: тұрғын үйді жөндеу (14,3 миллион теңгеге 53 адам), отынмен қамтамасыз ету (14,5 миллион теңгеге 342 адам), қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері (9,5 миллион теңгеге 629 адам), дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (76,5 миллион теңгеге 7 020 адам), тіс протездеу (37 миллион теңгеге 203 адам), азық-түлік топтамасы (54,4 миллион теңгеге 6 272 адам) және әлеуметтік көмектің басқа да түрлері.

Үшіншіден, жыл сайын біржолғы материалдық көмек төлеу дәстүрге айналды. Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар 50,1 мың адамға 3 миллиард теңге жалпы сомаға біржолғы көмек көрсетуді көздеп отыр, оның ішінде 148 ҰОС ардагеріне 262,7 миллион теңгеге (ағымдағы жылғы 6 мамырдағы жағдай бойынша).

Облыстардың, астананың мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС ардагерлері үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілдендірілген шегін 1,5 миллион теңгеден кем емес мөлшерінде белгілеу ұсынылды. Нәтижесінде өңірлердің көбісінде біржолғы қаржылай төлемдердің мөлшері көрсетілген шамада белгіленген. Кейбір өңірлерде жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне және мәслихаттардың шешімдеріне байланысты төлемдер мөлшері көбірек болады.

Бүгінгі таңда ҰОС ардагерлеріне төлемдер барлық өңірлерде жүргізілді. Қалған санаттар бойынша төлемдер 9 мамырға дейін аяқталды.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығын мерекелеу құрметіне Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жеке құттықтау хаттары және естелік сыйлықтар табыс етіледі.

Басқа қандай көмек түрлері қарастырылған?

Қазақстанда ардагерлер әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Олар салық бойынша жеңілдіктерді пайдаланады.

«Оларға Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаториялық-курорттық емдеу түрлері ұсынылады (373,7 миллион теңгеге 1 636 адам)», — деп жазылған министрлік жауабында.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар бюджет қаржысы және демеушілердің қаражаты есебінен ардагерлерге мереке күндері материалдық көмек түрінде қосымша әлеуметтік көмек көрсетеді:

тұрғын үйді жөндеу (14,3 миллион теңгеге 53 адам),

отынмен қамтамасыз ету (14,5 миллион теңгеге 342 адам),

қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері (9,5 миллион теңгеге 629 адам),

дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (76,5 миллион теңгеге 7 020 адам),

тіс протезіне (37 миллион теңгеге 203 адам),

азық-түлік (54,4 миллион теңгеге 6 272 адам) және әлеуметтік көмектің басқа да түрлері.

ҰОС қатысушыларына әлеуметтік қолдаудың басқа да түрлеріне қарамастан ай сайын 16 АЕК (2024 жылы 59 072 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Еске салайық, 1941 жылдың 22 маусымы күні, шамамен таңғы сағат 4 кезінде фашистік Герман әскері КСРО-ның батыс шекарасына басып кірді. Осылайша тарихта ІІ Дүниежүзілік соғыстың шығыс майданы — Ұлы Отан соғысы басталды.

Гитлер 1939 жылы басталған ІІ Дүниежүзілік соғыста Батыс Еуропа елдерінің көбін жаулап алғаннан кейін, КСРО-ны басып алуға дайындыққа кірісті. 1940 жылы 18 желтоқсанда КСРО-ны қысқа мерзімде басып алу мақсатында дайындалған «Барбаросса» жоспарына қол қойды. Бұл жоспар бойынша Германия КСРО-ға қарсы негізінен үш бағытта шабуыл жасап, 8-10 апта ішінде соғысты аяқтау керек болды. Бірінші бағыт — Ленинград, екінші бағыт — Мәскеу, үшіншісі — Киев қалалары. Соғыстың түпкі мақсаты — социалистік ел КСРО-ны жою еді. 1941 жылы «Барбаросса жоспарын» жүзеге асыру үшін КСРО шекарасына 190 дивизия, оның 153 дивизиясы Германиядан, 5,5 миллион адам, 47 мың зеңбірек, 4300 танк және 5 мың әскери ұшақ шоғырландырылды. Мұндай қарулы күшті жинақтау адамзат баласының тарихында бұрын-соңды болмаған. Кеңес үкіметі Фин соғысынан кейін ғана әскери күштерді қайта құрып, жаңа қару-жарақтармен жабдықтауға кірісе бастаған еді. Соғыс қарсаңында КСРО-ның әскер қатарында 5,3 миллион адам болды. Батыс шекарада 2,7 миллион адам, 170 дивизия, 147 танк және 1510 ұшақ, 375 әр түрлі зеңбіректер болды. Осы кезде Кеңес Армиясының қатарын тазарту мен репрессия кең етек алды. Кеңес Армиясының қатарындағы 5 маршалдың үшеуі репрессияға ұшырап (М.Н.Тухачевский, В.К.Блюхер, А.И.Егоровтар), атылды. 1937-1938 жылдардағы репрессия барысында 40 мың әскер басшылары тұтқындалды. 1941 жылы соғыс басталарда әскери және саяси басшылардың 70-75%-ы жаңадан келген, тәжірибелері жоқ жас адамдар болды.

Сөйтіп, Германия әскері басып кірен 22 маусым күні Баренц теңізінен Қара теңізге дейінге аралықта орасан зор шайқас басталды. Жау соққысына бірінші болып шекарадағы 485 застава қарсы тұрды. Бұл застава Белоруссияның батысында орналасқан болатын. Жау күштерінің басымдығына қарамай, олардың бірде-біреуі бұйрықсыз өз орындарын тастап кетпестен, соңғы қарулары қалғанша шайқасты. Олардың бәрі қаза болды. Брест қаласының қорғанысы кеңес жауынгерлері ерлігінің жарқын мысалы болды. Жан-жақтан түгел қоршауда қалған олар азық- түліксіз, сусыз бір ай неміс-фашист әскерлерінің шабуылдарын тежеп тұрды. Олар: майор П.М.Гаврилов, капитан Зубачев, полк комиссары Е.М.Фомин, қазақстандық Ө.Жұматов пен Е.Фурсовтар еді. Кеңес әскерлері кескілескен табанды күрес жүргізе отырып, шегінуге мәжбүр болды.

22 маусым күні күндізгі сағат 12-де еліміздің барлық радиостанциялары Кеңес үкіметі атынан сөйлеген В.М.Молотовтың кеңес халқына үндеуін таратты. Үндеуде фашистік Германияның тосыннан соғыс ашқанын, оның түпкі мақсаты кеңес халқын құлдыққа көндіру екенін айта келіп, «Біздің ісіміз адал, жау жеңілуі керек, жеңіс біздікі» деп аяқтады. Елдің батыс бөлігінде соғыс жағдайы енгізілді. КСРО халық Комиссарлары Кеңесі мен БКП(б) Орталық Комитеті 1941 жылы 29 маусымдағы мәлімдемесінде кеңес халқын еліміздің әрбір сүйем жерін қорғап қалуға, майдандағы әскерлерге жан-жақты көмек ұйымдастыруға шақырып, елдің бүкіл өмірін майдан мүдделеріне бағындыру керек екенін айтты. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген үндеу бүкіл көпұлтты кеңес халқының жауынгерлік ұранына айналды.

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда шайқасты. Олар Отан үшін фашистерге қарсы бағытталған ұрысқа аянбай кірісті. Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер майданға жіберілді. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. Олардың арасында Ғ. Жұматов, В. Фурсов, К. Тұрдиев, Ш. Шолтырев, К. Иманқұлов, Е. А. Качань т. б. жаумен жан аямай шайқасып, ерліктің үлгісін көрсетті. 1941 жылы 24 маусымда 219 атқыштар полкі Литваның Шяуляй қаласында алғаш рет ұрысқа кірісті. Қазақстандықтар жау әскерлерімен Перемышев, Мурманск, Одесса, Севостополь, Сталинград түбіндегі, Украина, Белоруссия жеріндегі жанқиярлық қарсылығына қарамастан немістер соғыстың бастапқы кезінде үлкен басымдылыққа ие болды.

Қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы, әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста шықты. Республикада жасақталған 316-атқыштар дивизиясына Мәскеуге апаратын негізгі өзекті жолдың бірі — Волокаламск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1075 ұлан атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. 28 танк жоюшылар («28 панфиловшы») тобы Дубосеково разъезінде жаудың 18 танкісін жойып жіберді. Ротаның саяси жетекшісі В. Г. Клочков «Россия кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва» ұранын көтерді. Оның бұл сөзі бүкіл майданға тарады. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай-ақ Мәчкеуді қорғау тарихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П. В. Вихров, М. Габдуллин, автоматшылар Т. Тоқтаров, Р. Амангелдиев мәңгі өшпес із қалдырды.

Соғыс жылдарында Кеңес Армиясының қатарына 1 млн. 200 мыңнан аса қазақстандықтар шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да әскери бөлімдер құрылды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автомобильдері, 1,5 мың шынжыр табанды трактор, 110,4 мың жылқы жіберілді.

Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 миллион 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы — қазақтар. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Н.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды.

Бұл соғысқа Қазақстан Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Қазақстан соғыс уақытында майдан қажетіне қарай бейімделді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс Қазақстандағы темір жол стансалары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында және басқа да майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Қазақстандықтар партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда — 220, Смоленск жерінде — 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда — 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.Егоровқа, Н.Зебницкийге және Ф.Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты.

Ұлы Отан соғысында КСРО 27 миллион адамынан айырылды. 600 000-ға жуық қазақстандық майданда шейіт болды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin