Шымкент қаласы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «1 маусым –Халықаралық балаларды қорғау күніне орай тимбилдинг және ұлттық ойындар бойынша сайыс ұйымдастырылды.
Іс-шарамыздың негізгі мақсаты – балаларды қоғамға бейімдеу, жастар арасында деструктивті діни ағымдардың ықпалының алдын алу, қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарын, ұлттық дәстүрлері мен патриотизмді ұлықтау,- дейді ұйымдастырушылар.
Балалар күрес, арқан тарту, садақ атудан сайысқа түсіп, жеңімпаздар мадақталды.
Одан бөлек,1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шаралар қаланың түкпір-түкпірінде өтті. Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «BalaShym» өнер фестивалі ерекше форматта өткізілді.
Өнер фестиваліне қаладағы қосымша білім беру ұйымдарының жас өнерпаздары жиналып, 5 бағыт бойынша өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Эстрадалық вокал, хореография, қолөнер, сурет салу бағыттары бойынша көрермендер балалардың шығармашылығын тамашалады.
–Бүгінгі фестивалге 530-дан аса бала қатысып отыр. Бұл балалар – мемлекеттен жан басына қаржаландыратын бағдарлама аясында қосымша білім беру мекемелерінің үйірмелерінде шыңдалып жүрген оқушылар. Сонымен қатар қаладағы театрлар мен мәдениет мекемелері де өз сахналық нөмірлерін дайындап, көрермен назарына ұсынуда. Мұндай іс-шаралар балалардың белсенді, көшбасшы болуына септігін тигізеді, өнерге, шығармашылыққа баулиды. Балалар –біздің болашағымыз, оларды дұрыс жолға бағыттау – әрбірімізге парыз. Сондықтан да мәдени іс-шаралардың маңызы зор. Бүгінгі мереке балаларға керемет көңіл-күй сыйлап жатыр деп ойлаймын, – деді қалалық мәдениет,тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Шәкеев.
Мереке Шымкент қалалық және қуыршақ және жасөспірімдер театры әзірлеген «Қуыршақтар шеруімен», Шымкент қалалық зообағында жалғасын тапты.