Түркістан облысы, Келес ауданында орналасқан “Бал-Мерей” бөбекжай балабақшасында “Білімді балалар — еліміздің болашағы”атты ашық есік күні өтті. Балабақша көлеңкелі театр, STEAM, робототехника, Мария Монтессори, Суджок кабинеттерімен жабдықталған.
Бұдан бөлек гидропоника кабинеті де жұмыс істейді. Мұнда тәрбиеленушілер өсімдіктің өсу процессін бақылай алады. Ол үшін арнайы жабдық та сатып алынған. Бұл дегеніміз — өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіру. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру ұйымында этнопедагогикаға арналған арнайы бөлмелер де бар. Балалар мұнда ұлттық салт-дәстүрімізбен толықтай таныса алады.
Балабақша құрылтайшысы Айымкүл Карабекова:
— Мектепке дейінгі білім беру ұйымында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу арқылы балалардың зияткерлік қабілетін арттыруды мақсат еткенбіз. Қазіргі таңда балабақшамызда 60-тан аса қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 30-ға жуық педагог, 24 тәрбиеші, логопед, музыка және денешынықтыру жетекшілері, тілші мұғалімдер де бар.
Ашық есік күнін өткізудегі басты мақсат — жаңартылған технологияларды қолдана отырып, арнайы жабдықталған кабинеттерде балалардың ойлау қабілеттері мен коммуникативтік, танымдық, зияткерлік дағдыларын, шығармашылық және зерттеу іс-әрекетін дамыту», — дейді.