Түркістан облысының Келес ауданында бір күнде 2 мектеп пайдалануға берілді. Біреуі — Ақтөбе ауылдық округінің Ынтымақ ауылында, екіншісі – Қошқарата ауылдық округінің Жамбыл елді мекенінде. Екеуі де 300 орынға лайықталған, замануи үлгіде салынған.
Жаңа оқу жылын жаңа білім ошағында бастаған Ынтымақтық оқушылардың қуанышында шек жоқ. Мұнда спорт зал, асхана және қажетті құралдармен жабдықталған пәндік кабинеттер де бар. Жаңа типтік мектептің жалпы алаңы 3025 шаршы метрді құрайды. Мектеп ғимараты 3 қабатан тұрады.
Аталған білім ошағының ашылу салтанатына Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев арнайы қатысты. Шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекетті Туы енгізіліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады. Аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, ата–аналар тарапынан Түгелбаев Қаңқабай сөз сөйледі.
«Қымбатты оқушылар, ата – аналар, Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты, мереке – Білім күнімен құттықтаймын! Биылғы жылы Келес ауданы көлемінде 2 мектептің құрылысы бітіп, пайдалануға берілуде. Алдағы уақытта 9 мектептің ғимаратын салу жоспарланып отыр. Бүгін біздің ауданда 63 мектепте өздеріңіздей оқушылар осындай «Алғашқы қоңырау» мерекесіне қатысуда. Ұстаздар қауымын Білім күнімен шын жүректен құттықтай отырып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі қиындығы мол еңбекте тың табыстарға қол жеткізулеріңізге тілектеспін» — деді өз құттықтауында Ақментай Үсенұлы.
Қошқарата ауылдық округінің Жамбыл елді мекеніндегі оқушылар жаңа оқу жылын жаңа мектепте қарсы алды. 2019 жылы құрылысы басталған білім ғимараты ел игілігіне табысталды. Мерекелік шараға қатысқан Келес ауданы әкімінің орынбасары Алмас Сексенбаев оқушылар мен ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, су жаңа ғимараттың лентасын қиды.