Конституция күніне орай Түркістан қаласында жаңа саябақ ашылды

Түркістан қаласында Конституция күніне орай Бекзат тұрғын алабында қала тұрғындарының ұсынысына сай жаңа саябақ ашылды. Саябақтың ашылу салтанатына қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, зиялы қауым өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары қатысып, Бекзат секторы тұрғындарының қуанышына ортақтасты.

Салтанатты жиында сөз алған шаһар басшысы Нұрбол Әбдісаттарұлы мерейлі мереке Конституция күнімен жұртшылықты құттықтап, жылы лебізін білдірді. Мереке қарсаңында бірқатар азаматтар «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және алғыс хаттармен марапатталды.

Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын саябақта тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. 24 мың шарты метр аумақ көгалдандырылып, 3500 ағаш отырғызылған.

Аумақта балаларға арналған ойын алаңшалары мен воркаут алаңы орнатылған. Мерекелік кештерді өткізуге арналған сахна да қарастырылған. Спортпен шұғылданушыларға арналған арнайы жүгіру жолағы мен келушілер үшін 1200 шаршы метрді құрайтын автотұрағы да бар. Одан бөлек, 20 орындық пен 20 қоқыс жәшігі орнатылып, аяқ жол тақтайшалары төселген. Арнайы транформатор да қойылып, саябақ қоршалған. Жауапты мердігер мекеме саябаққа 2 жылдық кепілдеме береді. Кепілдеменің негізінде көгалдандыру жұмыстарын өз есебінен жүргізіп отырады.

Жалпы қала әкімі Бекзат секторы тұрғындарымен кездесуінде көтерілген 50 мәселенің барлығы орындалды. Бүгін жаңадан ашылып жатқан саябақ осы шешімін тапқан мәселердің бірі. Сондай-ақ, қазіргі таңда тұрғындар өтінішіне сәйкес Бекзат аллеясына жөндеу жұмыстары, Жандосов көшесінің бойына әсемдік қоршау жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан қаласында 318 гектарды құрайтын 32 саябақ бар. Ал, жалпы қолданыстағы күтіп-баптау аймағында жасыл-желекті 288 нысан бар. Олардың 75-і — гүлзар мен аллеялар.

Бұдан бөлек бүгін Түркістан қаласында санитариялық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында 1000-ға жуық адамның қатысуымен ауқымды сенбілік өтті. Қала әкімінің бекітілген кестесіне сай ұйымдастырылған тазалық шарасына қала тұрғындары, экобелсенділер, ерікті азаматтар қатысып, ортақ мекеннің көркеюіне үлестерін қосты.

Тазарту жұмыстары шаһардағы І.Қожабаев, Кенесары, Шаяхметов, Ә.Рысбеков, Семей көшелері мен I-II мөлтекаудандарында жүргізілді. Нәтижесінде аталған аумақтар қураған шөптер мен күл-қоқыстардан тазартылды. 6 аумаққа бөлініп жиналған қоқыстарды тасымалдауға коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен 15 техника жұмылдырылды.

Тазалық жұмыстарына атсалысқан табиғат жанашырлары қаланың дамуы мен абаттандырылуына үлес қосу үшін, көшеге қоқыс тастамау арқылы туристік астананың гүлденуіне үлес қосуға үндеді.

Иә, Түркістанның тазалығы – басты назарда! Осы ретте қаладағы 875 көше 3 кезекке бөлініп тазаланады. 1-кезектегі 112 көше күнделікті, 2-кезектегі 342 көше аптасына 2-3 рет, ал 3-кезектегі 421 көше аптасына 1 рет тазартылып отырады.

Шаһардағы тазалық жұмыстары бойынша 2 мекеме қызмет атқарады. Олар «Түркістан – жарық тазалық» ЖШС және «Жасыл қала – green city» ЖШС.

«Түркістан – жарық тазалық» мекемесі қаланың 160 көшесінің тазалығына жауапты. Онда 340 қызметкер жұмыс істейді және 36 техникамен қамтылған.

Ал, «Жасыл қала – green city» мекемесіндегі 80 қызметкер мен 12 техника шаһардағы 258 көшенің таза болуына атсалысып келеді. Қалған көшелердің тазалығына 6 сектор бойынша 7 жеке кәсіпкер бекітілген.

Сондай-ақ, төлем жүргізілетін тұрғындардың үлесі 75 %-ға жетіп отыр.

Қазіргі таңда қала аумағында ортақ пайдалану орындарын ластау, абаттандыру қағидатын бұзу, жол жабындысын бүлдіру бойынша 8 099 хаттама толтырылып, 100,4 миллион теңге айыппұл салынды.

Көше демекші, Түркістан қаласында өткен жылдың қорытындысымен асфальт жолдардың үлесі 383,9 (45,4%) шақырымды құраған болатын. Сондай-ақ, соңғы 3 жылда шаһар аумағындағы топырақ жолдардың шешімі табылды.

Жалпы, қала аумағында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Биыл оның 50,8 шақырымды құрайтын 45 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 23,8 шақырымды құрайтын 20 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары бастау алды. Аталған жол сапасын жақсарту мақсатында жасалған жұмыстарға қаржы толықтай бөлінген жағдайда, 45 көшенің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады. Нәтижесінде жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесін 51,4%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар, 2025 жылы 50,5 шақырымдық 77 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Аталған жөндеу жұмыстары іске асқан жағдайда, жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдар үлесі 57,4%-ға жетіп, асфальттанған жолдардың ұзындығы 485,2 шақырымды құрайды.

Реті келгенде атап өтейік, кешегі лездемелік мәжіліс 2025 жылы атқарылатын жұмыстарға арналды. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков секторлардағы өзекті мәселелерді саралап, даму жоспарына сәйкес, жоба құжаттарының дайындық сатысын тексерді.

Келесі жылы облыс орталығында инфрақұрылым құрылысы толық аяқталған 77 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Жаңадан қоныстанған аумақтарда тұрғын үйлерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 1 нысанға жобалау-сметалық құжат әзірленуде.

Қазіргі таңда, халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 3 нысанға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджетке ұсынылды.

Қаланы сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 15 нысанның құрылысы жүргізілуде. Қосымша тағы 3 нысанның жобалау-сметалық құжаттары рәсімделуде. Жобалар қолдау тапқан жағдайда, қалада орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 33 690-ға жетіп, қамту көрсеткіші 72%-ды құрайтын болады.

Нұрбол Әбдісаттарұлы келесі жылға қаржы кешікпей бөлінуі үшін құжаттардың ерте ұсынылуы қажеттігін ескертті.

— Әлі де уақыт бар деп, арқаны кеңге салмаңыздар. Ерте қимылдағанның ертеңі еш кетпейді. Биыл кәріз жүйесінің құрылысы аяқталған көшелер келесі жылы асфальттануы керек. Жаңадан қоныстанған аймақтардың инфрақұрылым жүйесінің мәселесі де шешілуі тиіс, — деп, қала әкімі жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin