Конституция күні қарсаңында Түркістан қаласында Жастар орталығы ғимаратының амфитеатры пайдалануға берілді

Конституция күні қарсаңында заманауи үлгідегі көпфункционалды ашық аспан астындағы амфитеатрдың ашылуына орай, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары шаһардағы белсенді жастармен кездесті.

Жиында сөз алған қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы жастардың үлкен күш екенін атап өтті. Дегенмен соңғы уақытта жастар арасында алаяқтық пен құқықбұзушылық көрсеткіштерінің әлі де көңіл көншітпейтінін, ал шындығында жастарды шыңдайтын тәрбиенің төресі еңбек екенін айтты. Тау қопарып, тас жаратын қайратты жастар мемлекеттің келешегі екенін жеткізді.

Шарада облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен мәдениет саласының ардагері Ұлжалғас Мұстафаева сөз сөйлеп, бүгіннің заманның басты талабы білім екенін атап өтіп, дарынды жастарды қолдауды арттыру қажеттігін, ал жастарда сол қолдауға лайықты талпыныс болу керектігін жеткізді.

Алқалы жиында Түркістандағы «Меймандостық және туризм университетінің» алғашқы түлектерінің бірі Гүлім Қалдаяқ туризм саласындағы жастардың рөлі туралы ойын айтса, белсенді мобилограф Бақжан Мырзақұл жастар орталығында замандастарына мобилография шеберлігін үйретуге ниетті екенін жеткізді. «Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің» мұғалімі Бақытжан Дүкенбай қала жастары атынан алғысын айтып, жастар орталығы жас буынды шыңдайтын қара шаңыраққа айнала берсін деген жылы лебізін білдірді. Жиын соңында әкім жастармен естелік суретке түсті.

Жалпы, Түркістан қаласында 71486 жас бар. Оның 10574-і — жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттер үлесінде. Орта арнаулы оқу орындарында 6743 студент білім алады.

Жастар демекші, бүгін Түркістан облысы мен қаласының дамуына сүбелі үлесін қосқан қаланың «Құрметті азаматы» Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевты еске алуға арналған футболдан ересектер арасында ашық біріншілік өтіп жатыр.

Дүбірлі жарыстың ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Футболдан өтіп жатқан біріншілікте Түркістан, Кентау, Сарыағаш қалалары мен Бәйдібек, Сауран, Жаңақорған аудандарынан келген 9 команда бақ сынасуда.

Іскер басқарушы, дарынды ұйымдастырушы бола білген Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаевтың Түркістан облысының экономикасы мен әлеуметтік дамуына қосқан үлесі орасан зор. Талапшыл әкім, мемлекеттік істе қайталанбас қолтаңбасы бар азаматты бүгінде замандастары игі істерімен еске алды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin