Шымкент: Көне шаһарды абаттандыру мен көгалдандыру бүгінгі қала әкімдігінің басты стра­тегиялық жоспарына айналып отыр

2000 жылдан астам тарихы бар көне Шымкент қаласы мегаполис атанғалы, жаңа тынысы ашылып, жаңғырып, жасарып, қайта түлеп, гүлденіп келе жатыр. Әсіресе, Шымкентте «Жасыл қала» жобасы қарқынды жүзеге асып келеді. Қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру бүгінгі қала әкімдігінің басты стра­тегиялық жоспарына айналып отыр.

Ахмет Байтұрсынов пен Түркістан көшелерінің қиылысындағы «Спутник» аталып кеткен аумақты білмейтіндер некен-саяқ. Кезінде шағын саябақ болған аумақ тоқырау белең алған 90-жылдары жекенің қолына өтіп кетіп, ол жерге сауда орындары жайғасқан болатын. Күні-түні саудасы қызып жататын дүңгіршектер, ғимараттар іргелес тұрған көпқабатты үйдің тұрғындарын мезі ете бастаған-ды. Содан қаланың Әл-Фараби ауданы әкімдігіне қарасты осы аумақты қайтадан бұрынғы «Спутник» шағын саябағы ету жөнінде тұрғындар шаһар басшысы Ғабит Сыздықбековпен болған есепті кездесуінде өзекті мәселе ретінде көтерген.

«Халық қаласа, хан түйесін сояды», көп ұзамай, халықтың талап-тілегі орындалып, бірнеше айдың көлемінде кішігірім базардың орнына әп-әдемі, ерекше сәулетпен салынған гүлзар пайда болып, тұрғындардың игілігіне берілді. Гүлзардың аумағы жарты гектар жерді құрайды. Ол қала әкімдігінің қолдауымен әрі демеушілер есебінен салынды. Құрылыс мерзімі бір айға созылыпты. Шағын саябақта 7 түр­лі сәндік талдың жүзге жуық көшеті егілді. Келешекте саябақта қайың, акация, шынар, емен, талшын талдары жайқалып өсіп, адамдарға өзінің саялы көлеңкесін сыйлайды. Қысы-жазы жасыл түсі өзгермеген қылқан жапырақты талдар да саябақ­тың сәнін ашады. Сонымен бірге гүл­зарда хай-тек стиліндегі шамдар, көпшілікке арналып салынған бас­тырмалар, әткеншектер орнатылған. Екі мың шаршы метр аяқжолға мәрмәр тастар, дәл осындай аумаққа шым төселген. Гүлзар маңындағы көпқабатты үйдің қақпасы петроглифтермен әрленген. Шағын саябақтың ашылу салтанатында қала әкімі Ғабит Сыздықбековке бұрынғы гүлзардың орны қайтадан жасыл желекке айналып, жайқалып, құлпырып шыға келгеніне жұрт ризашылығын жаудырып жатты. Мұны бір деңіз.

Келесі. «Аналар аллеясы» ашылды. Бұрын бейберекет автотұрақ болған жер екі айдың ішінде серуен алаңына айналып, шаһардың ажарын аша түсті. Демалыс орны мегаполистің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан әйел қауымының құрметіне арналған. 4 мың шаршы метр аумақты абаттандыру ісі жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асқан. 100 миллион теңгедей қаржы жұмсалыпты. Жобаға жергілікті тұрғындар разы.

Миллионды қаланы абаттандыру мақсатында ірі жобалар қолға алынған. Соның бірі — балалар темір жолы. А.Асқаров атындағы дендросаябақ пен Қ.Мұңайтпасов стадионын байланыстырып тұрған балалар темір жолы енді демалыс орны болады. Нысан бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жаңғыртылып жатыр. Жобаға сәйкес веложол, жүгіру жолдары, бірнеше воркаут алаңдары салынып, жан-жағы көгалдандырылуда. Екі станса орны кәсіпкерлерге беріліп, 120 адамдық сыйымдылығы бар заманауи кофеханалар ашылады. Ал, ескі локомотив естелік ретінде сақталмақ. Екі станса аралығында 6 шақырымды құрайтын жол асфальтталып, жарық шамдар қойылып жатыр. Балалар игілігіне қосымша ойын алаңшалары салынады. Жаңа серуен аймағы пайдалануға берілетін уақыт таяу.

Бұдан бөлек қала басшысы Ғабит Сыздықбековтің табандылығының арқасында халық игілігіне берілетін демалыс нысандарының қатарында жоғарғы базардағы жылдар бойы қараусыз қалған «Көл» және Ордабасы алаңындағы субұрқақтар да бар. Екі нысанды қайта құру жұмыстары аяқталып, санаулы күндерде тұсауы кесіліп, қала тұрғындары мен қонақтары шоғырланатын жаңа орынға айналмақ. Көлдің түбі тазаланып, айналасы абаттандырылып, көгалдандырылған аумаққа озық үлгідегі жарық жүйелері жүргізіліп жатыр. Су қоймасы толтырылып, субұрқақтар іске қосылады. 950 шаршы метрге бетон төселіп, 350 шаршы метр гранит жаңалану үстінде. Әрине, бұл жұмыстар да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылуда.

Білуімізше, үшінші мегаполисте бұдан бөлек қараусыз қалған тағы 10 демалыс орны демеушілер қаржысымен қайта қалпына келтіріліп жатыр.

Айтпақшы, қала көркін арттырып, тұрғындар мен қонақтарға заманауи талапқа сай жайлы жағдай жасау мақсатында теміржол вокзалының ғимараты қайта жаңартылды. 10 жылға жоспарланған инвестиция қаражаты 1 жыл ішінде қарастырылып, былтыр 10 маусымда басталған жұмыстар 2024 жылдың 10 мамырында толық аяқталды. Сенімгерлік басқаруға нысанды беру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқанын атап өткен жөн. Мұнда тәулігіне 27 бағыт бойынша поездардың қызметі ұйымдастырылған.

1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді, жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құраса, бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты. Сондай-ақ, жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін артты.

Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалды.

Міне, осылайша Шымкент уақыт талабына сай түлеп, түрленіп, жаңарып, жаңғырып, көркейіп, көздің нұрын тартатын шаһарға айналып келеді.

Т.ЕСЕНБАЙ.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin