МАҚТААРАЛ: ЖАҢА МЕКТЕП ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

1 қыркүйек — білім күні Мақтаарал ауданында 56 білім ордасының есіктері айқара ашылды. Ауданда 28 мыңға жуық оқушы білім алуға келсе, оның 3 мыңға жуығы 1-сыныптың табалдырығын аттап отыр.

Жаңа оқу жылында А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Абат ауылында Ж.Нұрлыбаев жалпы орта мектебінің 300 орындық жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Серікбаев қатысып, ауыл тұрғындарының, ұстаздар мен оқушылардың қуанышына ортақтасып қайтты.

«Білім күні — еліміздің әрбір тұрғыны үшін зор қуаныш. Өйткені, білім алуға және ғылымға ұмтылыс халқымыздың санасының тереңінен әрдайым орын алды. Бұл күн тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің болашағы үшін жауапты кезең бастамасы. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады. Сондықтан, баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!» — деді Алтын Күнтуқызы.

Пайдалануға берілген мектепте оқушылар үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Физика, химия, информатика, технология кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттері соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Сондай-ақ, кітапханасы, спорт залы, асханасы бар. Жалпы мұнда оқушылар түрлі спорттық, өнер және қолөнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамытуға мүмкіндіктері бар. Нысанның сыртқы көрінісіне, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінген.

Айта кетейік, жалпы Мақтаарал ауданында биыл 6 мектептің құрылысы жүрген болатын. Ж.Нұрлыбаев мектебінен бөлек, жыл соңына дейін тағы бір мектептің ғимараты пайдалануға берілетін болады.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.