Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында — Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізгендігін атап өтті. Науқастардың қымбат бағалы медициналық көмек алып, біраз дүниенің қолжетімділігіне алғыстарын білдіріп жатқанына да куәміз. Шымкент қаласында МӘМС жүйесінің енгізілуі халықтың медициналық көмекке қолжетімділін арттыруда. ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлері МӘМС жүйесінің маңыздылығы туралы барлық сала қызметкерлеріне түсіндіріп келеді. Осы жолы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы Ахмет Беден жауап берді.
Егер мүгедектігі бар болса, ЖК МӘМС-ке жарна төлеуі қажет пе?
- Жоқ, өйткені ол жеңілдетілген санатқа енеді. Сондай-ақ ол 18 жасқа дейінгі балалар; зейнеткерлер, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері; «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр Ана» атағы, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені бар көп балалы аналар; мектептерде, лицейлерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, магистратурада күндізгі білім алушылар санаттарына енетін болса, ЖК жарналарын төлемейді.
Декреттегі ЖК әйелдің МӘМС үшін ақы төлеуі қажет пе?
- «МӘМС туралы» Заңның 26-бабында мемлекет жарна төлейтін 15 санат айқындалған. Олардың қатарында үш жасқа дейінгі баланы/балаларды тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі) бар. Аталған бапта жұмыс істемейтіндер ретінде кәсіпкерлік немесе еңбек қызметін жүзеге асырмайтын және табысы жоқ адамдар белгіленген.Соған сәйкес қызметі ресми түрде тоқтатылмаған және жұмыс істеп тұрған ЖК бар декреттегі әйел жеңілдікті санатқа енбейді. Сондықтан МӘМС-ке жарна төлеуі тиіс.Ол сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті ресми түрде жабуына немесе тоқтата тұруына болады. Бұл оған жеңілдік санатына енуге мүмкіндік береді.
Жеке кәсіпкерге МӘМС жарналарын төлемегені үшін өсімпұл салынады ма?
- Иә. Төлем күнін қоса алғанда, мерзімі өткен әрбір күн үшін қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі. Өсімпұлды болдырмау үшін жалдамалы қызметкерлері болса, жарналар мен аударымдарды уақтылы төлеу қажет. Есепті кезеңнен кешіктірмей, яғни кірістер төленген айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмеу керек. Мемлекеттік кіріс органдары (салық комитеті) аударымдар мен жарналардың уақтылы және толық есептелуіне және аударылуына бақылау жүргізеді. Егер жеке кәсіпкер жарналарды және аударымдарды төлеуден жалтарса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
«ANYQ.KZ-ақпарат»