Мемлекет басшысы Түркістан қаласын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз ететін «SPK TURKISTAN» өндірістік паркіндегі кәсіпорындармен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK TURKISTAN» өндірістік паркін аралап көрді.

Өндірістік парктің құрылысы 100 гектар жерге салынады. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 миллиард теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 миллиард теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, көкөніс сақтау қоймасымен танысты.

Мұнда 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтап, Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «М-Адал» компаниясы жүзеге асырды. Алдағы уақытта аймақтағы Леңгір, Жетісай, Шардара, Сарығаш секілді ірі елді мекендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Сарыағаш қаласынан 2 мың тонналық қойма салу жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс цехтары таныстырылды.

Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Келесі кезекте тамшылатып суару қондырғыларын шығаратын екі зауыт ашуды көздеп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығаратын «Аqniet Holding» өнімдерін көрді. Соңғы үш жылда компания 50-ге жуық мектепті жабдықтаған. Мұнда «Жайлы мектеп» стандартына сай жиһаздар, «KAZMEDPRIBOR» компаниясымен бірлесіп, медицина мекемелеріне арналған жабдықтар жасалады.

Президент тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіретін «Jasyl suyq Qazaqstan» кәсіпорнының өндіріс алаңына барды.

Өнімдерін Орталық Азия елдеріне импорттап келе жатқан болгариялық «UBC Group» холдингі Түркістан облысында екі ірі өндіріс желісін ашу жөнінде шешім қабылдаған. Инвестор жобаның бірінші кезеңіне 5 миллион еуро көлемінде қаржы құяды. «SPK TURKISTAN» аумағындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұран» арнайы экономикалық аймағында іске қосылатын екінші зауытқа 7,5 миллиард теңге инвестиция салынады. Нәтижесінде айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Turan Su» мекемесінің қызметімен де танысты.

2019 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі міндеті – мемлекет меншігіндегі ирригациялық жүйелер мен гидрологиялық құрылыс жайларын күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау, елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету. «Turan Su» басшылығы жұмысты тиімді ұйымдастырып, табысты еселеу арқылы қосымша инвестициялық жобаларды жүзеге асыра бастаған. Атап айтқанда, биыл кәсіпорын индустриялық парк аумағында жылына 9 мың гектарға тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты. Келешекте кәсіпорын суару жүйелеріне арналған параболалық науалар өндірісін жолға қоймақ.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, өңір экономикасының дамуына тың серпін беру үшін Түркістан облысында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 триллион теңге болатын 145 инвестициялық жобаны жүзеге асыру – басты мақсаттардың бірі. Нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады.

Президентке қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co.Ltd» компаниясымен өңірде мақтаның элиталық сұрыптарын өсіру және тоқыма кластерін құру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқаны баяндалды.

Бұдан бөлек, ірі жобалардың қатарында қуаты 926,5 МВт бу-газ қондырғысының, 800 МВт күн және жел электр станцияларының, Түркістан қаласындағы бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы, дрон және бейнебақылау камералары, газ қазандықтары, тұрмыстық техника, тау-кен және металлургия кешеніне арналған құрылғылар, алюминий бұйымдар өндірісі секілді маңызды бастамалар бар.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына бойлерлер, трансформаторлар мен электр техникасы жабдықтарын, ауыл шаруашылығы техникасын, құрылыс материалдары мен химиялық заттар өндіретін, жүгеріні терең өңдейтін, сусын, киім-кешек, аяқ киім, жиһаз түрлерін шығаратын кәсіпорындар таныстырылды.

«SPK TURKISTAN» өндірістік паркінде ұйымдастырылған көрмеге ет, сүт және балық өнімдері, сусын, балмұздақ, шоколад түрлері, сондай-ақ ірі ауыл шаруашылығы бірлестіктері өсірген жеміс-жидектер мен көкөністер қойылған.

Президентке өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға, су үнемдеу технологияларын енгізуге, жылыжайларды көбейтуге және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ден қойылмақ. 2030 жылға қарай өңірде суармалы жерлердің 40 пайызына су үнемдеу технологиялары енгізіліп, аумағы 602 гектарды құрайтын жаңа жылыжай кешендері іске қосылады. Сонымен қатар алдағы үш жылда 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен әңгімелесіп, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мәселесі жөнінде пікір алмасты.

– Жұмыс өте сәтті жүзеге асырылып жатыр екен. Үкімет өңірге көмек көрсетеді. Түркістан облысының жағдайы жаман емес. Әкім жақсы жұмыс істеп жатыр. Қолынан іс келеді. Сондықтан облыстың келешегі зор деп ойлаймын. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы су үнемдеу технологиясын енгізудің маңызды екеніне назар аударды.

Тағы бір атап өтер жайт, сапар барысында Мемлекет басшысы Ордабасы ауданының Бадам ауылында орналасқан «Бөрте Милка» ЖШС тауарлы сүт фермасын аралап көрді.

2016 жылы негізі қаланған бұл кәсіпорын Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде биыл 403 бас сиыр сатып алды. Нәтижесінде қосымша 15 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жобаға мемлекеттен жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын жеңілдетілген 2,4 миллиард теңге несие берілді. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Ферма «DeLaval» швед технологиялық кешенімен жабдықталған.

Ферма тәулігіне 25 тонна сүт өңдеп, 20-дан астам өнім түрін шығарады. Кәсіпорынның тауары негізінен Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Шымкент пен Алматы қалаларына жеткізіледі.

Мұнан өзге Президент Ордабасы ауданында «JNRAY Group» серіктестігі биыл іске қосқан тігін фабрикасының жұмысымен де танысты.

Аумағы 6 мың шаршы метр болатын жеңіл өнеркәсіп нысанын ашуға мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы аясында 1,4 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа фабрикада киім-кешек, төсек жабдықтары және арнайы киім түрлері шығарылатыны жөнінде мәлімет берілді. Бүгінде кәсіпорында 300 адам жұмыс істейді. Келешекте өнім түрлерін көбейтіп, тігіншілер санын 500-ге дейін жеткізу жоспарланған. Қажетті шикізат көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен жеткізіледі.

Мемлекет басшысы тігін цехын аралап көріп, өнім үлгілерімен танысты.

Жалпы, Түркістандағы экономикалық және индустриалды аймақтың жұмысы жанданып келеді. Күн санап өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын көбейту жұмыстары жанданып, оларды іске қосуға ерекше басымдық беріле бастады. Бұл бағытта жан-жақты ауқымды жұмыс жүруде. Жыл санап өндірісті дамыту және кәсіпкерлерді қолдау мақсатында индустриалды аймақтардың саны артып келеді. Бұл аймақтар өңір экономикасын көтеруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға зор үлес қосады деп күтілуде. Бұл бағытта жергілікті билік пен инвесторлар арасында тиімді серіктестік орнап, аймақтарда іскерлік белсенділік артып отыр. Индустриалды аймақтардың арқасында бизнес климат жақсарып, жаңа өндіріс орындары мен инновациялық жобалар жүзеге асырыла бастады.

Облыс көлемінде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда жалпы инвестиция көлемі 190 миллиард теңгені құрайтын 95 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асырып жатыр. Мақтаарал, Шардара, Созақ, Қазығұрт, Кентау, Түлкібас, Бәйдібек және Ордабасы аудандарындағы индустриалды аймақтарда инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Осылайша, кәсіпкерлерге қажетті жағдайлар жасалып, өндіріс процестері оңтайландырылды.

Сондай-ақ шағын өндірістік парктердің құрылысы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Өндірістік парк аумағында 42 өндірістік ғимараттар салынып жатыр. Қазіргі таңда өндірістік парктің 1-кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды. Бұл өндірістік парктер шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында құрылып, кәсіпкерлерге заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Осылайша, аймақта жаңа өндіріс орындары ашылып, экономикалық белсенділік артып келеді.

Индустриалды және өндірістік аймақтардың дамуы Түркістан облысының экономикалық өсуіне және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға зор үлес қосумен қатар жергілікті кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес орта қалыптасып, шетелдік инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасауға жол ашады. Облыс әкімдігі мен жергілікті билік өкілдері аймақтағы өндірісті дамыту және жаңа жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті қолдауды көрсетуде.

Таяуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірдегі индустриалды аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағын инфрақұрылыммен қамту, жаңа кәсіпорындар ашу мәселелерін талқылауға арналған мәжілісте аталған аталған жобалар туралы сөз болды.

Облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды.

“Өңірдің дамуы өндіріс орындарының ашылуымен тікелей байланысты. Нақты тапсырмалар берілген. Индустриалды аймақтардың жұмысын жандандыра алмаған басшыларға тиісті шара көріледі. Болмайды былай, әрекет етіңіздер. Инвесторлар тартыңыздар. Инфрақұрылымын жетілдіріңіздер. Нақты жоспар, ұсыныстар, жүйелі жұмыс қажет”, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Түркістан облысындағы 10 индустриалды аймақ пен «Turan» арнайы экономикалық аймағының қазіргі жай-күйіне талдау жасалды. Облыста индустриалды және өндірістік аймақтарды кеңейту, газбен, сумен, электрмен, инфрақұрылыммен қамту және жаңа инвесторлар тарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Ауыз толтырып айтарлығы, Түркістан қаласына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жұмыс орындарын ашу, өндіріс орындарын көбейту аса маңызды екенін тапсырған болатын. Осы бағытта биыл Түркістан облысында жүйелі жұмыс жүруде. Қазіргі таңда жылдың алғашқы 8 айының қорытындысымен өңірге тартылған инвестициялар көлемі 596,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 125,6%-ға өсті.

Инвестицияның өсу қарқынын қамтамасыз ету мақсатында, 2024-2027 жылдары жүзеге асырылатын 145 инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылған. Жобалардың жалпы құны – 2,5 триллион теңге. Олардың есебінен 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.

2024 жылы жалпы құны 142,4 миллиард теңгені құрайтын 2 233 жаңа жұмыс орнын ашумен 59 инвестцииялық жобаны іске асыру көзделген. Бүгінде жалпы құны 76 миллиард теңгеге 866 жұмыс орны құрылып, 25 инвестициялық жоба іске қосылып үлгерді.

Бұдан өзге Жалпыұлттық пул аясында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 1,5 триллион теңгеге 8 114 жұмыс орнын ашатын 23 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылып, Ұлттық цифрлық платформаға енгізілді.

Расын айту керек, Түркістан облысы өңірдің экономикасын нығайтуға, салаларды әртараптандыруға және жұмыс орындарын құруға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру үшін отандық және халықаралық инвесторларды тарта отырып, белсенді дамуын жалғастыруда.

Инвестициялық жобалардың ұлттық пулының шеңберінде 8500-ге жуық жұмыс орнын құрумен жалпы құны 1,5 триллион теңгені құрайтын 23 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде 2024 жылы 18,4 миллиард теңгені құрайтын 10 жобаны іске қосу жоспарлануда. 900-ден астам жұмыс орнын құру. 2025 жылы химия, тамақ өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында 7 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланса, 2026 жылға қарай энергетика, көлік және логистика салаларында 5 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарлануда.

Тұтастай алғанда, Қазақстан Үкіметі шикізатқа бағдарланған экономикадан қосылған құны едеуір жоғары салаларға басымдық беретін экономикаға өту жөніндегі шараларды іске асыруды жалғастыруда. Бұл индустрияландыруды және оның қарқынды дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мәселен, өткен жылы өңдеу өнеркәсібінде 928 миллиард теңгеге 170 жоба іске асырылды. Отандық тауар өндірушілермен 179 ұзақ мерзімді шарт пен оффтейк-келісімшарт жасалды. Барлық қабылданған шаралардың арқасында өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен өнеркәсібінің үлесімен теңесті.

Биыл 1,2 триллион теңгеге 180 индустриялық жоба іске асырылмақ. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз етудің жаңа тетігі индустрияландыруды жеделдетуге ықпал ететін болады.

Машина жасау саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарын орындау арқасында осы саланың жалпы қосылған құны 4,5 есе өседі деп күтілуде.

Жалпы, бүгінде Қазақстанда 32 триллион теңгеге 1 мыңға жуық инвестициялық жобаның жалпыұлттық пулын іске асыру жалғасуда. Бұл экономиканың барлық салаларына қатысты. 2023 жылы 1,8 трлн теңгеге 298 жоба іске қосылды. 2024 жылы жалпы сомасы 3,8 трлн теңгеге 326 жоба іске асырылмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвестициялық штабтың жұмысы қайта қаралып, күшейтілді. Ірі инвестициялық жобалар бөлек қаралады, туындайтын барлық мәселелер жеке қаралып, шешілетін болады.

Еске салар жайт, Президенттің Түркістан облысына жұмыс сапары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден басталды. Мемлекет басшысы ақын, ғұлама, бүкіл түркі дүниесіне ортақ рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің және кесене аумағында жерленген басқа да тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесенеде жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде баяндалды.

Мұнан соң Мемлекет басшысы «Білім-Инновация» лицей-интернатында болды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқу орнындағы білім беру процесінің ерекшелігі мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды.

Лицейде жаратылыстану-математика бағытына басымдық беріледі. Атап айтқанда, физика, химия, биология, математика және информатика пәндері бойынша сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Ұстаздар оқушылардың академиялық жетістіктеріне ден қояды. Нәтижесінде олар республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында және спорт сайыстарында үздік атанып жүр.

Жыл басында жаңа ғимарат пайдалануға беріліп, лицей-интернат Кентаудан Түркістан қаласына көшірілген. Қазір мұнда 500-ден астам оқушы білім алып жатыр.

Президент оқу және үйірме кабинеттерін, спорт залын аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті.

Мемлекет басшысы еліміздің келешегі жас ұрпақтың қолында екенін айтып, олардың оқуда озат болуына тілектестік білдірді.

Бүгінде Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 14 мың оқушыға арналған 29 мектеп салынып жатыр. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық бойынша істі болған тұлғалардан тәркіленген қаржыға өңірде 20 білім беру нысаны бой көтереді. Оның 13-і биыл пайдалануға берілмек. Жыл соңына дейін облыстағы 4 апатты және үш ауысымды 5 мектептің мәселесі толығымен шешіледі.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы Түркістан қаласындағы Мұз сарайын аралап көрді. Заманауи үлгіде жабдықталған кешенде шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған.

Нысанда Италия, Канада, Германия, Финляндия елдерінде шығарылған қондырғылар орнатылған. Арнайы технология алаңның пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мұз айдынында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұз сарайын аралап көріп, балалардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бапкерлермен және спортшылармен кездесті.

Президент отандық спортшыларды әрдайым қолдайтынын, жетістіктерін бақылап отыратынын айтып, оларға сәттілік тіледі.

Жергілікті «Turan Tigers» хоккей клубының спортшылары Мемлекет басшысына команданың жейдесін сыйға тартты.

Жалпы, Түркістанды әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сай облыс орталығында «Түркістан-арена» стадионы, көпбейінді «Олимпик» орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, «Тұран» футбол академиясының ғимараты бой көтерген. Сонымен қатар 7 теннис корты салынып, жалпы ұзындығы 51 шақырым веложол төселген.

Оған қоса Мемлекет басшысы Түркістан қаласында жаңадан бой көтерген «Достық үйінің» жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен салынған кешенде «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан.

Мемлекет басшысы ғимаратты аралап көріп, жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен жүздесті.

– Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер. Түркістан облысында 50 ұлт өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес, болмайды да. Біз – бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бастысы – осы. Сондықтан ынтымағы жарасқан қоғамның іргесін әлі де бекіте түсеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Түркістанның көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударды. Бұл ретте Түркістанға облыс мәртебесін берген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті.

Кездесуде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркістанның облысқа айналған сәтінен бері орын алған оң өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыс айтты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin