Мемлекет басшысы Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық бітімгерлік құрам сапында табысты қызмет атқарып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан офицерлермен және сарбаздармен кездесті. Президент елімізге жүктелген жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарып келген әскерилер ерлік пен батылдықтың озық үлгісін көрсеткенін, сол арқылы Ұлттық армиямыздың, тұтас мемлекетіміздің беделі көтерілгенін атап өтті.

– Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Қазір әлемдегі жағдай аса күрделі екенін білесіздер. Түрлі қақтығыстар болып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін келіссөз арқылы шешу мүмкін болмай тұр. Мұндай кезде бітімгерлік миссиялары айрықша рөл атқарады. Қазақстан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдаймыз, – деді Жоғарғы Бас қолбасшы.

Президенттің айтуынша, еліміздің қарулы күштері 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне өз үлесін қосып келеді. 80 азамат байқаушы және штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысып, 700-ге жуық әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына қатысқан. Мемлекет басшысы олардың ішінде Әлия мен Мәншүктің, Хиуаздың жолын жалғаған жаужүрек арулар да бар екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген ел бітімгерлік күштерге қосылуға ұмтылатынына, бірақ бәріне бірдей сенім артыла бермейтініне назар аударды. Қазақстанға осындай мүмкіндік беріліп отырғанын, бұл ретте ұлттық армиямыз былтыр тағы бір тарихи қадам жасағанын айтты.

– Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан – осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет, – деді Президент.

Жоғарғы Бас қолбасшы сарбаздарды маңызды миссияларға даярлау ісіне айрықша назар аударды. Оның айтуынша, аз уақыт ішінде әскери қызметшілерді түрлі дағдыларға бейімдеп, оларды халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен түгел қамтамасыз ету үшін сапалы жұмыс атқарылды.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin