МӘМС ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША ТӨЛЕМДЕР ҚАПЕРДЕ БОЛСЫН!

Жыл сайын ең төменгі  күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері  инфляцияның болжамды деңгейіне байланысты өзгереді. Биылғы жылдың  қаңтар айынан бастап МӘМС жүйесіне қатысушылардың төлейтін төлем түрлеріне өзгерістер енгізілді. Бұл жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев хабарлады.

 Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлейтін жарналар мен аударымдар  көлемі МӘМС туралы заңда бекітілген және ағымдағы жылы өзгеріссіз қалды. Ал, ең төменгі жалақы және айлық есептік көрсеткіш базалық әлеуметтік төлемдерінің мөлшері өсуіне байланысты дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейтін жарна көлемі артты.   

Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін  – жалақының 3% мөлшерінде төлейді. Алайда салық салынатын табыс 10 АЕК (700 000 теңге)  аспауы керек, яғни жұмыс берушінің ақша аударымының ең жоғары сомасы 21 000 теңгені құрайды.

Жұмысшы және келісімшартпен табыс табатын жеке тұлғалар —  табысының 2% төлейді. Бұл жерде салық салу объектісі 10 ЕТЖ аспайды, ақша аударымының ең жоғары сомасы 14 000 теңгені құрайды.

Жеке кәсіпкерлер —  ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы немесе 4 900 теңге төлейді.

 Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (БЖТ төлеушілер):

— Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін БЖТ көлемі 1 АЕК құрайды, яғни 3 450 теңге.

— Қалған елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ көлемі 0,5 АЕК құрайды, яғни 1 725 теңге.

Қор филиалы директорының айтуынша, сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болу үшін ыңғайлы әрі тиімді тәсіл – дербес төлеуші ретінде алдағы 12 айға жарна төлеуге болады. Мысалы, 2023 жылдың қаңтарынан бастап сақтандыру мәртебесін алу үшін 2023 жылдың қаңтарынан желтоқсанға дейінгі әр айға жеке-жеке 3 500 теңгеден төлем жасау керек. 

 Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап арнайы салық режимдерін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бірыңғай төлем енгізілді. Осы әдіс бойынша барлық міндетті төлемдердің мөлшері жұмыс берушілер үшін 15%, ал қызметкерлер үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 10% құрайды. Бұл ретте төлем есептелетін ең жоғары айлық табыс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.    

Сонымен қатар, мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін төлем жасауды жалғастырады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеңілдік санатындағы әр адамға жарна мөлшері   4 505,6 теңгені құрайды.

Көпшілік екі жерде жұмыс істейтін қызметкердің жарналар мен аударымдар мөлшерін шекті максимумды қолдана отырып, жалпы кірістен немесе олардың әрқайсысынан түсетін табысты жеке-жеке есептеу керек пе деген сұрақ қояды.

  Мысалмен түсіндірейік. Қызметкердің бір ұйымдағы жалақысы        500 000 теңге, ал екіншісінде – 300 000 теңге делік. МӘМС туралы заңға сәйкес, жарналар мен аударымдарды есептеу үшін ай сайынғы табыс 10 АЕК аспауы тиіс. (10 * 70 000 = 700 000 теңге).

Бұл ретте аударымдарды есептеу үшін осы шек әрбір жұмыс беруші бойынша жеке қолданылады (яғни бір жұмыс орнындағы шекті табыс). Қарастырылып отырған мысалда бірінші және екінші ұйымдағы қызметкердің жалақысын жеке-жеке есептегенде 10 АЕК аспайды: 500 000 теңге < 700 000 теңге; 300 000 теңге < 700 000 теңге. Демек аударымдар жалақының толық мөлшеріне сәйкес есептеледі: 500 000 теңге * 3% = 15 000 теңге (бірінші жұмыс орнынан МӘМС-ке аударымдар); 300 000 теңге * 3% = 9 000 теңге (екінші жұмыс орнынан МӘМС-ке аударымдар).

Ал жарналарды есептеу үшін қызметкердің бір айдағы барлық кірістерін қосуыңыз керек (яғни жалпы барлық жұмыс берушілер бойынша). Қарастырылып отырған мысалда қызметкердің екі жұмыс орнынан түскен жалпы табысы 10 АЕК асып түседі (500 000 + 300 000 = 800 000 теңге). Демек, жарналардың мөлшері жалпы алғанда 14 000 теңгеден аспауы тиіс. Сонымен, 500 000 * 2% = 10 000 теңге (бірінші жұмыс орнынан МӘМС жарнасы). Ал екінші жұмыс орнынан МӘМС жарнасы: ең жоғары рұқсат етілген жарна 14 000 теңгені құрайды – 10 000 (бірінші жұмыс орнынан ұсталған жарна) = 4 000 теңге. Екінші жұмыс беруші жарна мөлшерін дұрыс есептеуі үшін қызметкер оған аударылған жарналар туралы бірінші жұмыс орнынан анықтама апаруы керек. Бұл анықтама берілмеген жағдайда, екінші жұмыс беруші жарнаны толық көлемде төлейді, яғни  300 000 * 2% = 6 000 теңге. Нәтижесінде екі жұмыс орнынан төленген жарналар 16 000 теңгені құрайды. Алайда артық төленген қаражат (рұқсат етілген ең жоғары жарнадан жоғары) қайтарылады: 16 000 – 14 000 = 2 000 теңге.

Егер пациентте сұрақтар туындаса, өзі тіркелген емханаңыздағы пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуіне болады. Не болмаса  Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegramдағы SaqtandyryBot арқылы хабарласуына болады.

Сонымен қатар, egov.kz электрондық үкіметінің сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінен медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебесін тексеріп, жүргізілген төлемдер туралы «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ке аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы білуге болады.   

                                

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.