Жол құрылысы қарқынды
Ең әуелі, Түркістан қаласында жол құрылысы қарқынды. Түркістан қаласында жол сапасын жақсарту мақсатында бірнеше ірі жобалар дайындалды. Бүгінде жобалар аясында жол құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Атқарылған жұмыстардың көрсеткішіне тоқталар болсақ, жыл басынан бері 10 көше орташа жөндеуден өтіп үлгерген. Олар: Шалкиіз Жырау, Марқасқа жырау, Қазтуған жырау, Сарқырама, Жерұйық, Ақтанберді жырау көшелері мен Асан қайғы — А.Юсупов аралығындағы көше, Гаухар ана көшесі (сарқынды су жүйесі аяқталған аумағы), А.Юсупов көшесі, Әйтеке би көшесінің тұйығы.
Қазіргі уақытта аталған жұмыстар Меркі — Шәуілдір тас жолы аралығында, Асан қайғы өткелінде, Асан қайғы — А.Юсупов аралығындағы көше мен Ғ.Мүсірепов, Ж.Еділбаев, Ғ.Мұратбаев — Әйтеке би аралығындағы көшелерде жалғасуда.
Одан бөлек, жыл басынан бері 86,3 шақырымды құрайтын 111 көшеге тас төселіп үлгерсе, 9 көшеде тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ шаһарда кең жолақты бірнеше көшеде күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда.
Атап айтқанда, Қазыбек би — О. Жарылқапов аралығында жаяу жүргіншілер жолы салынып, жол жиектастары, суағар науалар орнатылуда. Инфрақұрылым жүйелерінің орны ауыстырылып, асфальт төсеу үшін жол негізі әзірленуде.
Қазыбек би мен І.Қожабаев көшелері толық реконструкциялаудан өтуде. Қазыбек би көшесінде тұрғындар сұранысы бойынша көпір салынса, І.Қожабаев көшесіндегі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақындаған.
Қазіргі таңда, биылғы жоспарға түзілген 94 көшеге (89,6 шақырым) асфальт төсеу үшін коммуникация жүйесі толық жүрген, топырағы табиғи тапталу кезеңінен өткен көшелерде жол негізін дайындау жұмыстары атқарылуда.
«Күміс жас» жобасы аясында 171 азамат жұмыспен қамтылған
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде атқарылған жұмыстарды талдап, бөлім басшысы Эльмира Бейсенованың есебін тыңдады.
Шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, бөлім тарапынан учаскелік комиссияның жұмысына, АӘК тағайындаудың шынайылығына мониторинг жүргізілді. Құжаттарды қайта зерделеу барысында 8 отбасына АӘК заңсыз тағайындалғаны анықталып, қаржыны қайтару бойынша хабарлама жолданған.
Сонымен қатар, тұрақты жұмысқа жолданғандардың жұмыстан жалтару деректері орын алмауы үшін қадағалау жалғасуда. АӘК алушы азматтардың мәртебесінің шынайылығына зерделеу тұрақты атқарылуда. Жылдың алғашқы тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда азайды.
Мүгедектігі бар азаматтарды абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасының 2024-жылғы жоспары бойынша, қосымша қажетті 1812 құралға облыстық басқармаға ұсыныс жолданып, республикалық бюджетке өтінім рәсімделуде.
Жұмыспен қамту шаралары туралы “Еңбек мобильділігі орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Түркістан қалалық мансап орталығының басшысы Нұрсұлтан Жүсіпбаев баяндады.
Құрылыс басқармасынан ашылған 2 жобада – 14, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінен басталған 8 жобада – 30, қалалық құрылыс бөлімінен ашылған 2 жобада 19 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы өңірлік карта аясында 63 адам жұмысқа орналасты.
«Күміс жас» жобасы аясында 171 азамат жұмыспен қамтылған, тұрақты бос жұмыс орындарына – 1205, қоғамдық жұмыс орындарына — 1006, әлеуметтік жұмыс орындарына — 140, Жастар практикасына 96 адамға жолдама берілді. Жалпы белсенді еңбек шараларына қатысқандар саны — 2748.
Нұрбол Әбдісаттарұлы белгіленген жоспарлардың толық орындалуы тиіс екенін ескертіп:
— Сыбайластыққа жол берілмеуін қатаң қадағалаңыздар. Мұқтаж отбасылардың несібесіне қол сұғушылар заңмен жазаланады. Көмек сұрап келген әр тұрғынның жағдайын зерттеңіздер. Атаулы әлеуметтік көмекті қалай алуды білмейтін, құжаттары жоқ шын мұқтаж адамдар болады. Мұндай жағдайда құқықтық кеңес беріп, құжаттарын рәсімдеуге көмек беру керек, — деді. Жиналысты қортындылай келе, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуына мерзім белгіледі.
Жұмыспен қамту демекші, Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шара Түркістан облысының Еңбек мобильді орталығының қолдауымен және Түркістан қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынған.
Екі қолға бір күрек іздеген азаматтар үшін 20-дан астам жұмыс беруші 200-ге жуық вакансия ұсынған. Тұрақты жұмысқа шақырғандар қатарында біршама белгілі жеке кәсіпорындармен қатар, алматылық компаниялар да бар.
«Мұнда азаматтар жастар практикасы, әлеуметтік және қоғамдық жұмыс пен тұрақты жұмыстарға бағыт-бағдар алып, қажетін таба алады. Мұндай жұмыс жәрмеңкелері алдағы уақытта ұдайы ұйымдастырылатын болады»- дейді қалалық Мансап ортылығының директоры Нұрсұлтан Жүсіпбаев.
Инфрақұрылым заман талабына сай жүргізіліп жатыр
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков «Иасауи» тұрғын үй кешеніне барып, берілген тапсырмалардың орындалуын тексерді.
Қазіргі таңда мұнда спорт және балалар алаңшасы жасақталып аяқталды. Аулаға асфальт жабындысы төселіп, көгалдандыру жалғасуда. Үйлердің қасбеттерін реттеу ісі соңына таяды.
Көпқабатты үйлер Тоған көшесінің тұйығына орналасқандықтан көлік қатынасын реттеу мәселесі де шаһар басшысының назарынан тыс қалмады. Көпқабатты үй жанынан Ұлыс көшесіне жалғасатын жол ашылып, асфальт төселді.
Сондай-ақ, аралау барысында Нұрбол Әбдісаттарұлы жауапты мамандардың Тоған көшесінде жол ыңғайлылығын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарын тыңдап, қауіпті бұрылыс аймағын аралады. Жобаның тиімділігін негіздеп, қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді.
Осы тұста ескерер жайт, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков кезекті лездемелік мәжілісті Инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне, Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне, Құрылыс бөліміне берілген тапсырмалардың орындалуы мен жұмысшы топтың анықтаған кемшіліктерін саралауға арнады.
Қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков рәсімделу сатысындағы жобалау-сметалық құжаттар жайын баяндап, ұсыныстарға тоқталды. «Отырар» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйлерді газдандыру барысында туындаған мәселелер талданып, жауапты бөлімге тиісті тапсырмалар жүктелді.
Жолдарға тас төсеу барысы мен қаладағы аялдамалардың жай күйі бойынша Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Арман Оспан есеп берді.
Мәжіліс барысында жұмысшы топтың қала аумағында анықтаған кемшіліктері ұсынылды. Бүлінген жол жабындылары мен жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды ретке келтіру, құдықшаларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, шұғыл әрекет ету, тазалықты қамтамасыз ету және заң аясында тиісті шараларды қабылдау тұрақты қадағаланатынын ескерткен Нұрбол Әбдісаттарұлы әр бөлім басшысына күнделікті жұмысты бекітілген аумақтарды аралаудан бастауды тапсырды:
— Бөлімдер көрмеген кемшіліктерді сектор жетекшілері ұсынуы тиіс. Нәтиже көңілден шығуы үшін жұмысты өз деңгейінде ұйымдастыра білу маңызды. Тұрғындардан артық көмекші жоқ. Рас, маманы болмаған соң кей мәселелерді түсінбеуі мүмкін. Түсіндіріңіздер. Орынды сынды қабылдауды, қорытынды шығаруды үйреніңіздер, — деді қала әкімі өз сөзінде.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков І мөлтекаудан аумағын аралап, көпқабатты үйлердің тозығы жеткен ауыз су жүйелерін ауыстыру бойынша берілген тапсырмасының орындалуын тексерді.
“Түркістан су” МКК директоры Ақниет Асылов қазіргі таңда бір үйдің құбыры жаңартылғанын жеткізді. Жалпы көпқабатты 39 үйде су құбырын ауыстыру көзделген. Қала басшысы қойылатын құбырлардың сапасына мән беруді тапсырды.
Шаһар басшысы сондай-ақ, кәріз жүйесінің құрылысы жүргізілген Әл-Фараби көшесінің қазіргі жағдайын бақылады. Мұнда абоненттік жүйе де тартылып аяқталған. Қазылған аумақтар табиғи тапталу кезеңінен өтуде. Ифрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы ескертулер бойынша атқарылған тірліктердің есебін берді.
Нұрбол Әбдісаттарұлы жол құрылысын жүргізу барысында суағар жүйесін ұмытпауды ескертті:
— Жол төсеу кезінде көлік қозғалысына кедергі келтіруі мүмкін деген барлық ықтималдар назарға алынуы қажет. Суағарды жүргізу — жолдың тарылуына алып келмесін, жаңа тәсілдер ұсыныңыздар, — деп жауапты бөлімге бірқатар тапсырма жүктеді.
Халықтың талап-тілегінің уақтылы орындалуына басымдық беріледі
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков облыс әкімінің және өзінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуын саралап, лездемелік мәжіліс өткізді.
Құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бексұлу Сүлейменова өз баяндамасында әкімдік бөлімдерінде қазіргі таңда мерзімі өткен орындалмаған тапсырмалардың жоқ екенін атап өтті. Уақыты белгіленген хаттамалық тапсырмалардың кестесін ұсынды. Жауапты мамандар салалары бойынша әр мәселеге тоқталып есеп беріп.
Қала әкімінің ақпан айында тұрғындармен өткізген кездесуі нәтижесінде түзілген 129 тапсырманың бүгінгі таңда 116-ы орындалып, бақылаудан алынған, 13 тапсырма даму жоспарына енгізілген.
Жалпы қала әкімінің секторларда тұрғындармен соңғы екі жылда түрлі деңгейде өткен кездесулерінде 1086 өтініш зерделеніп, заңға сәйкес жүзеге асты, 10 ұсыныстың орындалу мерзімі қаржы талап етуіне байланысты шегерілген.
Өтініштерді қарау және көрсетілетін мемлекеттік қызмет мониторингі бөлімінің басшысы Мадина Байғұт қала әкімінің жеке қабылдауында түзілген хаттаманың, сондай-ақ Е-өтініш базасына түскен өтініштердің орындалуы жөнінде баяндама жасады.
Мәжіліс барысында мерзімі таяған тапсырмалар да талданып, тиісті шешімдер қабылданды.
Халық демекші, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Түркістан қаласының тұрғындары үшін «Қаржылық сауаттылық» курсын өткізу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қабылданып, жүзеге асырылған болатын. Оның қолданылу аясын кеңейту мақсатында «Amanat» партиясы Halyk Bankпен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан. Ондағы негізгі мақсат — проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауаттылықтарын арттыру.
Осыған орай биылғы жылы елімізде 750 мың адамның қаржылық сауаттылығы арттырылмақ. Атап айтқанда, берешегі бар 200 мың қала, ауыл тұрғыны, 100 мың жоғарғы оқу орнының студенттері, 450 мың мектеп пен колледж оқушылары қаржылық сауат ашу курстарынан өткізілмек. Бұл өскелең ұрпақтың өз қаржысын сауатты әрі жауапты басқаруына мүмкіндік береді.
«Қаржылық сауаттылық» курсына қатысамын деушілерге төмендегі мекен жайлар бойынша қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Тел: 1310, instagram: turkistan1310, Whatsapp: +77073331310 байланыс орталығы арқылы тіркеле аласыздар.
Түркістан қаласы, Ғ.Мүсірепов №33 А, «Яссы» тұрғын алабы;
Түркістан қаласы, Ханқорған №3, «Бірлік» тұрғын алабы;
Түркістан қаласы, Н.Төреқұлов №3А, «Шауғар» тұрғын алабы;
Түркістан қаласы, Есенберлин №13, «Бекзат» тұрғын алабы;
Түркістан қаласы, Тілеумыңбасы №5, «Сауран» тұрғын алабы;
Түркістан қаласы, Қазыбек би №258, «Отырар» тұрғын алабы.
Отбасылық-демографиялық саясат мәселесіне де лайықты көңіл бөлінеді
Қала әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінің кезекті мәжілісі өтті.
Жиналыста тәрбиелі, саналы, білімді ұрпақ қалыптастыру жолындағы комиссияның жоспарлы жұмыстары бойынша атқарған жұмыстары талқыланды.
Сонымен бірге, халықаралық эксперт, БҰҰ (ООН) мүшесі Сағадат Сабитова қатысып, бала мен ана қатынасы бойынша баяндамасын жасады.
Одан бөлек, жиында күн тәртібіндегі бірқатар мәселе қаралды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы айтылып,
«Көмек» дағдарыс орталығының атқарған жұмыстары бойынша баяндалды.
Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жобалар, әйелдерге арналған жүктілікке дайындық және босанғаннан кейінгі күтім жасау бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеу талқыланды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.