Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға қолдау көрсету мақсатында арнайы тапсырма берген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында жүйелі түрде іске асып келеді. Мәселен, Отырар ауданында мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникаларының 53 пайыздан астамы жаңартылған.
Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстарымен танысып, шаруалармен кездесті. Ақтөбе ауыл округіндегі «Мұрат» шаруа қожалығында болған аудан басшысы ондағы ауыл шаруашылығы техникалар паркін жаңарту жобасымен танысты. Шаруа қожалығының иесі жоба аясында 284 миллион теңгеге Lovol GK120C комбайны мен Кировец K-7M K-743, Lovol TD1304, Lovol TD1054, Беларус 82,1 тракторларын сатып алып, қосымша 10 адамды жұмыспен қамтыған. Кәсіпкер заманауи техникалардың көмегімен шаруашылығын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Жалпы, аудан бойынша 979 ауыл шаруашылығы техникасы тіркелген. 2023 жылы 87 ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылған болса, 2024 жылы бұл көрсеткішті 97-ге жеткізу жоспарланып отыр.
Сарыағаш ауданында каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр
Ауыл шаруашылығы тақырыбына орай тағы бір ақпаратпен бөліскенді жөн көріп отырмыз. Сарыағаш ауданында тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс пікірлердің бірі егістік жерлерді ағын сумен қамту мәселесі болатын. Каналдар тазаланбағандықтан, жаз айларында сумен қамтамасыз ету шаралары қиындап, ағын су жетіспеушілігі туындайды.
Бұл ретте, егістік жерлерге толық ағын су жеткізіп беру және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында аудандық бюджет есебінен облыстық «Тұран-су» МКК арқылы 3 экскаватор сатып алынып, «Сарыағаш ауданы су шаруашылығы» МКК-і Қабланбек ауылдық округіндегі ұзындығы 0,8 шақырымды құрайтын «Хожахан» каналын механикалық тазалаудан өткізуде.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев аталған каналға арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Жауапты тұлғаларға жұмыстар сапалы болу қажет екендігін ескертіп, суғару маусымында егістік жерлерге қажетті суды толық жеткізіп беруді міндеттеді.
Кентаулық диқандар тамшылатып суғару әдісі арқылы бірқатар егін түрін өсіруде
Бұдан бөлек Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылы егіншілікке бейім аумақ саналады. Ауыл тұрғындары бос жатқан жерлерге егін егіп, отандық өнім түрлерін өндіруге үлестерін қосып келеді. Атап айтсақ, кентаулық «Эрмет ата» шаруақожалығы егіннің бірнеше түрімен айналысуды қолға алған.
Шаруақожалық 2006 жылдан бері жұмысын жалғастырып келеді. Биыл 6 гектар жерге — бау-бақша, 4 гектар жерге — бидай, 5 гектар жерге — жоңышқа, 2 гектар жерге — жүзім, 5 гектар жерге қарбыз еккен. Барлығы тамшылатып суғару әдісімен өсірілуде. Өнімдері дайын болғанда, бірқатар ауыл тұрғындары уақытша жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Шаруа қожалығының иесі Әлішер Эрметұлының айтуынша, жемістердің басым көпшілігі Өзбекстан елінен әкелініп, осында көбейтілуде.
— Шаруашылықпен айналысу оңай емес. Қажет шараларды жасап, мол өнім алуға еңбектенудеміз дейді, — шаруашылық иесі Әлішер Эрметұлы.
Бүгінде жиналған өнімдер Кентау мен Түркістан қалаларынан бөлек, басқа да аудан-қалаларға тасмалдануда.
Мақтаарал ауданында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр
Ауыл шаруашылығына байланысты бөлісер тағы бір ақпар. Мақтаарал ауданында энзоотиялық ауруларға қарсы күрес жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауданға қарасты кенттер мен ауылдық округтерде мал ұстайтын тұрғындардың қора-қопсылары мен жапсарлас аймақтарына кенеге қарсы бүрку, залалсыздандыру шаралары қолға алынған.
Бүгінде ауданның ветеринар мамандары төрт түлікте жиі кездесетін құтыру, аусыл, лептомпироз, пастереллез, сібір жарасы, эхинококкоз, оспан, эмкар, брадзот, эктима, туберклез сынды ауруларға қарсы профилактикалық шараларды ұйымдастырып, мал ұрлығының алдын алу мақсатында бірдейлендіру жұмыстары да қарастырылып жатыр.
Биыл күз айында энзоотиялық іс-шараларды орындауға 8 нива автокөлігі мен 11 бекет меңгерушісі, 15 мал дәрігері мен 22 ветеринар-фельдшер мамандары жұмылдырылып, қора жайлармен жапсарлас 132 789 шаршы метр, 870 533 шаршы метр мал иірімдері мен суаттар, бұтарлар залалсыздандырылған. Сонымен қатар басқарма тарапынан берілген 19 дана ранс және 2 дана ірі қара малды бүркуге арналған апараттардың көмегімен жоспардағы 54 091 бас ірі қара, түйе және жылқы малдарының 13 036-на, 67 219 бас ұсақ малдың 12 141-не бүрку жұмыстары жүргізілген.
Эпизоотолог маманның айтуынша, кенеге қарсы улау жұмыстарының тиімділігі мал қораларының механикалық жағдайына да байланысты. Сондықтан залалсыздандыру жұмыстарының алдында қора-жайларды қилар мен қоқыстардан тазарлаған дұрыс.
— Тазалық науқаны ұтымды ұйымдастырылса, кене саны азайып, одан жапа шегетіндер де азаяды. Қырым-қанды қызбасы аса қауіпті аурудың қатарына жататындықтан, мамандар мейлінше сақ болуға шақырады. Ал, малы бар шаруалар төрт түлігін дер кезінде залалсыздандыруға жағдай жасаулары тиіс, — дейді «Ветеринариялық қызметі» ШЖҚ МКК Мақтаарал аудандық филиалының маманы Нұрқанат Қуанов.
Айта кетейік, өткен жылдың тиісті мерзімінде кене шағудың 100 фактісі тіркелсе, ағымдағы жылы 115-ке жетіп отыр. «Оның себебі биылғы көктемнің жауын-шашынды, ал, жаздың аптап ыстық болуымен байланысты» — дейді мамандар. Жалпы, 20 факті ішкі қоражайларда орын алса, 85 факті егістіктер мен мал жайылымдық жерлерде орын алған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.