Оңтүстік ұландықтар Шымкентте атыс шеберлігін көрсетті

Шымкентте 6506 әскери бөлімінің «Ақтас» оқу орталығының базасында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік қарудан ату бойынша жеке-командалық біріншілігі өтті.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының дене шынықтыру және спорт бастығы подполковник Салауат Төреғалиевтің басшылығымен өткен жарысқа Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда және Талдықорған қалаларынан Ұлттық ұланның 50-ден астам әскери қызметшісі қатысты. Сондай-ақ, сайыста атыс қаруын ату дағдыларын әйел әскери қызметшілер де көрсетті.

Жаттығулар Макаров тапаншасынан, Калашников автоматынан және Драгуновтың мергендік винтовкасынан орындалды. Екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша бірінші жалпы командалық орынды 5547 әскери бөлімінің командасы (Қызылорда қ.), екінші орынды 5513 әскери бөлімінің командасы (Тараз қ.) және үшінші орынды 6698 әскери бөлімінің командасы (Шымкент қ.) иеленді.

Жарыстың жабылу салтанатында Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Павел Ситников барлық қатысушыларды оның аяқталуымен құттықтап, ұландықтардың атыс дайындығын жетілдіру үшін осындай іс-шаралардың ерекше маңыздылығын атап өтті.

— «Бұл жарыстар әскери қызметшілерге өздерінің дағдылары мен кәсібиліктерін көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, Ұлттық ұланның жауынгерлік дайындығын нығайтуға септігін тигізді.

Барлық жеңімпаздарды құттықтаймын. Сіздерге спорттық және әскери жетістіктер тілеймін. Біз қаруды тек оқу мақсатында қолданамыз деп үміттенемін», — деді Павел Александрович.
Жеке және командалық сынақтар бойынша үздіктер кубоктармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айта кету керек, олардың қатарынан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрама командасы құрылып, алдағы уақытта республикалық жарыстарда оңтүстік өңірдің атынан шығатын болады.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin