Сауран ауданы: Оранғайда көпір құрылысы аяқталды

 Қарашық өзеніндегі көпірге биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрылыстың толық аяқталуын аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қадағалап, бақылау жүргізді. Сауран ауданы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен «Строй ТДК» ЖШС мердігер мекемесі аталған жұмыстарды атқарды.

 Жөндеу жұмыстары кезінде апатты жағдайдағы көпір толығымен қайта қалпына келтірілді. Көпірге 15 метрлік темір-бетон балкілері қолданылды. Жиегіне темір қоршаулары орнатылды.

 Жобаға сәйкес, көпірдің ұзындығы 45 метрді, ені 5 метрді құрайды. Қазіргі таңда көпір толығымен аяқталды. Айта кетерлігі, жөндеу жұмыстарының сапасы тапсырыс беруші, техникалық қадағалаушы және сала мамандары тарапынан тұрақты бақылауда болды.

 Сонымен қатар аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Оранғай ауылдық округіне қарасты Бостандық елді мекенінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көпірдің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда ұзындығы 15 метрді, ені 5 метрді құрайтын көпір құрылысы басталды. Аталмыш жұмыстарды “Meritorium” ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асырады.

 Бұған дейін аудан әкімінің есепті кездесулерінде ауыл тұрғындары тарапынан аталған көпірді жөндеу бойынша мәселе көтерген болатын. Осы негізде көпірді ағымдағы жөндеуден өткізу бойынша нақты тапсырма берілген. Жөндеуді қажет ететін көпірге қаржы бюджеттен бөлініп, өзен бойындағы тозығы жеткен жаяу жүргіншілер көпірі толық жөнделіп, қайта қалпына келтірілетін болады. Мамандар жаңа нысанның құрылысы жоспарға сай аяқталатындығын айтты. Нәтижесінде ішкі жолдардың сапалылығы артып, қатынас қызметінің жақсаруына ықпал етеді.

Орайы келгенде айта өтейік, аудан әкімі Мақсат Таңғатаров “Бабайқорған-Абай” елді мекендерінің арасындағы аудандық маңызы бар жолына жүргізіп жатқан асфальт төсеу жұмыстарының сапасын да бақылады. Онда жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың шағымдарын тыңдады. Аталмыш аймақтың 9 шақырым автожолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бақылау барысында жолдың кейбір тұстарында асфальт жабындысының қалыңдығы нормаға сәйкес еместігі анықталды. Осы анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мекеме қайта түзеу жұмыстарын өз есебінен жүргізетін болады.

Сонымен қатар, аудан әкімі мердігер мекеме басшылығына асфальт төсеу жұмыстарының сапалы болуын ескеруді айтып, техникалық талаптарға сай әрі уақытылы аяқталуына баса назар аудару қажеттілігін алға тартты. Нысанды тексеру аяқталғаннан соң, аудан әкімі жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Жолдас Мырзабековке жөндеу жұмыстарын жеке бақылауға алуды тапсырды.

Сонымен қатар Сауран ауданының Майдантал ауылдық округіне қарасты Қаражон, Ынталы елді мекендеріндегі 7 көшеге де орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімінің халықпен есепті кездесуінде осы аталған мәселе ауыл тұрғындары тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров осы аталған жұмысты арнайы барып қадағалады.

 Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жолдас Мырзабековтың мәлімдеуінше, Майдантал ауыл округінің Қаражон, Ынталы елді мекендеріндегі Төрткүл, Ақсарай, Құсшы ата, Ақсай, Б.Момышұлы, Рысқұлов, Жансүгіров көшелерін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, ұзындығы 12,56 шақырымды құрайды. Ауылдық округтегі орташа жөндеу жұмыстары «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында «Altai Building LTD» ЖШС мекемесі жүргізуде.

 Аудан әкімі сонымен қатар, елді мекенде алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарларын айта келе, ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті. Ауыл ақсақалдары тарапынан бірнеше ұсыныс-пікірлер де айтылды. Жиын соңында ауыл ақсақалы аудан әкімінің атқарып жатқан жұмыстарын жоғары бағалап, қызметіне сәттілік тілеп, батасын берді.

  «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin