Созақтық имамдар мен жастар тазалық жұмыстарына белсене атсалысуда

Созақ ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акция аясындағы тазалық жұмыстары жалғасуда. Мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері мен елді мекен тұрғындары күнделікті тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға белсене атсалысуда.

Бүгін бұл бастаманы Созақ ауданының имамдары да қолдап, белсенді жастармен бірлесе «Ту тұғыры» алаңын ретке келтіруге кірісті. Тазалық жұмыстары кезінде аумаққа отырғызылған тал көшеттері суарылып, аяқ жолдар ретке келтірілді. Арам шөптер оталып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Ауданның бас имамы Мейрамбек Абдіқұлов белсенді азаматтар мен тұрғындарды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдауға шақырды. -Ауылымызды таза ұстап, абаттандыру, оны жасыл желекке бөлеу – баршамыздың басты міндетіміз,-деді.

Бүгінде Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандыру саласы бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Облыс әкімінің бастамасымен «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Аталған іс-шара аясында өңірдегі 852 елді мекеннің шамамен 90%-ын көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу жоспарлануда. Өткен жылы аудан, қала әкімдіктеріне жалпы 1 миллионнан астам көшет егілді. Оның ішінде 101 573 дана гүлді ағаш егілген болатын. Биылғы жылдың көктем айларында жоспарға сәйкес 522 935 дана көшет отырғызылды. Оның ішінде гүлді ағаштардың 5500 түбі бар. Ал 2024 жылдың күз айларында аудан, қала әкімдіктеріне аумақтарды гүлдендіру мақсатында 50 мың дана, 2025 жылы 150 мың дана раушан гүлінің көшеттері егілмек.

Өсімдіктер дүниесі туралы мәселелерді де сөз ете кетсек, облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер басқармасы тарапынан әзірленетін электронды дендрологиялық жоспарға ағаш-бұталардың мәліметі енгізілетін болады. Облыс аумағында тұрғындар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі де артып келеді. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі 23%-ға жоспарланып, толық орындалды. Ал биыл меже 26%-ға жоспарланып отыр.

Жыл басында Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде абаттандыру, тазалық, көгалдандыру жұмыстары сараланып, мәселелер талқыланғаны белгілі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы жұмыстарды дұрыс атқара алмай отырған аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына жұмысты күшейтуді тапсырған болатын.

Сол жиында «Әкімі қандай болса, көшесі сондай болады. Бірнеше рет бұл мәселе бойынша тапсырма берілді. Бірнеше аудан, қалада ғана сәл нәтиже, қозғалыс бар. Қалғандары әлі де немқұрайлы қарап отыр. Біз тазалық пен абаттандыру бойынша жұмысты жыл бойы талап ете береміз. Егер оны орындай алмайтындар болса, басқа шара қолданамыз. Барлық аудан, қалада тазалыққа жауапты коммуналдық мекеме болуы тиіс. Мұндай мекемесі жоқтары басынан жасақтасын. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт және өзге де мекемелер өздері орналасқан аумақтың тазалығына, көгалдандырылуына жауапкершілікпен қарасын. Әр ауданды сектор, көшеге бөліп, тазалық жұмыстарын жалғастырыңыздар. Тазалық шараларына тұрғындар да атсалысуы тиіс. Бұл – бәрімізге ортақ жұмыс. Іс-шараларды, жұмыс барысын жүйелеңіздер», – деген Дархан Сатыбалды тазалық жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатқан бірнеше аудан, қала әкімінің уәждерін тыңдап, сын-ескертпе айтып, тапсырмалар берген-ді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, Мемлекет басшысының осы салаға қатысты тапсырмаларын орындау мақсатында 2024-2026 жылы қалаларды көгалдандыру және абаттандыру бойынша жол картасы бекітілген. Жол картасын және облыс әкімінің тапсырмаларын орындау бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған.

2024 жылы наурыз айынан бастап сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Аталған сенбіліктерге жергілікті әкімдіктер, барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпкерлік ұйымдар, белсенділер мен еріктілер қатысып, бекітілген аумақтарда тазалық және ағаш көшеттерін егу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, аудан қала әкімдіктері тарапынан 201 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылып, 317 030 ағаш әктелді. Сенбіліктерге жалпы 19 мыңнан астам азамат қатысып, 279 дана техника тартылды, 2 710 тонна қоқыс шығарылды. 1152 көшенің бойы, 265 шақырым аяқжолдары тазаланды. 275 саябақтар және скверлер, 192 балалар және спорт алаңшалары ретке келтірілді. 95 шақырым көпірлер, өзендер, каналдар мен бұлақтардың арналары тазаланды, 897 көпқабатты тұрғын үй маңындағы аумақтар мен аулалар, жертөлелер, кіреберістері жиналды. Елді мекендерде абаттандыру нысандарын және санитария жағдайын қалыпты деңгейде ұстау мақсатында мобильді топтар құрылып, топ құрамында аудан, қала және ауыл округтерінің қызметкерлері, белсенді азаматтар, қоғамдық жұмысшылар тартылған. Мобильді топтың аралау кестесі бекітіліп, қажетті құрал-сайманмен қамтылған. Тазалықты сақтау жөнінде ақпараттық және насихат жұмыстары жүріп жатыр.

Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидалары мен инфрақұрылым нысандарын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдірудің алдын алу мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарына сәйкес шаралар қолданылған. Атап айтқанда, биыл облыс аумағында жоғарыда аталған мәселелерге байланысты заң бұзып, тазалыққа, инфрақұрылымға нұқсан келтірген жүздеген тұрғынға жалпы 81,1 млн теңге айыппұл салынған.

Жер тоңы ұйқыға қалқыған шақта шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді.

Кез келген елді мекеннің әрбір тұрғыны өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, өңір тазалығына қосқан үлесі болып табылады. Өз ауылының тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Қоршаған ортаны сақтау және қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруда тазалық акцияларының маңызы зор.

Жалпы тазалық жұмыстары, сенбілік жұмыстары тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауына, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және ауданның санитарлық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізері анық.  Сенбілік — тазалық кепілі. Әр адам сенбілікке кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Олар сенбілікке шығу арқылы тазалыққа деген жауапкершілікті нығайтады. Себебі,өзің тазалаған жерді сен ешқашан шашпайсың, керісінше, ауыл-ды бүлдіріп жүргендерге көз жұмып қарай алмай оларға ақылыңды айтасың. Сенбілік осыған үйретеді.

Тазалық — жанның саулығы, ішкі мәдениеттің бастауы. Ауыл тазалығы, оның көркі мен сәні әрбір тұрғынның өз ауласы мен үйінің маңайынан басталады емес пе? Кейбір тұрғындар аудан орталығында тұратынын көбіне ұмытып кететін болуы керек. Жан-жағыңызға қарасаңыз үй иелерінің жекеменшік баспанасының ауласы мен маңайын абаттандыруға құлықсыздығының, жан-жағына қоқыстарын қалай болса солай лақтыра беретіндігінің куәгері боласыз. Тіпті көршілес тұратындар бір-бірімен санаспайды, ұялмай көршісінің тазалаған аумағына қоқыстарын лақтырумен болады. Міне, осындай тәртіпсіздікке аудан, ауыл басшылары қатаң шара қолдануы керек сияқты.

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажетті нәрі, жер бетіне көрік берген сәні. Табиғат, Жер-ана, Атамекен, Туған жер, ауылым, деген бір-бірімен тамырлас әрі тағдырлас. Туған жердің барлық табиғи қадір қасиеті тұла бойға тарайды. Қорыта келгенде «Бір тал кессең – он тал ек» демекші барлықтарыңызды көшеттерді отырғызуға атсалысуға шақырамыз.

«ANYQ.KZ» — ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin