Созақ ауданында медицина қызметкерлерінің мерекесі аталып өтті

Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйледі. Саналы ғұмырын медицина саласының дамуына арнаған сала ардагерлері мен ақ халатты абзал жандарды марапаттап, құрмет көрсетті.

— Медицина саласының мамандары дәрігерлік антқа адалдық танытып, асқан шеберлікпен адам өміріне араша түсіп жүрген бүгінгі күннің батырлары. Адам өмірін сақтау жолында табандылық танытып, әрбіріміздің саулығымызға жауапкершілікпен қарап, халық жанының сақшысы, мейірім мен ізгіліктің жаршысы атануда. Денсаулықтың қорғаны бола білген өздеріңіздей абзал жандандардың еңбегін әрқашан ерекше бағалаймыз. Ерен еңбектеріңіз бен мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Әрқашанда еңбектеріңіз халыққа қуаныш сыйлап, барлық бастамаларыңыз оңынан болсын,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы сала бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларын баяндады.

Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жылы лебізін арнап, дәрігерлерді алғыс хатпен марапаттады. Созақ аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бейбіт Төреханов ізгі тілегін білдіріп, медицина саласының үздік қызметкерлері Республикалық «Ел Құрметі» қоғамдық қорының «Ерен еңбек иесі», «Ардақты ардагер» және «Үздік медицина маманы», «Ерен еңбегі үшін», «Мейірімді мейірбике» төсбелгілері табысталып, Республикалық «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы мен Созақ аудандық филиалы төрағасының, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының, Созақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері мен Созақ аудандық орталық аурухана кәсіподағының алғыс хаттары тапсырылды. Салтанатты шара, аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің қызметкерлерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Осы тұста айта кетер болсақ, елімізде медицина саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін айтқан болатын. «Оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес. Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Жұмыс­тың бәрі уақтылы әрі сапалы жаса­луы керек. Бұл – өте маңызды. Бар­лық жауапкершілік әкімдерге жүкте­леді», деді Президент.

Сондай-ақ Мем­лекет басшысы бұған дейін Жол­дауында алғашқы дәрігерлік көмекті ұйым­дастыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау, шалғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігерлік қызмет көрсету ісін қайта қалпына келтіру шараларын жүзеге асыру, үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы екі міндетті қамтитынын айта кетелік. Біріншісі – бүкіл ауылдық елді мекендерді медици­налық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екіншісі – заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған негізгі 5 орталықты қосымша орналастыра отырып, заманауи көпбейінді аудан­ара­лық орталық ауруханалар желі­сін ұйымдастыру. Бұл ауыл тұрғын­дарына дер кезінде шұғыл және маман­дан­дырылған медициналық көмек көр­сетуді жоғарылатады. Осы орайда Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 73 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттердің кешен­ді жоспарын әзірлеу қолға алынған.

Бұл орайда облыс әкімдігі инвесторлардың ықпалы арқылы мәселені жылдам шешу жолын қарастырып отыр.  Жуырда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында өткен жиында кәсіпкерлерге медициналық нысандар құрылысына инвестиция салу жөнінде ұсыныс беріліп, мемлекеттік қолдаулар жайы түсіндірілді. Алдағы уақытта ғимараттар бой көтеретін елді мекендер қатары нақ­ты­ланып, инфрақұрылымы тереңірек зерде­ленбек. Медициналық пункт, ФАП, дәрігерлік амбулаторияның жобалық сметалық құжаттары бірыңғай үлгіде дайындалып, ұсынылады. Аталған іс-шара аясында денсаулық басқарма­сы мен палата өкілдерінен құралатын жұмыс тобы бірлесе жұмыс атқарады. Жалпы, жоспар іске асқан жағдайда инвесторлардың күшімен бірқатар елді-мекенде медициналық жаңа нысандар ел игілігіне беріліп, халықтың ем-дом алуы­на қолайлы жағдай жасалады.

Алдыңғы жылы өңірде 31 нысанның құрылысы жүргізіліп, 16-сы пайдалануға берілген. 2023 жылы қосымша 14 нысан тапсырылды. Оның 4-еуі –дәрігерлік амбулатория, 10-ы – ФАП. Облыс бойынша құны 185 млрд теңге болатын ірі 6 медициналық нысанның құрылысы жоспарлануда. «Өңірдегі медициналық ұйымдарда 5,5 мыңнан астам дәрігер және 19 мыңнан астам орта буынды қызметкер халыққа қызмет көрсетеді. Медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84 пайыздан асып, жоспар толығымен орындалды. Нәтижесінде, негізгі ауру-жітім көрсеткіші төмендеді. Облыс бойынша 749 медициналық мекеме елге қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда бейінді мамандарға тапшылық байқалуда. Осы мәселені шешу үшін биыл облыс есебінен бейінді мамандарды оқытуға, резидентураға 60 грантқа қаржы бөлінді. Сонымен қатар ауылға келген жас мамандарға әлеуметтік көмек ретінде 1,5 млн теңге төленуде. Бүгін­гі таңда ауылды жерге барған 21 жас ма­ман­ға әлеуметтік көмек берілген», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Ал облыстық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­масының мәліметінше, биыл барлық деңгейдегі бюджеттерден жалпы 11,1 млрд теңге бөлініп, 50 807 техникалық оңалту құралдары мен қыз­мет­тері ұсынылған, қажеттіліктің 85,2 па­йызы қамтылды. Өңірде 97 075 мү­ге­­дектігі бар,  оның ішінде 82 174 ересек, 14 901 бала есепте тұр. Сауран ауда­­ны, Оранғай ауылындағы 50 төсектік орын­­ға арналған психоневрологиялық ауру­­лары бар мүгедек балалар үшін арна­йы әлеуметтік қызметтер көрсету орта­лы­ғының құрылысы жүргізілуде. Нысан биылғы жылдың 3-тоқсанында аяқ­талады деп жоспарланған.

Айта кетелік, облыстың 1 630 137 (80%) тұрғыны медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу құқығына ие. Жалпы, медициналық ұйымдарға облыс бойынша 2 041 087 тұрғын тіркелген. Деген­мен жүйеде әлі күнге дейін сақтан­дырыл­маған 400 мыңнан аса адам ақысыз қыз­меттерден тыс қалып отыр.

 «WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin