Созақ ауданы: Жартытөбеде балалар мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті

Бүгін Жартытөбе ауылында балдырған балалардың мерекесі кең көлемде, сән-салтанатымен аталып өтті. Ауыл ішіндегі «Астана» саябағы мерекеге сай безендіріліп, шараға 500-ге тарта бүлдіршіндер мен ата-аналар қатысты.

Мерекелік шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов шараға жиналған жұршылықты мерекемен құттықтап, аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлының ыстық ықыласын жеткізді. Ауылдық округ бойынша білім мен спорт саласы бойынша облыстық, республикалық сайыстарда жетістікке жеткен оқушыларға аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Рыскелді Сапарбаев және “Бақ-Нұры” іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұржамал Майусова ізігі тілектерін арнап, шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

Балаларды ерекше әсерге бөлеген мерекелік шара ашық аспан астында сурет салудан басталды. Балалар асық ату мен тоғызқұмалақтан өзара сынға түсіп, ұлттық спорт ұлықталды. 40 жылдық тарихы бар Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры «Балаларға бақыт сыйлайық» атты мерекелік бағдарламасын тарту етіп, «Шымкент-цирк» өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды. Қуыршақтар шеруі мен балаларға арналған интерактивті ойындар жас бүлдіршіндерді қуанышқа кенелтті. Дәстүрлі әндер орындалып, шара аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздарының орындауындағы концерттік бағдарламаға ұласты. 500-ге тарта балаға балмұздақ таратылып, құрмет көрсетілді.

Күллі әлем 1-ші маусымда балаларды қорғау күнін атап өтеді. Бұл бізге ел болашағы – өскелең ұрпақ қолында екенін тағы бір мәрте еске салады. Осы орайда балаларды қорғау күні күнтізбеде қалай пайда болды және бұл атаулы күн туралы ел біле бермейтін қандай деректер бар деген заңды сауал туындайды.

Балаларды қорғау күні қашан және қалай пайда болды?

Ересектер әлеміндегі бітпейтін жанжалдар мен соғыстан көп жағдайда балалар жапа шегеді. ХХ ғасырдағы әрбір дүниежүзілік соғыстан кейін, көптеген бала алаңсыз балалық шағынан айырылып, үй-күйсіз, далада қаңғып, жетімдіктің ауыр азабын тартты. Сол себепті бүкіл адамзат қауымы алдында осындай қиындықтарды шешу мәселесі тұрды.

Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1925 жылы Женевада арнайы Дүниежүзілік конференция өткен еді. Онда қаралған басты мәселе – соғыстан жапа шеккен балалардың тағдырына жауапкершілік алып, олардың әл-ауқатын көтеру мәселесі болды. «History of International Children’s Day» мақаласындағы деректерге сүйенсек, осы шақырылымнан кейін бірнеше жылдан соң өзінің жүз жылдық мерейтойын атап өтетін халықаралық балаларды қорғау күні бастау алды. Халықаралық балаларды қорғау күні күнтізбеде 1 маусым болып бекітілген. Бұл күнді таңдауға екі тарихи оқиға себеп болған: 1925 жылы Женева конференциясының өтуі; Сан-Францискода Қытайдың бас консулының жетім балаларға арнап айдаһар-кемелер мерекесін өткізуі.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күллі әлемге соғыстан кейінгі балалық мәселесін шешуге тура келді. 1949 жылдың күзінде Халықаралық әйелдер демократиялық қауымдастығының конференциясы өтті. Онда балалардың бақытты болуының басты себебі тек әлемнің тұрақтылығында деген ой айтылды. Осылайша аталған конференцияда Балаларды қорғау күні ресми түрде бекітілді. Бұл шешімді сол жылдары енді құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы да (БҰҰ) қолдады. Бұған қоса БҰҰ балалар құқығын қорғау мекеменің басты бағыттарының бірі болатынын мәлімдеді. 1950 жылдары ондаған елде Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтіле бастады.

1940 жылдың соңы адам құқығын қорғау кезеңі ретінде тарихта қалды. Сол жылдары адамзат қауымы балалар құқығын қорғау ісін де қолға алып, бірқатар тиісті халықаралық құжатты әзірледі: 1959 жылы декларация қабылданды. Онда балалардың өмір сүруі, оларды зорлық-зомбылықтан қорғау, мемлекет тарапынан олардың болашағының жарқын болуына атсалысу сынды қаулылар құжат жүзінде бекітілді. Декларация қабылданғаннан кейін 20 жыл өткен соң 1979 жыл — Халықаралық балалар жылы деп жарияланды. Тағы бір онжылдықтардан кейін, 1989 жылы балалар құқығы туралы конвенция қабылданды. Бұл құжаттың мәртебесі жоғары: ол декларациямен салыстырғанда, халықаралық құжат ретінде қарастырылды әрі ол өскелең ұрпақтың мүддесін қорғап, олардың құқықтарының қорғалуының кепілі ретінде бекітілді. Бұл кепілдіктің барлығын әлемнің көптеген елі мен БҰҰ-на мүше елдер қабылдады.

1946 жылы БҰҰ жанында балаларға көмек көрсетуге арналған арнайы ұйым – ЮНИСЕФ құрылды. Ол түрлі елдердің үкіметі мен жеке тұлғалардан қайырымдылық қаражатын жинайды. Аталған қаржының барлығы балалар мәселесін шешуді көздейтін әлем бойынша арнайы қызмет жұмысын құру және оны жүзеге асыру ісіне жұмсалады. Ұйымның негізгі мақсаттары: Балалардың өмірін жақсартуға оңтайлы жағдай жасау әрі оларға өмірдің түрлі қиын жағдайларында көмектесу. Балалардың өмірі мен денсаулығын күту – вакцина салу және алғашқы көмек көрсету. Дамуы артта қалған елдердің балаларына оқу ұйымдастыру, оларға оқу материалдарын ұсыну.

Халықаралық балаларды қорғау күні не үшін қажет деген сұраққа келер болсақ, бұл мереке ересектерге балалар әлемі нәзік екенін, оларға үнемі қолдау мен қорғау қажет екенін еске салады. Атаулы күн күллі адамзат баласын жасөспірірімдер мәселесіне бей-жай қарамай, мемлекеттік деңгейде олардың шешілуіне кепілдік бере алу керектігін айғақтайды. Бұл күні барлық балалар мекесі мен отбасы мерекені естен кетпестей етіп өткізуге тырысады. Халықаралық балаларды қорғау күнінің өз нышаны – туы бар. Оның түсі жасыл әрі тудың ортасында түрлі-түсті бояумен салынған балалардың сұлбалары бейнеленген. Олардың барлығы Жер шарына қол тигізіп, баршаның мәңгілік мекені – Жер екенін көрсетеді.

Балаларды қорғау күнінің мақсаты не және оны қалай атап өту керек?

Балаларды қорғау күнінің атап өтілуі – олардың құқықтары қазіргі қоғамда қалай қорғалып жатқандығына назар аударудың басты себептерінің бірі болып табылады. Бұл дүниежүзіндегі балалардың өзекті мәселелерін шешуге арналған мүмкіндік болып саналады. Ал балалар үшін отбасымен қарсы алатын, естен кетпес естеліктерге толы мереке болып есте қалмақ. Балалаларды қорғау күнінің міндеттері Мерекелік күннің негізгі міндеті – Халықаралық конвенцияда бекітілген, балалар құқықтарын қоғамға тағы бір рет еске салу әрі оны насихаттау болып табылады. Олардың қатарына төмендегілер жатады:

Өмір сүру құқығы. Балалар өмірі түрлі әскери қақтығыстардан, ауыр сырқаттардан, аштық пен кедейліктен қорғалуы тиіс. Лайықты өмір сүруге, тәрбие алуға, оқуға және физикалық әрі рухани тұрғыда дамуына тең құқылы болу.

Балалар құқығын қорғау күнінде сонымен бірге әлем бойынша балаларға қатысты шешілмеген, түйткілді мәселелерге назар аударып, оны шешу жолдарын ұсынуға баса мән беріледі. Мұндай өзекті мәселелердің қатарына мыналар жатады: Кей елдерде халықтың басым көпшілігі, оның ішінде балалар аштықтың зардабын шегеді. Балалар әскери қақтығыстардан, ЖИТС, ВИЧ-инфекциясы және өзге де күрделі аурулардан көз жұмады. Үшінші әлем елдерінде кәмелет жасына толмаған балаларды ауыр еңбекке салып, құлдыққа сатады. Оқу орындарының болмауы салдарынан кей балалар кейде тіпті бастауыш мектепте білім ала алмай жатады. Көптеген дамыған елде теледидар, интернеттің теріс әсері сынды проблемалар да бар. Салдарынан жасөспірімдер арасында интернетке тәуелділік, жағымсыз әдеттерге деген қызығушылық артып келеді. Балалардың күйзелісі көп жағдайда психикалық ауытқушылықтарға, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соқтырып жатады. Бұдан бөлек олардың арасында шылым шегу, ішімдік ішу, есірткі сынды күрделі мәселелер белең алып келеді.

Қазақстанда балалар құқығын қорғау конвенциясы 1994 жылы қабылданды. Олардың басты талаптары елдегі балалар құқығын қорғау жүйесінің негізіне айналды. Республикада балалардың құқығын барлық деңгейде қорғайтын мынадай заңдар қабылданды: ҚР Конституциясына сәйкес (27 бап) отбасы және балалар мемлекет қорғауында болады. «ҚР балалар құқығы туралы» Заңында балалардың өмірін және денсаулығын қорғау, олардың ар-ожданына қол сұқпау, қажетті өмір сүру деңгейі, білім алу, балалардың мүліктік құқығы, мемлекеттік көмек және демалыс, бос уақытын өткізу сынды құқықтары бекітілген. ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінде кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау баптары енгізілген. Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі жанынан Балалар құқығын қорғау комитеті құрылған. Ол аталған сала бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні әлем елдерінде қалай тойланады?

«International Children’s Day 2023: Date, History, Activities & Gift Ideas» мақаласында әлем елдерінде балалар күнінің қалай тойланатыны туралы қызықты ақпарат берілген. Германияда балалар күні Kindertag деп аталады. 1950 жылдан бастап тойланатын бұл мерекені неміс балалары асыға күтеді. Бұл күні балаларды ата-аналары құттықтап, сыйлықтар береді. Балалар экскурсияларға, мектептегі арнайы іс-шараларға қатысады. Польшада халықаралық балаларды қорғау күні ерекше күн болып саналады. Мектептерде спорттық ойындардан тұратын арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады.

Ата-аналар балаларымен көбірек уақыт өткізіп, сүйікті тағамдарын пісіреді немесе ойыншықтар, тәттілер сыйлайды. Балалар күнінде поляк отбасылары табиғат аясында демалыс өткізуді дәстүрге айналдырған. Вьетнам балалары бұл күні ойын ойнап, хайуанаттар бағына барады. Кейбір ата-ана балаларын сүйікті мейрамханасына апарып тамақтандырады. Балалар мектептерде өтетін арнайы ән мен би шоуларына қатысады. Оқу жылын үздік аяқтаған оқушыларға мұғалімдері сыйлық беріп, марапаттайды. Қытайда 1 маусым күні эксклюзивтік спектакльдер ұйымдастырылады. Оған қоса бірнеше туристік бағыт, мейрамханалар мен кинотеатрлар тарапынан балаларға жеңілдік жасалады. Мерекеге орай ересектерге, соның ішінде үкіметтік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлерге балаларымен көбірек уақыт өткізу үшін арнайы демалыс күні беріледі.

Балаларды қорғау күніне қатысты дәстүрлер Балалар күніне байланысты қандай дәстүрлер бар?

Мереке «Өмір сүру құқығын қорғаймыз» қағидасы аясында атап өтіледі. Балаларда 1 маусым ересектер ұйымдастырған түрлі мерекелік іс-шараларға қатысумен өтеді. Жеткіншектер бұл күнді жазғы демалыстың басталуы, демалу, өзіне ұнайтын іспен айналысу кезеңімен байланыстырады. Оқу орындарында бұл күні ертеңгіліктер, мәдени шаралар мен өзге де мерекелік жобалар ұйымдастырылады. Ал әлеуметтік әлсіз топтардың балаларына бұл күні қайырымдылық шаралары өткізіліп, сый-сыяпаттар таратылады. Мәселен бұл күні оларға театр, киноға бару, парктер мен түрлі аттракциондарда қыдыру сынды шаралар ұйымдастырылады. Балаларды осы күні арнайы құттықтап, тәттілер пісіру дәстүрге айналған.

Жасөспірімдерге бұл мерекеге қандай сыйлық сыйлауға болады? Төменде жауап береміз: Спортпен айналысуға арналған заттар немесе арнайы үлгідегі киім. Шығармашылықпен айналысуға арналған бұйымдар. Ойыншықтар мен конструкторлар. Балаларды қорғау күнін қалай өткізуге болады? Бұл күні балаларға көптен бері уәде беріп жүрген дүниеңізді жасаңыз. Мысалы кішкентай балалармен ойын алаңдарына барсаңыз, ересек балалармен саябақтар мен аттракциондарға бара аласыз. Бұл күні сіздің мақсатыңыз оған естен кетпес жылы естеліктер қалдыру болу керек. Ал кешкісін балалармен өздері ұнататын дәмханаға барып қайтсаңыз болады. Бұл күн балалар үшін көптеген сыйлық алып, жақындарының айрықша махаббатына бөленетін ерекше күн. Сол себепті оны ерекше ыстық естеліктерге толы етіп өткізуге тырысыңыз.

«WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin