Бүгін Қарақұр ауылдық округіне қарасты Шаға елді мекенінен «Qaz Damu Construction» ЖШС-нің демеушілігімен салынған шағын футбол алаңы ел игілігіне ұсынылды.
Жаңа спорт алаңының ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, спорт саласы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттап, туған жердің кешенді дамуына үлесін қосқан ауыл азаматы «Qaz Damu Construction» ЖШС-нің директоры Нүркен Сұлтанмұратұлы мен грэпплинг және джиу-джитсу спорт түрінен әлемдік додаларда бірнеше дүркін чемпион атанған ауылдың жас спортшысы Самат Мұратұлын арнайы алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті.
Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев және аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жас спортшысы Самат Мұратұлына аудандық мәслихат аппаратының дипломын табыс етті.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Лесбек Момбеков пен «Qaz Damu Construction» ЖШС-нің директоры Нүркен Сұлтанмұратұлы ашылған нысан жастардың тәнін шынықтыратын орынға айналарына өз сенімдерін білдірді. Жаңа спорт алаңының ашылуы ауыл жастарының арасындағы турнирге жалғасып, жас футболшылар өзара сайысқа түсті. Ауыл тұрғындары мен қонақтар ақ дастархан басында бас қосып, арнайы құран бағышталды.
Бүгіндері Созақ ауданының жастарын спортқа тартып, дене шынықтырумен шұғылдануларына, бос уақыттарын тиімді пайдалануларына барлық жағдайлар жасалып келеді. Өткен жылдан бері ауданда футбол, баскетбол, волейбол алаңшасы мен «Street workout», балалар ойын алаңшасы, 1000 орындық жаңа стадион және жабық үлгідегі футбол алаңдары пайдалануға беріліп, жалпы спорт саласы бойынша 9 нысан ел игілігіне ұсынылды.
Сондай-ақ, Қарақұр ауылында биыл заман талабына сай жабдықталған жабық үлгідегі футбол алаңының құрылысы басталды. Жабық алаң кез-келген мезгілде доп тебуге ыңғайлы етіп жабдықталады. Алдағы уақытта бұндай нысан кезең-кезеңімен барлық ауылдық округтерде бой көтермек. Бұған қоса аудан орталығынан салынып жатқан заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінің құрылысы жалғасуда. Жалпы ауданы 3 га болатын спорт кешенінің оқу-жаттығу базасы да барлық заманауи талаптарға сай. Екі қабатты ғимарат волейбол және баскетбол алаңдары, күрес пен боксқа арналған зал, бассейн және футболмен айналысуға арналған ашық спорт алаңымен қамтылып, облысымыздағы теңдессіз нысандардың бірі болмақ.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазір саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді», – дегені белгілі.
Жастарды спортқа баулу – жарқын болашақ кепілі. Сондықтан Президентіміз айтқандай бұл тұрғыдағы атқарылар жұмыстарды жандандыру аса маңызды. Әрі кезек күттірмейтін мәселе.
Болашағымыз деп үміт артқан жастарымыздың дені ғаламтордың шырмауынан шыға алмай жатқаны да көңіл құлазытпай қоймайды. Қазіргі қоғам – жаңа ақпараттық технологиялардың қоғамы және XXI ғасырдың бұл ағымы – қоғам дамуының жаңа дәрежесіне жеткізді. Ақпарат алмасу, қарым-қатынас орнату, жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндігі және тағы басқа іс-әрекеттер шынайы әлемге қарағанда виртуалды әлемде жүзеге асатын болды. Интернет жастардың ең сенімді құралдардың біріне айналды.
Сол себепті, балаларды жастайынан спортқа бейімдеу басты мақсатымыздың бірі болуға тиісті.
Спортты жанына серік ету арқылы олар дені сау ұрпақ ретінде қалыптастып қана қоймай, тәрбиелі әрі саналы жастардың қатарын арттыруға септігін тигізеді. Ол үшін әлбетте біздің қоғам соған сай жағдай да жасай білуі қажет-ақ. Бүгінгі жасөспірімдер әлжуаз болса, онда біздің болашағымыз да бұлыңғыр. Ел көлемінде бұқаралық спорт дамығанда ғана біз саламатты Қазақ елі ретінде дамуға бет аламыз.
Жастар – елдің ертеңі. Ендеше, олардың амандығы мемлекеттің саулығы деген қорытынды шығарсақ қателеспейміз. Осы орайда жеткіншектердің денсаулығын жақсарту, соның ішінде спортпен айналысуға баулу өзекті мәселе екенін ешкім жоққа шығармайды. Ресми деректер балалар мен жасөспірімдердің үштен бірі ғана белсенді өмір салтын ұстанатынын көрсетеді. Отан алдындағы борышын өтеуге тиіс жастардың 40 пайызы әскери қызметке жарамсыз. Оның үстіне, денсаулық сақтау саласы мамандары кей ауру түрлерінің жасарып бара жатқанын айтып дабыл қағып жүр.
Қуанышымызға орай, жастар арасында спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын ұстанатындар саны біртіндеп артып келеді. Өрендеріміз физикалық және психикалық саулықтың кепілі спортпен жүйелі шұғылдану керек деген идеяны түсінгені, мұның қазіргі тілмен айтсақ трендте екенін аңғара аламыз. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жастарды дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тарту процесінде оң динамика бар. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш тұрақты өскені байқалады. Мәселен, 2013 жылы 2,3 млн жеткіншек дене шынықтырумен шұғылданған. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 2,5 млн-ға жеткен. Әрине, 7 жылда спортты серік еткен жастар күрт артпады. Дегенмен оң нәтиже байқалады.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген «Жастардың негізгі страталарының проблемалары мен қажеттіліктері» әлеуметтік сауалдамасынан қызық мәлімет байқадық. Жас ерекшелігіне қарай спортпен шұғылданатындар саны да өзгереді екен. Мысалы, 14-18 жастағылардың 25 пайызы бос уақытын дене шынықтыруға арнайды. Алайда есейген сайын жастар спортқа аса ден қоймайтын көрінеді. 19-23 жастағылардың – 22,8 пайызы, 24-28 жастағылардың 18 пайызы ғана саламатты өмір салтын ұстанады.
Аталған орталық жүргізген сауалдамаға жауап бергендер құрдастары арасында спорт пен саламатты өмір салтын насихаттау қажетін атап өткен екен. Жалпы, қазіргі таңда бұл бағытта атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында бұқаралық және балалар спортын дамыту бойынша бірқатар міндет қойылды. Атап айтқанда, облыс әкімдеріне спорт инфрақұрылымын кезең-кезеңмен салуды қамтамасыз етуді тапсырды. Президент 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында да балалар үшін спорт ғимараттарын барынша қолжетімді ету мәселесін көтерді. Осының аясында Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленген болатын.
Кейінгі жылдары тұщымды нәтижеге қол жетті деп айта аламыз. Мәселен, қазіргі таңда елімізде жалпы білім беретін 5 428 мектепте спорт залы бар. Мәдениет және спорт министрлігі 101 спорт федерациясына аккредитация берген. 2 393 ауылдық округте үш мыңнан астам спорт нұсқаушы жұмыс істейді. Министрлік 2025 жылға қарай балалар-жасөспірімдер клубтарының санын 579-дан 718-ге дейін, балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру клубтарының санын 107-ден 282-ге дейін, спорт ғимараттарын 23,9 мыңнан 30 мың бірлікке дейін көбейтуді жоспарлап отыр.
Осы тұста айта кетер болсақ, Түркістан облысында кәсіби және бұқаралық спортты дамытудың жаңа жоспары немесе стратегиясы әзірленеді. Себебі бұл салада өңірдің әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Бұл туралы былтыр облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттың апталық отырысында айтылды. Өңір басшысы спорт саласын дамыту жұмыстарын жандандыру, түбегейлі өзгерістер жасау жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын.
– Облыста бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарын жандандыру қажет. Спортта күрделенген мәселе көп. Халықаралық сайыстардағы нәтижені жақсарту керек. Мәселенің бәрін қаржыға әкеп тіреуге болмайды. Кезінде бұдан да қиын кезеңде Бекзат Саттарханов сынды чемпионымыз шықты. Бапкерлеріміз солардың ізбасарларын таба білгені жөн. Бұқаралық спортты дамытатын іс-шараларды, сайыстарды, марафондарды көбейтіңіздер. Жыл он екі бойы сайыстар өтіп тұруы керек. Жалпы спорт саласын дамыту бойынша сараптама жасап, жаңа саясат, жоспар әзірлеуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында футбол клубтарын қаржыландыруға демеушілерді тарту, бәсекеге қабілетті мықты команда жасақтау, қаржыны олимпиадалық және басқа да спорт түрлеріне бағыттау, «Артспорт» бағдарламасына өзінің спорт ғимараты мен білікті бапкерлері бар кәсіпкерлерді шақыру, спорт федерацияларының жұмысын жандандыру, спорт саласына білікті кадрлар мен мамандарды қабылдау, «Бәйшешек» спорт базасының жұмысын жүйелеу және өзге де мәселелер көтеріліп, ұсыныстар берілді. Сонымен бірге шахматты ауылдарда жаппай дамыту мәселесі де айтылды.
Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысының айтуынша, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 61 (29 олимпиадалық, 32 олимпиадалық емес) түрі дамытылып, онда 2426 жаттықтырушы 60 мыңға жуық шәкіртті шыңдап жатыр. 2023 жылдың 9 айында облыс спортшылары спорттың 61 түрі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарына қатысып, 375 алтын, 271 күміс, 277 қола, жалпы 923 медаль жеңіп алды.
Азия чемпионаттары мен кубоктарында 90 алтын, 56 күміс және 33 қола медальға қол жеткізсе, әлем чемпионаттары мен кубоктарында облыс спортшылары 49 алтын, 27 күміс және 11 қола медальға ие болды. Ал жуырда аяқталған жазғы Азия ойындарында түркістандықтар 2 күміс, 2 қола еншілеген. 2024 жылы Париж қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына облыстан 11 үміткер спортшы дайындалуда. 2023 жылы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесін 42 пайызға жетіп, шұғылданушылар саны 9 айдың қорытындысымен 888 804 адамға жетіп, облыстағы жалпы халықтың 41,63 пайызын құраған болатын.
Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 5 жылда 45 спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар.
Бүгінде Түркістан спорт орталығына айналып келеді деуге әбден негіз бар. Сөзіміздің бір дәлелі – Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін мүмкіндік жасалып отыр. Мұз сарайының құрылысы аяқталды. Спорт кешені 1200 көрерменге арналған, 30×60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға мүмкіндік бар.
Сондай-ақ, қазіргі таңда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің қайта құру жұмыстары жүргізіліп, олимпиадалық үлгідегі ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген. Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр.
Облыс әкімінің бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау тапсырмасына сәйкес, аудандарда бірқатар оң өзгерістер орын алып келеді. Тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген.
Өңірде өткен жылдың қорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Былтырдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі.
Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Осы жоспарға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.
«WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат