Бүгін Созақ ауданы әкімінің орынбасары Серік Мамановтың төрағалығымен жиын өтті. Жиынға аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов және орталық пен ауылдық округтердегі жастар істері жөніндегі мамандар қатысып, онда жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы мен Созақ аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің есебі тыңдалды.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Сахиұлы жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2,5 пайыздық несие, «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Бастау-Бизнес», «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы мен «Дипломмен ауылға» сынды бағдарламалардың орындалу барысына жеке-жеке тоқталып өтті.
Орталықтың жұмысы қатаң сынға алынып, нақты міндеттер жүктелді. Жұмысты барынша үйлестіру керектігін айтып, ендігі кезекте өз міндетіне салғырттық танытқан мамандардың мәселесі қаралатынын ескертті. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Болатханұлы Neet санатындағы жастармен тығыз жұмыс істеу керектігін айтып, бұл бойынша жастардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Осы тұста жастарған арналған мемлекеттік бағдарламалар мен несиелер туралы сөз ете кетсек. Елімізде 21-35 жас аралығындағы жастар жеңілдетілген 2,5 пайызбен несиені алуға мүмкіндігі бар. Егер жеке кәсіпкер болса, кәсіпкерлігінің тіркелген уақыты 5 жылға дейін болуы тиіс. Облысымыздың жас тұрғындары несие алу үшін тиісті құжаттарын несиелендірудің сенімді өкілі ретінде танылған — Аграрлық несие корпорациясына тапсырады (одан әрі – АКК).
Несиенің негізгі шарттары:
1) микрокредит мерзімі – 5 (бес) жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 (жеті) жылға дейін;
2) микрокредиттің ең жоғары сомасы – 5 (бес) миллион теңгеге дейін;
3) номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 (екі жарым) пайыздан аспайды;
4) кепілмен қамтамасыз етудің болуы;
5) негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының 1/3 (үштен бірінен) аспайды;
6) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес сенім білдірілген өкілге (агентке) микрокредит алу үшін жүгінген сәтте дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылдан аз кәсіпкерлер.
Шағын несие алу мәселесімен сұрақтар бойынша және дайын құжаттарды тапсыру үшін Аграрлық несие корпорациясына хабарласуға болады.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі шеңберінде білім беру ұйымдарының түлектеріне жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің төмендегі шаралары қолданылады.
Жастар практикасы
Түлектерге алған кәсібі (мамандығы) бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу үшін еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыспен қамтуға — 12 айға дейінгі мерзімге жастар практикасын өтуге жәрдемдесу шарасын ұйымдастырады
Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 275 бұйрығымен бекітілген «Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» қағидаға сәйкес білім беру ұйымдарын алдыңғы 5 жыл ішінде бітірген және 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектер жастар практикасына қатысушылар ретінде белгіленеді.
Жастар практикасын өту үшін жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге, жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуы тиіс.
Салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Жастар практикасына қатысу үшін түлек тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтінішпен жүгіну тиіс. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:
Жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін).
Еңбек кітапшасы (бар болса).
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы
Жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыссыз жастарды алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бірінші рет жұмыс іздеп жүрген жұмыссыз түлектерге, 35 жастан аспаған жастар, жұмыс тәжірибесі жоқтар қатарынан жүзеге асырылады.
Оқу орындарының түлектері үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс орындары олар алған кәсіп (мамандық) бойынша немесе ұқсас кәсіп (мамандық) бойынша құрылады.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс беруші еңбек мобильділігі орталығымен келісім негізінде қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге жұмысқа орналастырады.
Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда), экологиялық төлемдер үшін төлемдерді қоспағанда.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:
Жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін).
Білім туралы құжат (бар болса).
«Ұрпақтар келісімі» жобасы
Жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздарды, оның ішінде білім беру ұйымдарының түлектерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша қосымша шараларды іске асыру шеңберінде еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша қатысушыларды зейнеткерлік жасқа жеткен белсенді жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.
«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша жұмыс беруші еңбек мобильділігі орталығымен шарт негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 6 ай мерзімге жұмысқа алады.
Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда), экологиялық төлемдер үшін төлемдерді қоспағанда.
«Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:
Жеке басын куәландыратын құжат не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін).
Білім туралы құжат (бар болса).
Жастар практикасына, «Брінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатысу үшін «электрондық үкімет» веб-портал және www.enbek.kz Электрондық еңбек биржасы арқылы мансап орталықтарына жүгінбей-ақ өтінім беруге болады.
Әлеуметтік жұмыс орны жобасы жұмыс беруші жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін құрылған. Бағдарлама бойынша жұмысқа орналасу кезінде аз қамтылған және көп балалы отбасы мүшелері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған тұлғаларға басымдық беріледі. Жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысының 35%-ы мемлекет есебінен төленеді.
Әлеуметтік жұмыс орын – бұл, жұмыс беруші жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін Халықты жұмыспен қамту орталығымен келісім- шарт негізінде, олардың жалақысын субсидиялай отырып құратын жұмыс орны. Әлеуметтік жұмыс орындарын салық және басқа әлеуметтік аударымдарды тұрақты жүргізіп отыратын және жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ жұмыс берушілер ұйымдастырады. Әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы 12 айдан аспайды.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жеке әлеуметтік санаттарға жататын жас кәсіпкерлерге өз бизнесін жүргізу үшін бастапқы білім мен дағдыларды алуға мүмкіндік береді.
Оқытуға қатысу үшін негізгі шарттар қандай?
Жұмыспен қамтудың мынадай санаттарының біріне жату:
Тіркелген жұмыссыздар
Ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер
Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен жеке қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтін адамдар
Қысқартылатын қызметкерлер
Отбасылық кәсіпорындағы ақы төленбейтін қызметкерлер
Табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооператив мүшелері
Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы қолданыстағы сертификаттың болмауы
Мәртебесін тексеру сәтінде ерікті түрде қоныс аударуға қатысушылардан басқа (оңтүстіктен солтүстікке қарай) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы болып табылмау
Соңғы 12 ай ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын өз бетінше тоқтату фактілерінің болмауы тиіс
«Бастау Бизнес» арқылы не ала аласыз?
«Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқу. Кәсіпкерлік негіздерін үйрене және қаржы институтынан қаражат ала отырып, қатысушылар бизнес-жоспар дайындау, бизнес-жобаны қорғауда және қолдауда көмекке ала алады.
Өз кәсібін ашу үшін қайтарылмайтын гранттар беру. «Бастау Бизнес» оқуын сәтті аяқтағаннан кейін жобаға қатысушы аяқталғаны туралы сертификат алады және өзінің бизнес-жобасын іске асыру үшін 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде грант алуға үміткер бола алады.
«Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» қалай жүреді?
- Онлайн оқыту курсының ұзақтығы оқу курсы басталған сәттен бастап күнтізбелік 14 (он төрт) күн.
- Онлайн оқыту курсы өтеусіз негізде ұсынылады.
- Онлайн оқыту оқу материалдарын өз бетінше игеру жолымен жеке тәртіппен өткізіледі.
- Онлайн оқытудың әрбір модулін аяқтау қорытындысы бойынша қатысушының алған білімі мен дағдыларын меңгеруін анықтау үшін аралық тестілеу өткізіледі.
- Келесі модульді оқуға көшу үшін аралық тестілеудегі сұрақтардың жалпы санының кемінде 70 (жетпіс) пайызына дұрыс жауап беру қажет.
- Онлайн оқыту курсын өту кезеңінде аралық тестілеуді тапсыру әрекеттерінің саны шектелмеген.
7.Курс қорытындысы бойынша қорытынды тестілеу өткізіледі.
8.Сұрақтардың жалпы санының 70 (жетпіс) пайызынан көп дұрыс жауап алған адамға платформада бірегей нөмір беріле отырып, оқуды аяқтағаны туралы электрондық сертификат беріледі. Сертификат жеке кабинетте көрсетіледі.
9.Оқуды аяқтау туралы сертификат оны алған күннен бастап үш жыл бойы жарамды.
«Жасыл ел» жалпыұлттық жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл жастар арасындағы ең танымал бағдарламалардың бірі десем, қате емес. Бағдарлама аясында жас қазақстандықтар қалаларды көгалдандыруға қатысып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосып жатыр. Сонымен қатар жоба еңбекке баулып қана қоймай, жастарды ортақ идеялар төңірегінде топтастырады.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпыұлттық қозғалыс.
Жас ұрпақтың тәрбиесі өзекті мәселеге айналған бүгінгі заманда кейінгі буынды жұмысқа тартып, еңбектің қадірін түсіндіру маңызды. “Жасыл ел” сапында жүрген жасөспірімдер мен ересектер абаттандыруға атсалыса отырып, өздері де басқаның еңбегін бағалауды үйренеді. Тазалықты жандары сүйіп, қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарайтын болады. Оның үстіне осы пайдалы ісі үшін тұрғындардың алғысына бөленіп, табыс табады. “Жасыл ел” жастары тек бекітілген аймақтарда ғана емес, елді мекендердегі қарт адамдардың аулаларында да жұмыс істеп, бау-бақшасын күтіп, үйлерінің маңын тазалайды.
«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы туралы да айта кетсек. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес 2023 жылғы 1 сәуірден бастап «Дипломмен ауылға» жобасының сенімді агенті болып Отбасы банк тағайындалды. Жоба тұрғын үй сатып алуға немесе салуға кредит беруді және көтерме жәрдемақы төлеуді көздейді.
Енді азаматтардың уақытын үнемдеу және оларға осы мемлекеттік қолдауды алу процесін жеделдету үшін «Дипломмен ауылға» жобасы цифрлық форматқа ауыстырылды. қазақстандықтардан жаңа өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданатын болады. «Дипломмен ауылға» жобасына қатысуға өтінім беру үшін қатысушы otbasybank.kz порталында тіркелуі және ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қоюы қажет.
Бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана келген немесе бұрыннан тұрып жатқан және онда бірқатар кәсіптер бойынша жұмыс істейтін кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері (әкімдер мен әкімдердің орынбасарларын қоспағанда).
Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде жоғарыда аталған мамандықтар бойынша талап етілетін қызметкерлердің тізбесін қалыптастыратынын атап өткен маңызды. Дәл осы тізім аясында жеңілдетілген кредиттер беріледі. Қарыздың ең жоғары сомасы 1500 АЕК-ке дейін, кредит бойынша мөлшерлеме 0,01%-ға тең (ЖТСМ – жылдық 0,01%-дан басталады). Қарыз маман жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Кредиттің ең көп мерзімі – 15 жыл. Негізгі талап – жобаға қатысушы ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек.
Енді «Дипломмен ауылға!» жобасы шеңберіндегі қарыздарға Отбасы банкте қызмет көрсетіледі. Сондықтан кредиттері бар қазақстандық азаматтар банктің клиенттері болуы тиіс. Бұл төлемдерді уақтылы өтеу үшін және болашақта мерзімді өткізіп алмау немесе өсімпұл есептелмеу үшін жасалатын шара. Банктің клиенттері бола отырып, олар кредит талаптарын өзгертпестен оны төлеуді жалғастырады.
Банктің клиенті болудың мынадай бірнеше тәсілі бар:
— Otbasy bank мобильді қолданбасын жүктеп, оның көмегімен ағымдағы шотты және депозитті ашу;
— ұялы телефоннан 300 нөміріне тегін қоңырау шалу;
— жақын жердегі банк бөлімшесіне немесе кеңес беру орталығына хабарласу.
«Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде қазақстандықтар 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы алуға үміткер бола алады. Мемлекеттік қолдаудың бұл түріне де otbasybank.kz платформасы арқылы өтініш беруге болады. Жәрдемақы мен бюджеттік кредит алуға өтінішті бір мезгілде беруге болады.
«ANYQ.KZ» — ақпарат