Созақ ауылдық округінде егілген егіс көлемі 2459 гектарды құрайды

Бүгін Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылының іргесіндегі «Болыс ата» шаруа қожалығында болып, өнім көлемімен танысты. Қожалық төрағасымен тілдесіп, мемлекет тарапынан шаруаларға берілетін жеңілдіктер жөнінде ұсынысын тыңдады.

Аудан басшысы ол бойынша жауапты мамандарға тапсырма жүктеп, өз бақылауына алатынын жеткізді. Қожалық төрағасы Шәріпжан Рысметов көкөніс, бақша және жоңышқа дақылдарымен таныстырды. Өнімінің көлемі мен онда орнатылған жаңбырлатып суғару қондырғысының тиімділігіне айрықша тоқталды.

Биылғы жылы «Болыс ата» шаруа қожалығы 15 гектар аумаққа жүгері, қауын-қарбыз, картошка, асқабақ, жоңышқа сынды дақылдарды өсіруде. Өнімінің алғышқы бөлігін сатылымға шығарып, халыққа қол жетімді бағада ұсынуда. Айта кетейік, биыл Созақ ауылдық округінің өзінде жалпы егілген егіс көлемі 2459 гектарды, бау-бақша өнімдері 69,88 гектар аумақты құрайды.

Созақ ауданында сонымен қатар тауарлы балық өндірісі де қарқынды түрде дамып келе жатыр. Бүгінде Созақ ауданында тауарлы балық өндірумен 8 шаруашылық айналысады. «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Нұрахмет Қазақбаевтың айтуынша, 2015 жылдан бері өз жұмысын бастаған «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 180 тонна өнім алып, күзде тағы 500 мың дана шабақ жіберіп 200 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, балық өсіру кезінде пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.

«Бүгінде «Бабата» су қоймасында тауарлы балық өсірумен айналысып, жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз. Оның ішінде дөң маңдай, ақ амур және сазан балықтары бар. 2018 жылдан бері мемлекеттен қажетті қолдаулар болып жатыр. Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен тиісті басқарма осы тауарлы балық өсірушілерді қолдап, қазір мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Тауарлы балықпен айналысу оңай шаруа емес, бір жылда өнім ала алмайсың. Салған шабақ үш жылдан кейін ғана өнім береді. Сол уақытқа дейін қаражат салып, шабақтарды бағып үлкейту керек. Өткен жылы облыс әкімі біздің балық жемін шығаратын зауытымыздың жобасымен танысты. Жемі болмай бұл саланы дамыту қиын. Облыс әкімінің тапсырмасымен жеңілдетілген несие беруге ұсыныс берілді. Несие берілсе енді біз балықтың жемін шығаратын зауыт салмақпыз. Жемді өзіміз шығаратын болсақ, балықтан пайда мол болар еді. Біздің балықтар экспортталатын балық емес. Қазір тек өзіміздің ішкі базарларға сатылады. Келешекте көк серке балығын да өсіруді қолға алып, балық өнімдерін қайта өңдеу зауытын іске қосуды көздеп отырмыз», — деді Нұрахмет Қазақбаев.

Қазіргі таңда ауданда жеті мекеме бірігіп, Созақ балық өнімдері ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрып, балықтың жемін шығаратын зауыт салуға жұмыстар жүріп жатыр. Әзірге жемді сырттан сатып алып отыр.

Еске сала кетсек, Созақ ауданындағы «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2015 жылы 100 мың шабақ, 2016 жылы 120 шабақ, 2017 жылы 80 мың шабақ, 2018 жылы 120 мың шабақ, 2019 жылы 100 мың шабақ, 2020 жылы 400 мың шабақ, 2021 жылы 900 мың шабақ, 2022 жылы 750 мың дана шабақ салған. Ол шабақтар инкубациялары бар қожалықтардан сатып алынған. Келешекте шарушылықтың өзі инкубацияларды орнатып шабақ шығаруды да қолға алмақшы.

«Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов.

Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.

Балықшылар соңғы уақытта су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақтылы, тез арада заңдастыру, балық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көлемін субсидиялауға қосымша қаржы бөлуді сұрап жүр.

Жалпы, облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған-ды. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының осы бағытта жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма бергені — есте. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығын обьектілерін ашу жоспарын орындауды облыс әкімдігі жіті назарда ұстап отыр.

– Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Жаңадан тоғанды балық шаруашылығын, балық азықтары мен балық өнімдерін өңдейтін зауыт, кәсіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс істеп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында айналасынан жер учаскелерін берулі қарастыру қажет. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қамтамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады, – дейді Ермек Кенжеханұлы.

Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады деп межеленген.

Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Расында да, мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 154 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.

Созақ ауданының ауыл шаруашылығы саласы сөз етілген кезде түйе шаруашылығы туралы айтпай кетуге болмайды. Себебі Түркістан облысында түйе шаруашылығымен айналысатын бірнеше ауданның көш басында дәл осы Созақ ауданы тұрады. Айта кетейік, 2020 жылдан бастап түйе шаруашылығын дамыту мақсатында аудан бойынша 1980 бас түйе аналығы сатып алынды. Оның ішінде 1000 бас түйе несие алу арқылы жүзеге асса, 980 бас түйе азаматтардың өз қаражаты есебінен алынған.

Шолаққорған ауылдық округінің агроқұрылымдары 30 тонна «Golden Camel Group» ЖШС-не, 60 тоннасын «Казфут» ЖШС-не, Қарақұр ауылдық округінің агроқұрылымдары 53 тонна, Созақ ауыл округінің агроқұрылымдары 113 тонна «Казфут» ЖШС-не, барлығы 256 тонна түйе сүті қайта өңдеу кәсіпорындарына өткізілген. Кейінгі жылдары «Golden Camel Group» ЖШС-і өз жұмысын тоқтатуына байланысты аудан агроқұрылымдары сауылған сүттерді ішкі нарыққа өткізуде.

2023 жылғы есеп бойынша жалпы ауданда 15 979 бас түйе өсірілсе, 3 жылдың ішінде 117 пайызға өскен. Сондай-ақ, ауданда «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен 4 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды. Олар: Созақ ауыл округінен «Жаңа Қазақ Елі» АӨК-і (төрағасы Әлібеков Еркебұлан Амангелдіұлы) мүшелікке 91 азамат тіркелеген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша 26 млн.теңге несие қаржы алып, 2 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды.

Жартытөбе ауыл округінен «Сембек ата» АӨК-і (төрағасы Бахбергенов Жарқынбек Сембекұлы) мүшелікке 70 азамат тіркелеген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша 20,3 млн.теңге несие қаржы алып, 3 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Шолаққорған ауыл округінен «Созақ Агро Өнімдері» АӨК-і (төрағасы Қасымбек Арман Нұрболұлы) мүшелікке 181 азамат тіркелеген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша 27,6 млн.теңге несие қаржы алып, 4 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды.

Құмкент ауыл округінен «Рауан» АӨК-і (төрағасы Досбаев Мұрат Мақсұтұлы) мүшелікке 70 азамат тіркелеген. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының V-бағыты бойынша 15 млн.теңге несие қаржы алып, жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алуға келісім-шартқа отыру жұмыстарын жүргізуде.

Жайылым жағдайына байланысты үнемі көшіп жүруді дағды еткен Азия халықтары оның ішінде біздің ата бабаларымыз түйені өсіруге, оны қолға үйретіп мініс көлігі ретінде пайдалануға, сүтін сауып, шұбатын ішуге ықылым заманнан бері ерекше мән берген. Сол себептен де түйе шаруашылығы — еліміздің шөл және шөлейт аймақтарындағы жұтаң жайылымдарда мал өнімін өндіру мақсатында халқымыздың ғасырлар бойы айналысып келе жатқан негізгі саласының бірі болып қалыптасқан. Ата- бабаларымыз еліміздің шығысы Алтайдан, батысы Атырауға дейінгі ұлан байтақ жерімізде мал жайылымын ауыстырып жаз жайлауға шыққанда, күз күземде болып, қыс қыстауға көшкенде ең басты көлігі ретінде түйені пайдаланғандықтан оны «дала кемесі» деп атауы да тегін болмаса керек.

Түйе шаруашылығы мал шаруашылығы ішінде ең көне, ежелгі шаруашылықтың бірі. Түйе шаруашылығы саласы жөнінде кенжелеп қалған шаруашылық деген түсінік пен көзқарас қалыптасқан жағдайы бар. Бұл түйе өсірудің көп назар аударыла бермейтін, түйе өсіруге көп шығын жұмсауды талап ете бермейтін өзіндік ерекшелігіне байланысты болса керек. Түйе шаруашылығын кенжелеп қалған шаруашылық деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Түйе малы санының тұрақты өсіп отыруы өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бастау алған. Әлем мемлекеттеріндегі түйе саны 1939 жылы 7,8 млн бас болса, 1960 жылы 10,3 млн бас, 1972 жылы 14,6 млн бас түйе болған.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы 233,6 мың бас түйе өсіре отырып түйенің етін, сүтін және жүнін мол өндіретін бірден-бір мемлекет болып саналады. Облысымызда 35,0 мың басқа тарта түйе өсіріліп отыр. Ауданымыз республикамыз-дағы түйе түлігін өсіру үшін ең қолайлы аймақтың бірі саналатындықтан түйе саны жыл сайын тұрақты өсіп келеді. 1989 жылдары Кеңестік шаруашылықтар дәуір-леп тұрған шақта ауданымызда 7745 бас түйе болса, бүгінгі таңда ауданда өсіріліп отырған түйе саны 13452 басқа жетіп отыр.

Созақ ауданында өсіріліп отырған түйелермен селекциялық асылдандыру жұмыстарын ғылыми негізде жүргізуге қай кезде болмасын үнемі ерекше маңыз беріліп келген. Созақ ауданында түйе түлігімен асылдандыру жұмыстары «Оңтүстік Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу орталығы» ЖШС ғалымдары ұсынған мына бағыттар бойынша жүргізілуде. Бірінші бағыт — Қазақтың қос өркешті түйесін өсіру. Түйенің бұл тұқымы жоғары өнімді малдарды іріктеу, сұрыптау жолдарымен халықтық селекция нәтижесінде шығарылған. Қазақстанда түйенің бұл тұқымының 5 типі: Орал-Бөкей, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Батыс типтері өсіріледі. Осы малдардан Созақ ауданы жағдайына Оңтүстік Қазақстан типі сәйкес келеді. Бұл малдарды одан әрмен еттілігін жетілдіру үшін Қызылорда типімен шағылыстыру арқылы таза қанды өсіру немесе Орал-Бөкей қос өркешті түйесімен шағылыстырып, аралас ұрпақ түрінде өсіру ұсынылған. Оңтүстік Қазақстан типінің інгенін Қызылорда типінің бурасымен шағылыстырғанда алынған ұрпақтың тірі салмағы 12%-ға, ал Орал-Бөкей типімен шағылыстырғанда 20%-ға артады және ет шығымдылығы 5-7-%-ға өседі. Қазақтың қос өркешті түйесін өсіргенде оның тұқымын асылдандырудың негізгі бағыты — салмағын көбейту, жүн өнімділігін арттыру және малдың дене тұрқының қажетті ерекшеліктерін жетілдіруге бағытталған.

Екінші бағыт — Қазақы нар түйелерінің бір өркешті тұқымының популяциясын өсіру. Дара өркешті түйелердің қазақы популяциясы – қазақы нар — қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруанасы тұқымдарын шағылыстырып, алынған төлді түрікмен аруанасы тұқымының қанын 87,5%, 93,75% және 96,875% дейін жеткізу жолымен алынған. Қазақы нардың ұрғашыларының тірі салмағы 650 кг, сауын мерзімінде 2200 кг тауарлы сүт береді. Сүттің майлылығы 4,2%, ақуызы 3,8% болады. Созақтың қатал табиғатына бейімделген тұқым болып есептеледі, сыртқы тұрқы түрікмен аруанасына ұқсас болып келеді, қысқалау «галифесі» болады, қазақтың қос өркешті түйесіне тән кекіл болмайды. Қазақы нармен жүргізілуге тиісті селекциялық жұмыстар негізінен сүт өнімділігін көтеру, малдың тез жетілгіштігін арттыру мен сойыс салмағын көтеру, сонымен қатар ет-сүт өнімділігі бағытындағы малдардың санын көбейтуге бағытталған.

Үшінші бағыт — Түрікмен аруанасы түйелерінің дара өркешті тұқымын өсіру. Таза қанды түрікмен аруанасының ірілеу келген бір өркеші болады. Түйенің бұл тұқымы негізінен сүт өндіру үшін, кейде ет-сүт бағытында да өсіріледі. Түрікмен аруанасының негізгі белгісі – жауырын тұсында «эполет» деп аталатын шудасы болады, бұндай шуда қос өркешті түйелерде болмайды. Сол сияқты бір өркешті түйелерде кездесетін «кекіл» мен «галифе» де болмайды. Мал тұқымын асылдандыру жұмысының негізгі бағыты сүттілігін, майлылығын және ақуыз құрамын молайту болып табылады.

Уран өндірумен айналысатын өңірде түйе сүті жоғарғы сұранымға ие. Сондықтан осы өңірде сапалы түйе сүтін өндіру үшін қазақтың бір өркешті түйелерін түрікмен аруанасымен шағылыстыру арқылы алынған будандардың санын көбейтуге бағытталған. Себебі будан түйелер ауданның қатал ауа райына өте төзімді және қатал климатқа бейімделгіш болып келеді.

Соңғы жылдары республикадағы түйе басының 12,5%-ға, асыл тұқымды малдың 2,4%-ға көбейгені байқалады. Қазіргі кезде ғалымдар қазақтың қос өркешті түйесі мен түрікмен аруаналарының жаңа асыл тұқымды типтері мен желілерін шығарумен айналысуда. Ғалымдардың алдында тұрған кезекті мәселелердің бірі – асыл тұқымды малдың гендік қорын сақтау және соларды пайдалана отырып түйе шаруашылығын одан әрі дамыта беру болып табылады.

 «WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin