Созақ ауылында жиһаз шығаратын цех іске қосылды

Бүгінде ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп, кісіпкерлік нысандардың саны күн сайын арта түсуде. Аудан көлемінде жыл басынан бері 75 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып, жалпы саны 4 593-ке жетті. 6853 адам шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жергілікті кәсіпкелермен жиі кездесіп, пікір алмасып тұрады. Осы мақсатта, бүгін Созақ ауылына барып, онда өз жұмысын жаңадан бастаған «ИП Әлібеков» жиһаз шығаратын цехтың жұмыс барысымен танысты.

Еске сала кетсек, бұл жобаны жеке кәсіпкер Әлібеков Жәдігер аудан басшысымен бірге Қытай Халық Республикасына жасаған сапарында қолға алып, жаңа технологияларды игеруде тәжірибе жинақтаған. Бүгінде Қытай Халық Республикасынан жұмысқа қажетті станоктардың бірнеше түрін алдырып, өз кәсібін бастады. Жергілікті 5 азамат жұмыспен қамтылып, алдағы уақытта сұранысқа сай жұмысшылар санын артыру көзделуде.

Сонымен қатар, аудан басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, кәсібін жандандырып отырған «Елжан» тігін цехында болды. Созақ ауылының тұрғыны Джамила Айдарбекқызы жеке кәсіпкерлігі атынан «Ауыл аманаты» бағдарламасының 6-шы бағыты негізінде үй іргесінен жүн, мақта өнімдерін қайта өңдеп, қолданысқа дайындау және тігін саласын жандандыруға 5 200 000 теңге 2,5% несиеге қол жеткізген. Кәсіпкер қол жеткізген несиеге заманауй үлгідегі тігін құралдарын алып, нәсібін ұлғайтуда. Тігін цехында 2 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі уақытта сұраныстың артқанын айтып, жұмысшылар санын 10-ға дейін жеткізетінін алға тартты.

— Ең алғаш бұл саланы осыдан 15 жыл бұрын үйреніп, 10 жылға тарта басқа кәсіпкердің қарамағында жұмыс жасадым. Соңғы 5 жылда өз алдыма бөлек тігін машинасын алып, жеке кәсібімді бастадым. Қолданыстағы тігін машиналарым ескі болғандықтан жұмысым баяу болды. Уақыт өте бұл салада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, заманау үлгідегі тігін құралдарын алуды шештім. Небәрі 20 күннен астам уақытта несиеге қол жеткізіп, қажетті құралдарды арнайы тапсырыспен алдырдым. Нәтижесінде жұмысым едәуір жеңілдеп, бұл салаға қызығушылығым арта түсті. Бүгінде сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отқан соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын,-дейді кәсіп иесі.

Кәсіпкерлермен ашық әңгімелескен аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы кәсіпке кедергі келтіретін факторларды талқылады. Талқылау барысында көтерілген мәселелер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

«Ауыл аманаты» жобасы демекші, былтыр күзде осы жобаның жай-жапсарын талқылауға арналған, Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен маңызды мәжіліс өткені белгілі. Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов хабарлады. Хабарлама барысында жобаның 1-ші бағыты – өсімдік шаруашылығы, 2-ші бағыты – мал шаруашылығы, 3-ші бағыты – құс шаруашылығы, 4-ші бағыты – балық шаруашылығы, 5-ші бағыты – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін жабдықтау, 6-шы бағыты – өз кәсібін ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжей тоқталып өтті.

Қазірді таңда пилоттық жобаға 221 азамат құжат өткізген екен. Оның ішінде 173 азаматтың құжаты 924 миллион 310 мың теңгеге мақұлданып, 125 азаматқа 647 миллион 510 мың теңгеге жеңілдетілген несие берілді. Ерекше атап өтерлігі, атаулы әлеуметтік көмек алушы 4 азамат 17 миллион 650 мың теңгеге несие алып, кәсібін ашуға мүмкіндік алды.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. — несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; — несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; — номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады.

«Ауылда 7,7 миллион адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесуге тырысамыз. Жобаның мақсаты мен міндетін түсіндіру үшін кең ауқымды 40 күндік ақпараттық марафон өткіздік. Мобильді топ құрамындағы тренерлеріміз 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында республикадағы 179 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамтыған кездесулер өткізді», – дейді ол.

  Ауылдықтар жобаға үлкен үміт артып отыр. Жобаға ауыл тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза.

 «AMANAT» партиясы өкілдері «2019 жылдан бастап табысты арттыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан Жамбыл облысының оң тәжірибесі ауыл тұрғындарын бағдарламаға қатысуға ынталандыруы тиіс» деп атап өтті. Мәселен, осы өңірге республикалық бюджеттен 7,2 млрд. теңге бөлінген. Жобаға қатысуға 11 ауылдық округ іріктелді. Осылайша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 3 есеге қысқарып, аталған ауылдарда орташа айлық табыс мөлшері 1,7 есеге ұлғайды. Жұмыссыздар саны 36 %-ға азайды. Микрокредиттер бойынша, 60 күннен астам мерзімі өткен төлемдер болмады.

«Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға көмектесеміз. Айталық, барлық жерде бірдей қызылша өсіру немесе ірі қара мал жаю мүмкін емес. Жамбыл өңірінде тұрғындардың 68 %-ы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шықты. АӘК алуды жалғастыру немесе осы бағдарлама арқылы ақша таба бастау.  Тұрғындар осындай таңдау жасап жатыр», – дейді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектесетін болады. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдірді.

«Кооператив құру және өткізу тізбегін қалыптастыру бойынша тренингтер өткізілді. Адамдар жекелей жұмыс істей алатынын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативіне біріге алатынын түсіндірдік. Бұл қадам шығынды азайтады. Мысалы, жемді нарықтағы бағадан 40-50 %-ға арзан бағамен сатып алуға болады. Жер жырту, қоқыс шығару кезінде де арнайы техниканың қызмет құны төмендейді. Кооперативтер техниканы лизингке оңай ала алады. Облыс әкімдіктері кооперативтерге кәсіби агрономдардың, ветеринарлардың, механизаторлар мен зоотехниктердің қатысуын қамтамасыз етеді», – дейді жобалық кеңсе хатшылығы басшысының орынбасары Ақмарал Бекмұрзаева.

 «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылдан 2025 жылға дейін қолданыста болады. Аталған жобаны барлық өңірде іске асыру үшін бюджеттен кредиттер бөлу көзделіп отыр.

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, білім беру мен денсаулықты сақтау ұйымдарының жылу беру маусымына дайындықтары жөнінде аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ербол Аманов баяндады. Бұл жөнінде жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Таукент, Қыземшек кенттеріндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарындағы жөндеу жұмыстары мен онда қажетті қатты және сұйық отынның жеткізілу барысын назарға алды.

Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков салаға жауапты мамандарға жиында қаралған мәселелер бойынша қажетті шараларды сапалы әрі уақытында атқаруды және осы бағыттағы жұмыстарды әр кез бақылаудан шығармауды ескертті.

Айта кетейік, былтырғы жылы теріскейлік шаруалар мол табысқа қол жеткізіп отыр. 8 ай қорытындысына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 12 260,5 миллион теңгені құрап отыр. Осы жылы 14 393 гектар егіс егілді. Оның ішінде: 310 гектар бидай, 1049 гектар арпа, 769 гектар жүгері, 1265 гектар мақсары, 494 гектар картоп, 482 гектар көкөніс, 482 гектар бақша, 1996 гектар жаңа жоңышқа, 7516 гектар өткен жылдардағы жоңышқа орналастырылды.

Аудан шаруалары тамшылатып суару әдісін де тиімді пайдаланып, оны толыққанды меңгеріп келеді. 5,2 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Шолаққорған ауыл округінен «Дәмен» шаруа қожалығы 40 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнатса, бүгінгі күнге «Атамекен» шаруа қожалығында 141 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнату мақсатында бассейн қазу жұмыстарын жүргізуде.

Жыл басынан бері 20 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алынды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 194 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 153 азаматтың құжаты 805,160 миллион теңгеге мақұлданып, 91 азамат 447,860 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Ауданда төрт түлік мал басы да көбейіп келеді. 47 777 бас мүйізді ірі қара, 286 364 бас қой, 38 478 бас ешкі, 32 440 бас жылқы, 16 027 бас түйе, 38 637 бас құс өсірілуде.

Естеріңізде болса, «Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады» — деген еді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Былтыр жылдың басында іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы туралы естігенде қуанбаған ауыл тұрғыны кемде-кем. Өткен жылы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың басшылығымен «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасын» жүзеге асыру барысын және «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бақылау мақсатында «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесін құру жөнінде кеңес өтті. Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова барлық өңірде «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесін құруды тапсырды. Оған агроөнеркәсіптік кешен немесе экономика салаларына жетекшілік ететін облыс әкімдерінің орынбасарлары басшылық жасайды.

«Облыстық жобалау кеңсесіне өңірдегі «Ауыл аманаты» жобасының жұмысын үйлестіруді, даму бағытын белгілеуді, сондай-ақ скрининг нәтижелеріне және өңірдегі ауылдық округтердің бейіміне қарай 2024 жылға арналған несиелеу көлемін айқындауды бекіту керек. Сондай-ақ, мәслихат депутаттарының, «Атамекен» ҰКП өкілдерінің, «AMANAT» партиясы өңірлік кеңестері мүшелерінің және сарапшылардың ауылдық округтерге шығу кестесін әзірлей отырып, ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысын ұйымдастыру қажет», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Осындай жобалық кеңселер еліміздің әрбір ауданында және ауылдық округінде ашылады. Жеңілдікпен берілген несиенің өз мақсатында жұмсалуын қадағалау, сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының жүйелі жүзеге асырылуына жалпы мониторинг жүргізу үшін бірыңғай цифрлық платформа құрылады. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша ауқымды «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Сайлауалды бағдарламасы аясында бұл мақсатқа 1 трлн теңге, оның ішінде биыл 100 млрд теңге бөлінеді.

Биылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша, 29 млрд. теңге сомасына 5,3 мың микрокредит беріліп, соның есебінен 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев өндірілетін ет және сүт өнімдері көлемінің дерегін салыстыру үшін ауылдық округтерде сауалнама жүргізу қажет екенін атап өтті. Бұған қоса, қымбатшылықты ескере отырып, аграрлық техниканы сатып алуға да қаражат қарастыру қажет.

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Президент оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керектігіне тоқталып өтті.

«Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», — деді Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар екенін алға тартып, мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керектігін айтты. «Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», — деді Президент.

 «WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin