Бүгін Республика күніне орай «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде «Қазақстан – бейбітшілік мекені» атты жас суретшілер байқауы өтті.
Байқау мақсаты – өнерлі балаларды анықтау және қолдау көрсету, шығармашылық және көркемдік қиялдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік туғызу, туындыларын көпшілікке жария ету мүмкіндігін ұсыну арқылы жас суретшілердің белсенділігін арттыру, сонымен қатар өнер саласында эстетикалық талғамын, қабілеттері мен дағдыларын қалыптастыру.
Шығармашылық байқауға 10-24 жас аралығындағы түркістандық 17 суретші қатысты. Олар 3 жанрдан тұратын еркін тақырып бойынша, атап айтқанда қылқалам өнері, сурет өнері және графика өнері бойынша бақ сынады. Қатысушының еңбегін бағалау кезінде байқау талаптарына сай, түстердің үйлесімділігіне, шығарманың композициялық шешімі шеберлігіне, ой ұшқырлығына назар аударылды.
Әділ қазылар алқасының шешімімен жүлделі бірінші орынды (30 мың теңге) Елмұрат Бекмұрат, екінші орынды (20 мың теңге) Гульназа Хайитжан, үшінші орынды (10 мың теңге) Диана Жұмабек иеленді. Сондай-ақ, Диер Нишанов пен Балғын Тынысбек «Үздік композиция» мен «Үздік суретші» (5 мың теңге) номинациясына ие болды.Белсенділік танытып, байқауға қатысқан басқа 12 қатысушы алғыс хаттармен марапатталды.
Шара барысында «Конгресс Холл» кешенінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты. Жастарды эстетикалық өнерге баулитын байқаулар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.