ТҮРКІСТАН: «ЖІБЕК ЖОЛЫ» КЕДЕН БЕКЕТІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ЗЕРДЕЛЕУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ

Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» кеден бекеті тек Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі кеден бекеттерінің бірі саналады. Жобамен күн сайын шекарадан 40 мыңға дейін жолаушы, 1200 жеңіл автомобиль және автобус өтеді.
Өткізу пунктінің есептік өткізу қабілеті тәулігіне 17 500 адамды құраса, адамдардың нақты ағыны 2,5 еседен асады. Жолаушылар ағынының жылдық өсімі – 15-17 пайыз. 2023 жылы өткізу пункті арқылы 8 млн адам өткен. Оның ішінде Қазақстан азаматтары – 3 млн, Өзбекстан – 4 млн, қалған 1 млн жолаушы – ТМД, Еуропа, АҚШ, Жапония, ҚХР азаматтары.
Яғни, бұл жер — сыртқы сауда-айналымын арттыратын, туристер алмасатын және екі елдің ынтымақтастығын нығайтатын танымал орын. Дегенмен кеден бекетінде өзекті мәселелер жоқ емес. Проблемаларды зерделеу мақсатында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ұсынысымен мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерінен ведомствоаралық жұмысшы топ құрылды.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің мониторинг және мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы, жұмыс тобы басшысының орынбасары Мейіржан Әуезов бастаған арнайы жұмысшы құрам іссапармен Сарыағаш ауданында болды. Жиынға Өзбекстан Республикасының салаға жауапты басшылығы, аудан әкімі Арман Абдуллаев, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев Түркістан облысы мәдениет және туризм басқарма басшысының орынбасары Нұрдәулет Медеуов және өзге де топ мүшелері қатысты.
Шекарадағы бекеттің қазіргі ахуалы, бекет ғимаратын жаңарту, кіру-шығу терминалдарын орнату, ана мен балаға арналған бөлмелер салу, ұзын-сонар кезектерді жою, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын ретке келтіру жалпы ішкі мәселелер ортаға салынды. Өйткені ағымдағы жөндеу жұмыстары соңғы рет 2009 жылы жүргізілген. Кеден бекеті туристік әлеуетті дамыту тұрғысынан алғашқы қадамға жататыны белгілі. Тұрақты автобус маршруттары, мүгедектігі бар адамдар, арнайы делегациялар мен туристік топтарды өткізу үшін жеке бағыттар жоқтығы сөз болды.
Басқосу нәтижесінде өткізу қабілетін арттыру, ғимаратты жөндеуден өткізу, туристік автобустар үшін жекелеген бағыттарды бөлу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өткізу пунктінің айналасында санитарлық тазалау жүргізу жөнінде шаралар әзірлеу туралы келісімдер жасалды. Аталған проблемаларды шешу үшін бірлескен іс-шаралар жоспары жасалып, нақты іс-әрекеттер атқарылмақ.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына жұмыс сапарында «Жібек жолы» бекетіне арнайы барып, бекеттің мәселелерін шешу жұмысын жандандыруды тапсырған болатын.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin