№28 мектеп-лицейінде мұғалімдер арасында волейбол, шағын футбол, үстел тенисінен облыстық іріктеу жарысы өтті. Сайысқа Түркістан, Сайрам, Ордабасы, Жетісай, Арыс, Сарыағаш, Бәйдібек тағы басқа топ мүшелері қатысты.
Аламан доданы «Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығы» КММ «Бұқаралық спорт және тұлғалық даму» кафедрасы ұйымдастырды. Жарыс аймақтық, ақтық кезеңнен құралып, біркелкі спорттық киімдегі жанкүйерлер бақ сынасты.
Қазылар алқасы мұғалімдер арасынан кіл мықтыны анықтау мақсатында дене шынықтыру саласының үздіктерін бағалады. Осылайша әділ сынмен үздік жүлдегерлер анықталды.
Ұлдар арасындағы волейболдан 1-ші орынды Сайрам ауданы иеленсе, 2-ші орынды Арыс қаласы қанжығасына байлап, 3-ші орынды Жетісай ауданы алып, жүлдегер атанды.
Ал, қыздар арасындағы волейболдан 1-ші орынды Түркістан қаласының мұғалімдері иеленіп, 2-ші орынды Сарыағаш ауданы алып, 3-ші орынды Бәйдібек ауданы өз қанжығасына байлады.
Бұдан өзге кіші футболдан 1-ші орынды Түркістан қаласы, 2-ші орынды Түлкібас ауданы, 3-ші орынды Шардара ауданы иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Спорттық ойын үстел тенисінен бас жүлдені Сауран ауданы иеленіп, 2-ші орынды Шардара ауданы алып, 3-ші орынды Отырар ауданы иемденді.