Түркістан облысында биыл Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту жоспарланып отыр. Бұл халқымыздың ежелден келе жатқан ата дәстүрі. 14-23 наурыз күндері арылығында «Көрісу күні – амал мерекесі», «Мейірімділік мерекесі» сынды атаулы күндері түрлі шаралар өтеді. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлімдеді.
«14 наурыз — «Көрісу күні – амал мерекесі» күні өңірдегі белгілі өнер, спорт саласындағы қайраткерлер аға буынның шаңырақтарына арнайы барып, жылдың басталуымен құттықтайды. Амандандық сұрасып, көріседі. Сондай-ақ, осы күні «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен облыстық челленж ұйымдастырылады. Ал 15 наурыз күні «Наурыз — мейірімділік мерекесі» ретінде аталып өтпек. Бұл күні аудан-қалаларда, ауылдарда жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық акциясы өтеді. Сондай-ақ, соғыс, еңбек ардагерлеріне, Батыр аналарға құрмет көрсету мақсатында «Аға ұрпақты қастерлейік» акциясы қолға алынады» — деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, 15 наурыз күні — Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде облыс әкімдігі мен айтыс ақындары және жыршы-термешілердің Халықаралық одағының ұйымдастыруымен Түркістан облысы мен Жамбыл облысы ақындары, термеші-жыршылары арасындағы командалық өнер додасы ұйымдастырылады. Бұл жайында брифингте «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының» Түркістан облысындағы филиал төрағасы Тұрар Тілеулиев айтты.
«16 наурыз күні «Наурыз – салт-дәстүрдің жаңғыруы» деген бастамамен облыстағы барлық мәдениет мекемелерінде ұлттық салт-дәстүрлерді жаңғыртатын сахналық көріністер өтеді. Ал 17 наурыз күні «Наурыз — тәрбиенің бастауы» деген атаумен барлық мектептерде мерекелік іс-шаралар, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмелері ұйымдастырылады. Сондай-ақ, жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетілмек. 18 наурыз — «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» деген атпен 09:00-ден бастап Түркістан облысының мемлекеттік қызметшілері ұлттық киім кию челленжін бастайды. Сонымен қатар, 18 наурыз күні «Түркістан – түркі әлемінің туристік астанасы» атануының ресми ашылу салтанаты «Керуен сарай» аумағында өтеді», — деді Әзімхан Серікұлы.
Брифингке қатысқан Түркістан облысы мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров 19 наурыз күні — «Наурыз — жаңару мен жаңғырудың, татулықтың бастауы» деген атпен барлық өңірлерде ағаш егу дәстүрі қолға алынатынын айтты. Бұл күнгі мерекелік іс-шаралар «Наурыз бата» дәстүрімен қорытындыланады.
«20 наурыз — «Ұлттық спортты ұлықтау» күнінде барлық өңірлердегі спорт кешендері мен атшабарларда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Ал 21 наурыз «Қош келдің – Әз Наурыз!» деген атаумен Түркістан қаласындағы «Керуен» сарайы аумағында облыс әкімінің қатысуымен мерекелік салтанатты іс-шара жоспарланып отыр. 22 наурыз «Ұлыстың ұлы күні — Әз Наурыз» күні Түркістан қаласы мен барлық аудан-қалалардағы орталық алаңдар мен саябақтарда көрмелер, концерттік бағдарламалар, ұлттық спорттық ойындар мереке көркін қыздырады. Ал 23 наурыз «Наурыз – тазалықтың айнасы» күні облыс көлемінде жалпы халықтық сенбілік ұйымдастырылып, аудандар мен қалаларда тазалық жұмыстары жүргізіледі», — деді Мейіржан Нұрғалиұлы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.