Қадірлі ұстаздар!
Баршаңызды Ұстаздар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұлы Абайдың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға деген сөзі бар. Себебі, ұстаздық – адал еңбекті талап ететін жауапты миссия.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Түркістан тұрғындарымен кездесуде шаһарға қолдау жалғасатынын айтты. Президент «Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілді. Ал, біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан, Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын» деген болатын.
Бұл ретте аймақты дамытатын білікті ұрпақ тәрбиелеуде сіздерге үлкен міндет жүктеліп отыр. Сондықтан біз білім саласын дамытуға басымдық береміз.
Түркістан облысы білім беру саласына бөлінетін қаржы көлемі жағынан республикада бірінші орында. Қазіргі таңда облыстың білім саласын дамыту мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған «BILIMDI TURKISTAN» стратегиялық даму жоспары әзірленуде. Осы жоспарға сәйкес ауқымды жобалар іске асырылады.
Бүгінгі күні облыс мектептерінде 500 мыңнан астам оқушы білім алады. Оқушы саны жөнінен республикадағы ең үлкен көрсеткіш – Түркістан облысында.
Облыста кезең-кезеңімен 199 мектептің құрылысын салу жоспарланды. Өткен жылы 77 мектеп салынса, биыл 34 мектеп пайдалануға беріледі. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар ұстаздарға шабыт береді, деп ойлаймын.
Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша республикадағы 7500 мектептің «100 үздік мектебі» тізіміне облысымыздың 11 мектебі енді. Оқушыларымыз 6 халықаралық, 24 республикалық білім сайыстарына қатысты. Додалардан 25 алтын, 32 күміс, 64 қола медаль иеленді.
Республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» жарысы да табысты өтті. Түркістан облысының оқушылары 11 алтын, 9 күміс, 7 қола медалға қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте I орынға ие болды. Бұл – үлкен мақтаныш, әрі ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі.
Ұстаз – жай білім беретін мамандық иесі емес. Ол – екінші ата-ана, тәрбиенің де қайнар көзі. Бәріміз де ұстаздарға қарыздармыз. Сондықтан ұлағатты ұстаздардың алдында барлық адам құрметпен бас иеді.
Құрметті ұстаздар!
Баршаңыздың отбасыларыңызға – амандық, дендеріңізге –саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Мереке құтты болсын!
Дархан САТЫБАЛДЫ,
Түркістан облысының әкімі