25-қазан Республика күні мерекесі аясында Түркістан қалалық ОКЖ ұйымдастыруымен №2 Хамза атындағы жалпы орта мектебінде
«Жас баладай көңілі,
Күліп жүрер өмірі,
Серілердің серкесі,
Суымаған сезімі…» —деп ақын Құрмаш Жылқыбай жырға қосқандай, сегіз қырлы, бір сырлы, шығармашылықты жаны сүйетін шалқар сезімнің адамы, журналист, ғалым, ұстаз, сазгер Бекжігіт Сердәлімен «Өмірде де, өнерде де сан қырлы…» тақырыбында бенефис шоу болып өтті.
Бенефис шоуды қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі Жансұлу Журкаева мен Хамза атындағы орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Орынбасарова Гүлжахан жүргізіп отырды. Сонымен қатар бенефис шоуға Бекжігіт Сердәлінің замандасы, әріптесі, Түркістан облыстық қазақ тілі қоғамының төраға орынбасары Пашанова Алима Сүнетуллақызы қатысып, Бекеңнің ерекше қасиеттерін, біз білмейтін ерекше қырларын тілге тиек етті. Шара барысында өмірдерегі, өнер жолындағы жетістіктері мен марапаттары жайлы сөз қозғалды. Сонау 1980 жылдардан бері халық арасында орындалып жүрген» Жас жұбайлар «, » Неге, неге… » «Түркістаным-Тұраным» әндерінің , бірнеше кітаптардың, ғылыми еңбектердің авторы Бекжігіт Сердәлімен жақыннан танысып, оған деген құрмет пен сый-қошемет көрсеткен күн болды.
Мектептің ең үздік, өнерге, әдебиетке жаны жақын оқушылармен сұхбат құрып, қызықты сұрақ-жауаптар болды.
Мектеп ұстаздары автордың әндерін орындап, оқушылар арнау өлеңдер оқыды.
Оқушылар Бекжігіт Сердәлінің сыр-сұхбатын ерекше қызығушылықпен тыңдап, мамандық таңдау жолында өз ойларын ортаға салды.
Тәрбиелік мәні мол ұстаз әңгімелері оқушылардың жүрегінен орын алатынына сенімдіміз.
Ашық, еркін форматта өткен бенефис шоу өте қызықты өтті.
Әрине бір-екі сағатта Бекжігіт Сердәлі жайлы айтып тауысу мүмкін емес, сондықтан сөз жеткізбегенді ән жеткізеді деген тұжырыммен ән тыңдап, сыйластық пен қимастық сезіммен келесі кездескенше деп қоштастық.