Түркістанда Сағадат Нұрмағанбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай ғылыми конференция өтіп, Қобыланды батыр ескерткіші ашылды

Биыл әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының Құрметті азаматы Сағадат Нұрмағанбетовтың туғанына 100 жыл. Осыған орай Түркістанда «Қазақ хандығы тұсындағы идеология: Жауынгерлік рухты дәріптеудегі Қобыланды батыр жырының маңызы» тақырыбында республикалық ғылыми практикалық конференция өтті.

«Фараб» кітапханасында өткен шараға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, қазақ батырларының тарихтағы рөлі туралы ой қозғап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

– Өткен мен келешекті байланыстырып, тарихи сананы жаңғыртуда бүгінгі жиынның маңызы аса зор. Біз қашан да ханын ұлықтап, батырын қадірлеген халықпыз. Сондықтан да олардың еңбегі тарих беттерінде алтын әріптермен жазулы. Міне, осы үрдістің заңды жалғасы ретінде Қобыланды батырдың тұлғасының кеңінен ашу мақсатында алқалы жиын рухани шаһарда өтіп жатыр. Түркістан өңірі – еліміздің киелі де қасиетті мекені. Облыс орталығына айналғанына енді ғана алты жыл толса да, құтты мекеннің тарихы тым әріден басталады. Түркістанның жаңа кезеңге қадам басуы, қайта жаңғыруы тағы бір тынысын ашқандай. Бүгінгі жиында тарихи шаһардың өткені туралы тың мағлұматтар айтылып, батыр бейнесінің қайталанбас қырлары сөз болады деп ойлаймын. Конференция жұмысына сәттілік тілеймін! – деді басқарма басшысы.

Жиын барысында конференция қонақтары түрлі тақырыпта баяндама жасап, батырдың ерлігі жайлы сөз қозғады. Профессорлар Шәкір Ыбыраев пен Тынысбек Қоңыратбаев және Досай Кенжетай, доцент Бақыт Әбжат тың деректермен бөлісті. Шара әрі қарай Сауран ауданында жалғасты. Еңбекші Диқан ауылында қазақтың хас батыры Қобыланды батыр ескерткішінің ашылу салтанаты өтті.

Қобыланды Тоқтарбайұлы – XV ғасырда өмір сүрген аты аңызға айналған халық батыры. Халық жадында сақталған әңгімелерде, халық шежірелерінде оны көбіне «Қара Қыпшақ Қобыланды» деп атайды.

Бұрынғы заманда неше алуан хандық құрған түркі жұртының біразына халық ауыз әдебиеті өнері ортақ. Соның ішінде Қобыланды батыр – қазақ халқының мазмұны бай да салалы эпостық дастандарының бірі. Онда Қобыландының батырлығы, күштілігі, адалдығы, намысқойлығы ерекше сипатталған. Қобыланды батыр жырының 29 нұсқасы бар. Айтушылардың осыншама көп болуы жыр сюжетінің халыққа кең тарағандығын көрсетеді.

«Қобыланды батыр» жыры — қазақ халқының қаһармандық жыры. Бұл халық ауыз әдебиетінің керемет туындыларының бірі. Негізгі мазмұны — шет ел басқыншыларынан елді қорғау, осы жолда асқан ерлік көрсеткен ер азаматтардың батырлық істерін көрсету. Көркемдік биік қасиеттері жағынан дүниежүзіндегі халықтардың белгілі батырлық эпостарының қатарында тұрған шығарма. «Қобыланды батыр» жырының ең көне түрі бізге жетпеген, өйткені жырды жырлаған ақын, жырау-жыршылар өзі өмір сүрген дәуір тұрғысынан толықтырып, өңдеп отырған. Сондықтан «Қобыланды батыр» жыры көп нұсқалы жыр болып саналады. «Қобыланды батыр» жырын жинау тек 19 ғасырда ғана қолға алынды. Жырдың бізге 29 түпнұсқасы жеткен. Осы 29 нұсқасының 26-сы Қобыланды батырдың ерлігі жайында жазылса, ал қалған 3 нұсқасы Қобыландының балалары Бөкенбай мен Киікбай батырлар туралы жазылған. «Қобыланды батыр» жырының заңды жалғасы болып есептелетін Қарлыға қыздың достығы, махаббаты, ерлік істері жайында тағы бір жыр бар. Бұл нұсқалардың көбісі кейінгі кезде жинақталған. Осы нұсқалардың барлығы да оларды алғаш хатқа түсіріп, оны жырлаған ақын-жыраулардың аттарымен аталған. Бұл нұсқалардың көпшілігі бұрыннан белгілі, халық арасына кең тараған болып есептелген, ғалымдар азды-көпті зерттеген жырлар. Кейінгі кезге дейін белгісіз болған-Дәулетше нұсқасы. Жыр Марабай нұсқасына ұқсас. Бұл жырдың 1884 жылы араб әрпімен жазылған түпнұсқасы Қазан мемлекеттік университетінің кітапханасында сақтаулы тұр.1860 жылы қазақтың белгілі ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің Марабай жыраудан халықтың көптеген ауыз әдебиеті үлгілерімен қатар «Қобыланды батыр» жырын жазып алған.Оның ең көркем,ең қызық бір тарауын Қобыландының Тайбурылмен Қазан ханға қарсы шауып бара жатқан сәтін 1879 жылы басылып шыққан „Қырғыз хрестоматиясына“ енгізді. 1870–1890 жылдарының аралығында «Қобыланды батыр» жырының кейбір үзінділерін В.В. Радлов пен Г.Н. Потанин жариялаған. Осы жырды 1932 жылы С.Сейфуллин, 1939 жылы С.Мұқанов „Батырлар жыры“,„Батырлар“ деген жинақтарға енгізген. С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, О.Нұмағанбетова, т,б. ғалымдардың зерттеу еңбектерінде «Қобыланды батыр» жырының мазмұндық, көркемдік қасиеті жан–жақты қарастырылған болып келеді. Жеті буынды өлшеммен жырланған эпостың тілі айырықша көркем, эпитет, теңеу, салыстыру, әсерлеу молынан кездеседі.Қазіргі кезде бұл жырдың нұсқалары Мәскеу, Алматы, Орынбор, Қазан, Ташкент және Нөкіс қалаларының мұрағаттарында, Орталық ғылым кітапхана қоры мен Әдебиет және өнер институтының қолжазба және жазбатану бөлімінде сақтаулы тұр.

«Қобыланды батыр» жырының алғашқы нұсқасын Ыбырай Алтынсарин Марабай жыраудың аузынан жазып алып, «Тайбурылдың шабысы» деген саласын өзінің «Хрестоматиясында» пайдаланған. Жырдың басқа да үзінділері революцияға дейін «Дала уалаяты» (1899), «Туркестанские ведомости» (1899), «Тургайская газета» (1901), «Труды Оренбургской научной комиссии» (1910) сияқты басылымдарда сөз бола бастайды. 1914 жылы Қазанда Тұяқбай нұсқасы, 1922 жылы Ташкентте Ә.Диваев жинаған нұсқалар басылған.

Ә.Диваев нұсқасы көптеген жинақтар мен оқулықтарға еніп келді. Ұлы Отан соғысынан соңғы жылдары М.Ғабдуллин «Қобыланды батыр» тақырыбынан докторлық диссертация қорғап, монографиясын жарыққа шығарды. Жырдың 15 түрлі нұсқасын ашқан да Мәлік Ғабдуллин еді. Бүгінде жырдың 29 түрлі нұсқасы белгілі болып, ғылыми оралымға еніп отыр. 

Ал Тоқтарбайұлы Қобыланды (XV ғасыр) – аты аңызға айналған халық батыры. Шыққан тегі – Қыпшақ, оның ішінде Қара Қыпшақ. Халық жадында сақталған әңгімелерде, халық шежірелерінде оны көбіне «Қара Қыпшақ Қобыланды» деп атайды.

Шежіре деректеріне қарағанда, Қара Қыпшақ Қобыланды Жошы ханның Шайбан деген баласының тұқымы Әбілхайыр ханның тұсында (XV ғасыр) өмір сүрген, ханның белгілі қолбасшыларының бірі болған адам. Қазақ хандығының бөлінуіне де осы Қобыланды батыр себеп болған деседі. Бұл жөнінде Шәкәрім шежіресінде: «Біздің осындағы арғындардың атасы Дайырқожа Әбілхайыр ханның сүйікті қазысы екен. Билікті әділ айтқандықтан Ақжол би атаныпты. Және Қара Қыпшақ Қобыланды да ханның сүйікті адамы екен. Екеуі іштей жауласып жүргенде, бір күні Қобыланды Дайырқожаны далада өлтіріп кетіпті. Мұны әз-Жәнібек хан біліп, Қобыландыны шариғат бойынша қысас қылып өлтіруге сұрапты. Әбілхайыр берейін десе, көп қыпшақ бұзылатын болған соң, бере алмай, үш кісінің құнын ал деген соң, бұған Жәнібек өкпелеп, бөлініп кетеді» деген дерек беріледі. Бұл оқиғаның тарихи шындық екенін Дайырқожаның әкесі Қотан жыраудың өлген баласының денесін айналып, қайғырып, қан жұтып жүріп айтқан:

«Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным?

Сексен асып таянғанда тоқсанға,

Тұра алмастай үзілді ме, жұлыным, —”

деп басталатын толғауы да дәлелдей түседі. Қобыланды батыр жайында екінші бір дерек көзі — қазақ халқының қаһармандық жырларының бірі — «Қобыланды батыр» жыры. Бұл мазмұны жағынан да, басқа батырлық жырларға қарағанда шоқтығы биік тұрған халықтық шығарма, ерлік эпопеясы. Бұл жырдың оқиғаларына қарағанда, Қобыландының ерлік жолы қазақ елінің сол кездегі сыртқы жауы — қызылбастар (парсылар) мен олардың шапқыншылық жасаған ханы Қазанға қарсы күресінен басталады. Оның бұдан кейінгі шайқасқан батырларының атына қарап, олардың атақты Едіге батырдың тұқымдары екенін аңғаруға болады. Қобыланды батырдың Орақ батырмен дос болып, Алшағырмен жауығуы — Қазақ хандығының өзара іштей екіге бөлінген Ноғай ордасының бірін қолдап, екіншісімен соғысып жатқан тарихи кезеңін алға тартады. Мұның бәрі Қара Қыпшақ Қобыланды батырдың аңыздық негізде қиялдан туған кейіпкер емес, өмірде болған, ерлік істерімен еліне танылып, құрметіне бөленген хас батырларының бірі болғанын дәлелдейді. Және де қазақ халқының қалыптасуына үлкен үлесін қосты.

Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша монументті өнер туындыларының саны – 842. Оның ішінде ескерткіш – 89, бюст – 339, стелла – 414. Соңғы 3 жылда облыстың аудан қалаларында 31 ескерткіш орнатылған. Барлығы заң шеңберінде жүзеге асып, ұлылар тұлғасын ұлықтауда жемісті жұмыстар атқарылуда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin