Түркістанда академиялық және заманауи ғылыми-білім беру қауымдастықтарының өкілдері әлемдік тарихтағы Алтын Орданың рөлі мен маңызын талқылады

Түркістанда Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Түркістан облысының әкімдігінің, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен «Алтын Орда және оның мұрасы» халықаралық конференциясы өтіп жатыр.

Аталған жиынды өткізу туралы бастаманы ҚР Президенті өткен жылы 4 шілдеде өткен ШЫҰ саммитінде айтқан болатын. Конференцияға Қазақстан, Әзірбайжан, Беларусь, Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Египет, Қатар, Кувейттің белгілі ғалымдары, сарапшылары мен жетекші мамандары қатысып жатыр. Алдымен қонақтар «Фараб» кітапханасында «Алтын орда» атты кітап және сурет көрмесімен танысты. Содан соң қонақтарға Түркістан туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.

Халықаралық жиынды ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып беріп, шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ҚР Президентінің құттықтау хатын оқып берді. Онда «Құрметті конференция қатысушылары, сіздерді «Алтын Орда және оның мұралары» атты халықаралық конференциясының ашылуымен құттықтаймын! Алтын Орда орталық Еуразияның ұланғайыр кеңістігінде мемлекеттіктің бірегей үлгісін қалыптастырған алып держава ретінде тарихта қалды. Қазақстан – орта ғасырларда тұтас ұлттық саяси-экономикалық ахуалына әсері болған осы айбынды мемлекеттің тікелей мұрагері. Жошы ұлысы ұлы дала өркениетінің қарқынды дамуына, батыс пен шығыстың идеялар мен технологиялар алмасуына, түрлі халықтардың мәдени жақындасуына айрықша ықпал етті. Қазір, Алтын Орда туралы тарихи деректер мен ғылыми мағлұматтарды терең зерделеу, оны жан-жақты дәріптеу жолында күшейтілген жұмыс жүргізіліп жатыр. Әр елден келген білікті мамандар мен зерттеушілердің күш-жігерін қолдау қажет. Осы жұмыс арқылы бұл бағытта зор нәтижеге жете аламыз. Бүгінгі алқалы жиын Жошы ұлысының сан қырлы мұрасын зерделеу саласында маңызды қадам деп сенемін. Конференция жұмысына табыс тілеймін!» делінген құттықтау хатта.

Ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы сөз алып, келген қонақтарға жылы лебізін білдірді. «Түркі әлемінің тұмарына айналған қасиетті шаһарда басталған бүгінгі жиынның тереңге кеткен тарихымызды зерделеуде маңызы зор деп есептеймін. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында Халықаралық деңгейдегі мәні жоғары жиындар көптеп өткізіліп келеді. Руханият ордасына айналған Түркістанда «Алтын орда және оның мұрасы» атты ғылыми конференцияның өтуі — біз үшін үлкен мәртебе. Келелі жиында маңызды мәселелер талқыланып, шешімін табады деп сенеміз. Ағымдағы жылды «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» мәртебесін ала отырып, табысты бастап отыр. Конференцияны өткізуге мұрындық болған Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне және әлемнің озық ғалымдарына алғыс білдіремін. Мемлекет басшысы «Алтын Орда – қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі» деген еді. Біз Алтын Орда тарихы арқылы өз ұлтымыздың ұлттық болмысын, табиғатын, салты мен дәстүрін, ділі мен тілін танимыз, білім көкжиегімізді кеңейтеміз. Бұл басқосудың – тарихи шаһардың төрінде өтуі – тарихты терең тануға бет бұрудың жаңаша көрінісі деп білеміз» — деді ол.

Бұдан бөлек Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Джанеш Кейн мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова құттықтау сөз сөйледі. «Бүгінгі конференция жұмысы көшпелі қоғамның саяси және этноәлеуметтік институттарының негіздері мен пәнаралық синтез негізінде Алтын Орданың этномәдени құндылықтарының ерекше белгілерін зерттеуді қарастыруға бағытталған. Эксперттер Жошы ұлысының, Ноғай Ордасының және Қазақ хандығының рухани астанасы болған Сарайшық пен қазіргі уақытта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Қышқала ірі сауда-қолөнер қалашығының рөлі мен маңыздылығына жаңа археологиялық зерттеулер негізінде Алтын Орда мәдениеттерінің өзара әсері мен симбиозына қатысты зерттеушілердің ғылыми жаңалықтары мен түпнұсқа тұжырымдарына баға береді. Болған ана кесенесінен табылған костюмдерді қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелері негізінде алтынордалықтардың күнделікті өмірі мен тұрмысының аспектілерін талдау ұсынылады. Халықаралық конференция барысында Еуразия құрлығының саяси, мәдени және әлеуметтік тарихын зерделеудің заманауи тенденциялары дәріптелетін болады. Барлығыңызға табысты жұмыс, сындарлы диалог және өзара тиімді іс-қимыл тілеймін» деді университет басшысы.

Конференция бұдан әрі пленарлық отырысқа ұласып, ғалымдар түрлі тақырыпта баяндама қорғады. Соның ішінде Татарстан Республикасының М.А.Усманов атындағы тарих институтының Алтын орда және татар хандығын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалеев, Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ «Аймақтану» кафедрасының профессоры Айболат Кушкумбаев, Мармара университетінің профессоры Ильяс Кемалоглу, Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясы археология ұлттық орталығының директоры Фархад Максудов, Назарбаев Университеті жаратылыстану, әлеуметтану және гуманитарлық ғылымдар мектебі қазақ тілі және түркология кафедрасының профессоры Юлай Шамильоглу, Жошы Ұлысын зерттеу Ғылыми институты директоры Жақсылық Сабитов, Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Сыдыкназаров, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің профессоры Қалқаман Жұмағұлов тың ақпаратқа толы тарихи деректермен бөлісті.

Конференция барысында екі пленарлық сессия шеңберінде талқылаулар өтеді. Атап айтсақ, «Алтын Орда тарихы: заманауи зерттеулердегі жаңа тәсілдер мен әдістер» және «Алтын Орданың археологиялық зерттеулері бойынша көшпенділер мен фермерлердің тарихи-мәдени симбиозы: міндеттері, ерекшеліктері мен перспективалары». Сондай-ақ іс-шара аясында қатысушылар мен қонақтар ортағасырлық сәулет ескерткішіне Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, қаланың көрікті орындарын тамашалайды деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, конференцияның негізгі мақсаты – академиялық және заманауи ғылыми-білім беру қауымдастықтарының өкілдері әлемдік тарихтағы Алтын Орданың рөлі мен маңызын талқылай алатын, осы тақырыпты зерттеудің жаңа тұжырымдамалық тәсілдері мен үрдістері, сондай-ақ стратегия, болашақ бірлескен ғылыми зерттеулер бойынша пікір алмасатын алаң құру.

Еске салайық, Алтын Орда немесе Ұлық Ұлыс, Жошы Ұлысы — басында моңғол — кейінірек түркіленген — 1240 жылдары Русь князьдіктері жаулап алғаннан кейін Моңғол империясының батыс бөлігінде орнаған хандық; ол қазіргі Ресей, Украина, Молдова, Қазақстан және Кавказдың жерінде орналасқан. Шарықтау дәуірінде Алтын Орда Шығыс Еуропаның Орал тауларынан Днепр өзенінің оң жақ жағалауына дейінгі жерлерді алып, Сібірге терең бойлап еніп жатты. Оңтүстігінде Орданың жері Қара теңізбен, Кавказ тауларымен және моңғол Хулагу мемлекетінің қол астындағы Персиямен шектесіп жатты.

Моңғолия тарихы Алтын деген атау төрт шартараптың түсінен келген деген жорамал бар: солтүстіктің түсі — қара, шығыстың түсі — көк, оңтүстіктің түсі — қызыл, батыстың түсі — ақ, ал сары (немесе алтын) түс — орталықтың түсі.

Басқа бір болжам бойынша, Алтын Орда атауы орыс тіліндегі «Золотая Орда», яғни Бату ханның Еділ өзенінің жағасында өзінің болашақ астанасының орнын белгілеу үшін алтын түсті үйлерден тіккізген салтанатты қаласының атынан шыққан, Моңғол тілінде «Алтын Орда» деген сөз тіркесі Алтын түсті орданы, немесе патша сарайын білдіреді.

Моңғолдың билеуші руы да өздерін «алтын әулет» деп атаған, «Алтын Орда» атауы да осыдан келіп шыққан болуы мүмкін.

Бұл мемлекетті Алтын Орда деп атайтын бізге келіп жеткен ең алғашқы құжаттар 17-ші ғасырға жатады (Алтын Орда күйрегеннен көп кейін). Одан ертерек құжаттарда ол мемлекет Жошы ұлысы деп аталды.

Кейбір ғалымдар оның басқа атауын, Қыпшақ хандығы деген атауды қолданғанды дұрыс көреді, себебі ортағасырлық құжаттарда қыпшақ сөзі осы мемлекетке қатысты жиі аталған.

Қайтыс боларының алдында Шыңғыс хан өз иелігіндегі жерлерді төрт ұлына бөліп берді. Жошының үлкен ұлдары Бату мен Орда-Еженнің еншісіне моңғол иеліктерінің қиыр батысында жатқан оңтүстік Ресей мен Қазақстанның жерлері тиді. Бату Алтын Орданы, Орда-Ежен Ақ Орданы билей бастады.

1235 жылы Бату (тұңғыштық жолымен) қолбасшы Сүбедей баһадурдың көмегімен батысқа қарай жаңа жорық бастап, алдымен башқұрттарды, сосын 1236 жылы Еділ Бұлғариясын жаулап алады. 1237 жылы ол Украинаның оңтүстік даласын жаулап, ондағы құмандарды батысқа қарай ығыстырды. Содан ол солтүстікке қарай бұрылып, Руське басып кірді де үш жыл бойы орыс княздықтарын жаулаумен болды, сол кезде Күйік пен Қадан оңтүстікке қарай жылжыды.

Құмандардың батысқа қашып, Мажарстан королінің жерін паналап отырғанын желеу етіп, Бату, Шайбан, Орда-Ежен, Байдар және Мөңке хан сияқты Шыңғыс әулеті мен өз бауырларымен бірге батысқа жорық жасады. Легница және Мухи маңында неміс-поляк рыцарьларынан жиналған әскермен шайқасып, оларды талқандады. Бірақ сол 1241 жылы Үгедей хан қайтыс болып, Бату енді ғана қоршап-қамай бастаған Венаны тастап, елге қайтып кетті. Моңғол әскерінің ең батыстағы жаулап алуы осы болды.

1242 жылы Мажарстан арқылы қайтып (жолшыбай Пешт қаласын жаулап), Болгарияны бағындырды. Бату астанасын ежелгі Хазар қағанатының астанасының орнында орналасқан, Еділдің төменгі ағысындағы Сарай-Жүк қаласында орнатты. Содан сәл бұрын Бату мен Орданың бауыры Шайбан Орал тауларының шығысында Обь пен Ертістің бойында өз еншісіне ұлыс алып, сонда кетіп қалған болатын.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin