Түркістанда мектеп оқушыларын өнегелі ұрпақ етіп тәрбиелеудің жөн-жосығына арналған келелі жиын өтті

Осы тақырыпты арқау еткен ауқымды басқосу қала төріндегі «Ұлы Дала Елі» музейінде өтті. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, қала прокуроры К.Нәрікбаев, Полиция басқармасының басшысы Б.Жанаев, білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова және мектеп басшылары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен ата-аналар қатысқан басқосуда ұрпақ тәрбиесі сөз болды.

Естеріңізде болса, бұдан бұрын да осындай басқосу өткізіліп, өнегелі ұрпақтың тәрбиесін ортаға салатын келелі кездесулерді жиі ұйымдастырып отыру туралы келісілген болатын. Осыған орай, алғашқы басқосудан кейінгі орын алған жағдайлар, атқарылып жатқан жұмыстар туралы қалалық полиция басқармасының басшысы Бауыржан Дәулетханұлы баяндама жасады. Жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік мәселелері де күн тәртібінен түскен жоқ. Қалалық орталық емхананың бас дәрігері Райымбек Тасырбаев өз сөзінде осы орайда тіркелген жағдайлар туралы баяндады. Ал, қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызы мектеп оқушыларының жетістіктері және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының орындалуы бойынша сөз қозғады. Бөлім басшысы өз баяндамасында білім сапасының жоғары деңгейде екендігін (облыс көлемінде көш басында), оқушылардың негізгі олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарында едәуір жетістіктерге жетіп жатқандығын, тазалық жұмыстары бойынша жұмыс жоспары жасалынып, сала қызметкерлері белсене қатысып жатқандығын тілге тиек етті.

Басқосу барысында сала басшыларымен қатар қала прокуроры Кәукен Бахтыбайұлы Нәрікбаев азаматтық жауапкершілік, заңдылық пен құқықтық сауаттылыққа кеңінен тоқталса, білім саласының ардагері Гүлбарам Дүйсебекқызы Малбаева, ардагер-ұстаз, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетовтер де сөз алып, мектеп бағдарламасы мен ұстаздардың жұмыс тәсіліне, бала тәрбиесіне қатысты тәжірибелерімен бөлісті.

Жиналысты қала әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы қорытындылап, ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарауға болмайтындығын, бүгінгі жіберілген қателік ертең үлкен соққы болуы мүмкін екендігін баса айтты. Сондықтан да қала әкімдігі, білім бөлімі, прокуратура және полиция, мектеп басшылары, ұстаздар бірлесе, жұмыла жұмыс атқарып, білімді де мәдениетті, тәрбиелі өскелең ұрпақты қалыптастыруға күш салуымыз керектігін жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin