Бүгін Түркістанда кәсіби мерекеге орай мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды. Қоғамның мәдени-рухани ғана емес, саяси-мәдени өміріне белсене араласып жүрген жандарды құттықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев арнайы қатысты.
– Еліміздегі ең күрделі салада қызмет атқарып келесіздер. Біздің облысымыздың құрылғанына биыл 6 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында рухани-мәдени ошақтар бой көтеріп үлгерді. Мәдени ұжымдардың қалыптасуына сіздердің еңбектеріңіз орасан зор. Бір ғана өңірден емес, жан-жақтан келіп киелі мекенді түлетуге қызмет етіп жатыр. Бұл бір күндік не бір жылдық емес, жылдар бойғы дүние. Түркістанның жаңа мәртебесі туралы Заң жобасы қаралып жатыр. Бұл рухани бағасы мен мәдени құндылығын арттыра түседі деп ойлаймыз. Түркістан – облыстың ғана емес, түркі әлемінің де орталығы. Өңірден 600-ден астам мекемеде 4000-нан астам әріптестер еңбек етіп жатыр. Осы жандардың арқасында Түркістан былтыр да, биыл да біраз жетістікке жетіп отыр. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. Биіктен көріне беріңіздер, – деген Бейсенбай Дәулетұлы бір топ қызметкерлерге «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тапсырды.
Жиын барысында өнер иелері мен сала қызметкерлері ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің «Құрмет» грамотасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің алғыс хатымен, Облыс әкімдігінің алғыс хатымен марапатталды. Облыстық мәслихаттың аппарат басшысы Мақсат Исаев мәслихат төрағасының алғыс хатын табыстаса, «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Тұрсынбаев Полат филиал төрағасының алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шара соңында марапат иелерінің құрметі концерттік бағдарлама ұсынылды. Онда Түркістан музыкалық драма театрының өнерпаздары қазақ әндерінен попурри орындады. Күмбірлеген күйден шашу шашты.
Бұл күнде сандаған өнер және рухани ордалары бар Түркістан мәдениеті осы биігіне бірден жеткен жоқ. Қызығы мен шыжығы, сиқыры мен сергелдеңі қатар жүретін ұлы өнердің нағыз үлгісін жасау, сол майданда шынығу талантты тану мен насихатын арттыру сынды ұланғайыр еңбектің нәтижесі. Сол қазақ өнері мен мәдениеті аталатын ұлы ұғымның қасиеті мен киесінің артуына түркістандық өнер иелерінің қосқан үлесі ұшан теңіз. Әр қайсысының қолтаңбасының, маңдай терінің, жүрек табының нәтижесі мирасқор ұрпаққа мұра болып жете бермек.
Айта кетейік, елімізде бұл күн 2013 жылдан бері кәсіби мереке ретінде аталып өтіледі. Қазіргі таңда облыста 686 мәдениет және өнер мекемесі халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді. Кітапханалар, Мәдениет үйлері, концерт залдары, музейлер, театрлар және өзге де мәдениет ошақтары жұмыс істеп тұр.
Мәдениет тақырыбы қозғалғанда атап өтер жайт, кеше Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында белгілі жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Түркістан облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Мархабат Байғұт атындағы залдың ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, зиялы қауым өкілдері, Мархабат Байғұттың отбасы, шәкірттері, қаламгерлер қатысты.
– Түркістан қазір рухани-мәдени орталыққа айналып келеді. Осынау қасиетті шаңырақ – кітапханамыз игі істердің ұйытқысы болып отыр. Өткен аптада мемлекет және қоғам қайраткері «Өзбекәлі Жәнібек» атындағы залдың ашылуына куә болдық. Бүгінгі жиналуымыздың басты себебі, баршамыз ардақтайтын, мақамы ерекше «Мархабат Байғұт» залы ашылды. Бұл ел руханияты мен қазақ әдебиеті үшін жасалып жатқан ерекше құрмет деп білеміз. Алдағы уақытта заңды жалғасы ретінде елге еңбек еткен тұлғаны дәріптейтін, ұлықтайтын істер жалғаса береді, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Кешке журналист, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай модератор болды. Дөңгелек үстел алдында қазақ әдебиетінің марқасқасының ата-анасы жайлы айтқан фильмі көрсетілді. Басқосу барысында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Мархабат Байғұттың замандасы, жазушы Захардин Қыстаубай, жары Қыздаркүл Байғұтова, Жарылқасын Әзіретбергенов, Абай Балажан, Бақытжан Алдияр пікір білдіріп, естеліктерімен бөлісті.
Кітапхананың бірінші қабатында фото және инсталляциялық көрме жасақталған. Алдымен келушілер соны тамашалап, үшінші қабаттағы залдың лента қию рәсіміне қатысты. Одан соң Мархабат Байғұт өмірі мен шығармашылығына, қызметіне байланысты көрме таныстырылды. Арнайы дайындалған оқырман залы көпшілікке арналған.
Шара барысында «Фараб» кітапханасының ұжымына Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтың арнайы алғыс хаты табысталды. Тағылымды жиын бейнемұрағатта жазылған біртуар азаматтың батасымен қорытындыланды.
Айта кетейік, Мархабат Байғұт – әңгіме жанрына көптеп қалам тербеген жазушы. Оның шығармаларынан бөлек артынан қалдырған нақыл сөздері де оқырман көңілінен орын алған. Ол Түркістан облысының рухани саласының дамуына айрықша үлес қоса білді. Оның еңбегі ел есінде сақталады.
Сонымен қатар Түркістанда ерекше өнерлі жастардың өнер туындыларының көрмесі де өтті. Шара облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен «Шаңырақ» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қолға алынған. Байқаудың мақсаты — ерекше таланттарды танып, олардың шығармашылық ізденісін ұлғайту және шығармашылыққа баулу.
Жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Жұпар Бейсенова, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшесі Мереке Айдарша, Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі Меруерт Сейсенбекова, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Мұрат Шаханбаев, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі Альмира Нақбаева мен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Ернар Бектаев және БАҚ өкілдері қатысты.
«Байқауға қатысушы жандардың мүмкіндігі шектеулі болса да, жүректерінде тұнған сезім мен өнерге деген сүйіспеншілік бізді тебірентіп, шараның көркін ашты. Байқау болғаннан кейін жеңіліс те, жеңіс те болады. Бар күш-жігерлеріңізді жиып, осы додаға қатысқандарыңыздың өзі үлкен жетістік. Барша өнерпаздарға үлкен алғысымызды білдіреміз, — деді Ернар Бектаев.
Аталған шара соңында мүмкіндігі шексіз жандардың туындылары аукционға қойылды. Онда тастармен безендірілген әшекейлер, үкілі сәукеле, сәнді білезіктер, үй макеті, қоржын, тоқыма бұйымдары, гипстен жасалған мүсін, шағын әмияндар, арқан жіптен өрілген себет және тағы да басқа заттар сатылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.