Түркістанда өтіп жатқан жазғы ашық алаң ойындарының жеңімпаздарына қала әкімінің алғыс хаты мен сыйлықтары табысталды

Облыс орталығында жазғы ашық алаң ойындары өтуде. Дәстүрлі ұйымдастырылатын сайысқа 6 жастан 18 жасқа дейінгі сектор тұрғындары қатысуда. Олар: дойбы, секіргішпен секіру, асық ату мен тоғызқұмалақ, шахмат және ләңгі тебуден бақтарын сынауда.

Жыл сайын өтетін жарыстың мақсаты тұрғындар арасында салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау, бұқаралық спортты дамыту көзделген.

Бүгін ойынның кезекті күнінде 700 тұрғын жарысты. 1 мөлтекаудандағы №30 тұрғын үйдің ашық алаңында өткен сайыста қатысушылар қызықты ойын көрсетіп, жеңімпаздарға қала әкімінің алғыс хаты мен сыйлықтары табысталды.

Айта кетейік, жазғы ашық алаң ойындары маусым айының соңына дейін жалғасады. Жарысқа қатысушы үшін арнайы белгіленген орындарға барып тіркелуге болады.

Байқау демекші, Түркістан қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды.

Конкурс отбасылық өнегелі құндылықтар мен дәстүрлерді жаңғырту, отбасы мен некенің жағымды бейнесін санаға сіңіру және қоғамдағы отбасының мәртебесін арттыруға бағытталған.

Аталған конкурсқа қатысуға еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктері бар отбасыларының мүшелері жіберіледі.

Өтініштерді Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі қабылдайды. Мекенжайы: Түркістан қаласы, Әмір Темір көшесі, №28. Байланыс телефоны: +7 775 528 5739.

Осы тұста шаһар тұрғындары үшін тағы бір құлаққағыс жасай кетсек. 2024 жылдың 30 мамыр күні Түркістан қаласында «Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы өтеді.

Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті консультация ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және басқалары бар.

Акцияны ұйымдастырушылар – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары.

«Халық заңгері» акциясын өткізу дәстүрге айналды және қарапайым қазақстандықтар алғысын білдіруде. 2016-2023 жылдар аралығында акцияға 8000-нан астам үздік сарапшы және мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзыретке ие өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 165 000-нан астам азамат консультация алды.

Акция Түркістан қаласының Фараб кітапханасында өтеді.

Акция форматының Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ әлемде ауқымы мен географиясы бойынша теңдесі жоқ.

Бұдан бөлек бүгін Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков жұмыс жоспарына сәйкес бүгін кезекті рет қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

7 азамат жеке мәселесін жеткізіп, тұрғын үй кезектілігі, жерді құжаттандыру, жұмысқа орналасу бойынша туындаған сұрақтарымен қала әкімінің көмегіне жүгінді.

Нұрбол Әбдісаттарұлы тұрғын үй қорынан баспана Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабы 1-тармағына сәйкес, барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген күннен тiзiмде белгiленген кезек ретiмен берiлетінін түсіндірді.

Жер мәселесін зерделей келе, жауапты мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Жұмысқа орналасуға ниетті азаматшаға заң аясында көмектесу сала жетекшісіне тапсырылды.

Жеке қабылдау нәтижесімен тапсырма-жоспар түзіліп, орындалуы бақылауға алынды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin