Түркістандық велошабандоздар Жетісу өңірінде топ жарды

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында велоспорттан «Жетісу шұғыласы» жарысы өтті. Республикалық велошабандоздар бәсекесінде Түркістан облысының командасы нәтижелі өнер көрсетті.

Аталған сайыста 2008-2009, 2010-2011 жылы туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар бақ сынап, өзара кіл мықтыларын анықтады. Қыздар арасындағы тас жолдағы велосипед сайысында Түркістан облысынан №2 БЖСМ мектебінің спортшысы Жаннель Садықова 1 күміс және 2 қола жүлдеге ие болып, өңір мерейін асқақтатты. Осылай қос жүлдеге қол жеткізген түркістандық құрама жалпыкомандалық 3 орынды еншілеп, арнайы кубокты иеленді.

Айта кетейік, аталған жарысқа республика бойынша 6 облыс және бір қаладан 150 спортшы қатысып, бақ сынады. Атап айтсақ: Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласынан велошабандоздар қатысты. Олар жекелей, командалық, топтық және критериум бағыттарында 10, 15, 17, 20, 25, 45, 65 шақырым қашықтықтарда жарысты.

Түркістан облысының велоспорт федерациясында 100-ге жуық велоспортшы бар. Өңірде Түркістан және Кентау қалаларындағы филиалдары жұмыс істеп тұр. Жаз мезгілінде де жаттығу жалғасады. Аталған спорт бағытына велоспортқа қызығушылығы жоғары 10-14 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысуға болады. Әр баланың алда түрлі жарыстарға қатысып, Түркістан облысының велоспорт саласын дамытуына мүмкіндігі бар.

Айта өтейік, велоспорт 1896 жылы Афинада өткен алғашқы Олимпиада ойындарынан бастап бүгінге дейін Олимпиада бағдарламасынан шыққан емес.

Әйелдер арасындағы тас жолдағы жарыстар 1984 жылы Лос-Анджелес ойындарында енгізілсе, тректегі велоспорт додасы 1988 жылғы Сеул Олимпиадасынан бері жүлде үлестіріп келеді.

Қазақстандағы велоспорттың туған күнін 1914 жылы 6 шілдеде Ақтөбеде тас жолдағы велосипедпен алғашқы жарыстар өткен күн деп санауға болады.

Халықаралық аренадағы жарыстарға қатысу кезеңінен бастап, қазақстандық спортшылар жастар мен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 14 алтын, 12 күміс және 6 қола жүлдені жеңіп алды. 180-нен астам рет қазақстандық спортшылар Әлем кубогының, КСРО чемпионаттарының және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып, жер шарының барлық континенттерінде ел намысын лайықты қорғады. 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында Александр Винокуров топтық жарыста күміс медаль жеңіп алып, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ол топтық жарыста алтын жүлде иегері атанды. Азия ойындарында спортшыларымыз 12 алтын, 8 күміс және 6 қола медаль жеңді. 2006 жылдан бері қазақстандық спортшылар Азия чемпионаттарында 59 алтын, 64 күміс және 59 қола медаль жеңіп алды.

Олимпиадалық велоспорт жарыстары:

  • топтық жарыс
  • жеке уақыт бойынша жарыс

Олимпиадалық тректегі велоспорт жарыстары:

  • командалық спринт
  • омниум
  • кейрин
  • жеке спринт
  • мэдисон
  • топтықсайыс

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin