Түркістандық жастар үшін Венгриядағы жоғары оқу орнында бакалавр және магистратура деңгейлері бойынша тегін білім алуға мүмкіндік бар

Түркістан облысына жұмыс сапарымен Венгрияның Алматы қаласындағы Бас консулы Cаболч Карой Сёке мен Сыртқы сауда бойынша дипломатиялық өкілі Иштван Тибор Ковач келді. Венгриялық делегациямен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров кездесті. Тараптар екі ел арасында, оның ішінде Түркістанмен экономикалық қарымқатынасты күшейту, ауыл шаруашылы, өнеркәсіп, білім, мәдениет және туризм, спорт салалары бойынша ынтымақтастықты нығайту мәселелерін жанжақты талқылады.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Түркістан облысының әлеуетіне кеңінен тоқталып, инвесторларға қарастырылған мүмкіндіктер туралы айтты.

– Облыс орталығы – Түркістан қаласы 6 жыл ішінде көркейіп, әсіресе, туризм және кәсіпкерлік салалары қарқынды даму үстінде. Халықаралық рейстер саны артып жатыр. Түркістан өңіріне инвестиция салуға ниетті шетелдік инвесторлар да көбейді. Біз әрқашан өнеркәсіп орындарын ашамын деген азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Ол үшін мемлекет тарапынан жеңілдіктер де қарастырылған. Өңірде барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оңтүстік халқы еңбекқор. Кез келген жұмысты игеруге қабілетті. Тіпті, басқа өңірлер біздің жұмыс күшімізді пайдаланады. Басты мақсатымыз – жергілікті тұрғындарды жоғары еңбекақылы тұрақты жұмыспен қамту, – деді Нұралхан Көшеров.

Бас консул алдағы уақытта маңызды жобаларды бірлесе атқаруға ұсынысын жеткізді.

– Түркістанда осыдан 7 жыл бұрын болғанмын. Қазір қала танымастай өзгерген. Түркістан қаласының маңыздылығын білемін. Сондықтан дәл осы мекенде жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстандық жастар үшін Венгриядағы ЖОО-да бакалавр және магистратура деңгейлері бойынша тегін білім алуға мүмкіндік бар. Шәкіртақы да қарастырылған. Біздің әйгілі «Jazz Band» өнер ұжымы Түркістан қаласында өнер көрсетсе деген ұсынысымыз да бар. Спорттық шараларға да белсене атсалысуға, екі елдің ұлттық ойындарын Түркістан қаласында ұйымдастыруға әзірміз, – деді Cаболч Сёке.

Өз кезегінде Венгрияның сыртқы сауда бойынша өкілі Қазақстандағы венгриялық компаниялардың санын арттыруды көздеп отырғанын, ноу-хау технологияларын ендіруге қолдау көрсететінін жеткізді.

Кездесу соңында келесі айда екі ел кәсіпкерлерімен онлайн кездесу ұйымдастыру, қандай бағытта кәсіп ашу мүмкіндіктері көп екеніне талдау жүргізу келісілді.

Осы күні венгриялық делегацияға Түркістандағы экономикалық және индустриялық аймақтарға, өндірістік паркке аралау ұйымдастырылып, ондағы жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды.

Еске салайық, Венгрия — Eуропаның орталығында oрналасқан мемлекет. Альпі, Карпат және Динар тауларының аралығында орналасқан. Жерінің тең жартысын Үлкен Орта Дунай ойпаты алып жатыр. Басты өзені – Дунай елді қақ ортасынан басып өтеді. Балатон атты үлкен де, әдемі көлдің жағасында көптеген санаторийлер, қонақүйлер, туристік орындар бар. Ол – Еуропаның Аустрия, Словакия, Украина, Румыния, Хорватия мемлекеттерімен шекаралас жатқан ел.

Жер көлемі 93 мың шаршы шақырым. Халқының саны 9,6 миллиондай. Астанасы – Будапешт. Халқының 90%-дан астамы — мажарлар. Қалғандарын алман, серб, хорват, румын, еврей, тағы да басқа халық өкілдері құрайды. Мемлекеттік тілі – мажар (венгр) тілі. Тұрғындарының басым көпшілігі христиан дінінің католиктік (70%) және протестанттық (25%) тармағын ұстанады.

Венгрия – парламенттік республика. Елді президент басқарады. Заң шығарушы органы – бір палаталы Мемлекеттік жиналыс. Атқарушы билікті Мемлекеттік жиналыс құрамындағы әртүрлі партия өкілдерінен құралған үкімет жүргізеді.

19 медиеге (облысқа) және медиеге тең (NUTS-3 бірлік) астана Будапештке бөлінген. Медие йарашқа, йараштар — қалалар мен қауымдарға, астана аудандарға бөлінген. Қалалар мен қауымдастықтардың өкілді органдары – халық сайлайтын жергілікті өкілдіктер (képviselő testület); атқарушы орган – әкім (polgármester, полгармаштер); аудандардың өкілді органдары – өкілдіктер (képviselő, кейпвишело); аудандардың атқарушы органдары – әкімдер; медиелердің өкiлдi органдары — вежа (közgyűlés, көздиулеш); атқарушы органдар — веж төрағалары болады.

Қазіргі Мажарстан жерін біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықта сақтар және келт, иллирий, фракия тайпалары қоныстанған. Кейінірек герман, ғұн, авар тайпалары ағылып келіп, осы жерден Батыс Рим империясына шабуылдар жасаған. Бұл өңірде 430 жылы Аттила (Ата Ел) қаған бастаған Батыс Ғұн мемлекеті құрылып, ол ыдырағаннан кейін Баян хан бастаған аварлар билігі салтанат құрды. 895 жылы Арпад патшаның басшылығымен мажарлардың (мажарлар) жеті тайпасы көшіп келіп қоныстанды. Арпадтың шөбересі Геза христиан дінін қабылдап, еуропалық үлгідегі мемлекет құрды. Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде (1237-46) көптеген қыпшақ тайпалары Мажарстанға келіп, қоныс теуіп қалды. 1301 жылы Арпад әулеті биліктен кетіп, үкімет басына Анжу әулеті келді. Олар 1335 жылы чех, поляк корольдерімен бірігіп, саяси-сауда одағын құрды. 1372 жылы Пешт қаласында университет ашылды. 16 ғасырдың бас кезінде елдегі бытыраңқылық салдары Мажарстанның әлсіреуіне әкеп соқты. Осман сұлтандығы мұнда 1526-1686 жылдары өз биліктерін орнатты. Ел үш бөлікке: Шығыста Трансилвания кінәздігіне, түріктер иеленген орталық бөлікке және Габсбургтер әулеті билеген Мажарстан корольдігіне бөлініп кетті. 1683 жылы түріктер Вена қаласы түбінде жеңіліске ұшырағаннан кейін Мажарстан Польша, Венеция мемлекеттерімен «Қасиетті одаққа» бірікті де, 1686 жылы елді азат етті. Бірақ билік басына Габсбургтер әулеті келді. 1867 жылдан бастап Мажарстан дербес парламенті, конституциясы бар елге айналып, экономикалық жағынан тез дами бастады. Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқ кезінде, 1918 жылы күзде, елде үкімет басына Антантаны жақтаушылар келді. Бірақ Ресей түрмелерінен босап шыққан мажар әскери тұтқындары 1919 жылы көктемде Мажарстанда уақытша Кеңес үкіметін құрды. Оны Хорти бастаған монархияшыл топ күшпен басып, король үкіметін қалпына келтірді. Жаңа үкімет 20-ғасырдың 30-жылдарынан бастап Германия мен Италияның ықпалында болды және Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Германияның одақтасына айналды. Соғыстан кейін Мажарстан Кеңестер Одағының ықпал ету аймағында қалды да, үкімет басына коммунистер келді. 1956 жылы жиырма үшінші қазан күні тоталитарлық режим жойылып, көппартиялы жүйе қалпына келтірілді, үкімет Варшава шартынан шығатынын мәлімдеді. Төртінші қарашада Мажарстанға Кеңес әскерлері басып кіріп, бұл үкіметті таратып жіберді де, екі жүз мыңға жуық адам шетелге кетіп қалды. Шығыс Еуропадағы саяси өзгерістерге байланысты 1989 жылдың аяғында коммунистер билік басынан кетіп, орнына ұлттық демократиялық күштер келді. Еуропалық Одаққа (ЕО) ассоциацияланған мүше, ал 1999 жылы НАТО-ға мүше болып қабылданды. Мажарстан орташа дамыған индустриялы-аграрлы мемлекет. Ұлттық табыстың әр адамға шаққандағы орташа мөлшері 4300 АҚШ доллары шамасында. Экономикасының жетекші салалары: машина жасау, станок шығару, химия, дәрі-дәрмек, металлургия, жиһаз жасау т.б. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Бидай, жүгері, қант қызылшасы, күнбағыс өсіріледі. Құс шаруашылығы мен шарап өндірісі жақсы өркендеген. Басты сауда серіктестері: Германия, Аустрия, Италия, Франция, АҚШ, Ұлыбритания, ТМД елдері. Венгрия үкіметі 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. 1955 жылдан БҰҰ мүшесі. Көптеген халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Еуропа Кеңесінің жұмысына қатысып келеді. 1950-1970 жылдар арасында елдің ұлттық табысы жыл сайын 6%-ға өсіп отырды. 1969 жылы халық шығынына жұмсалған күрделі қаржы, 1938 жылымен салыстырғанда 10 есе артты. 1938 – 1970 жылдары ауыл шаруашылық өнімі 33%-ға артты. 1969 жылы ұлттық табысының 54%-ын өнеркәсіп, 21%-ын ауыл шаруашылығы берді, яғни Мажарстан индустриялы-агралары елге айналды. Мажарстанның экономикалық дамуына Кеңес Одағының, барлық социалисттік елдердің тигізген көмегі зор. Мажарстан социалисттік елдер арасындығы Экономикалық Өзара Көмек Кеңесінің мүшесі болып келеді.

Мажарстанның тұрғылықты халқы өздерін «Мадиярлармыз» деп атайды. Осы мажарлық мадиярлардың қазіргі мекендеп жатқан Еуропа аумағына ұлы даладан келгендігі жəне олар қайсібір заманда сонда көшіп-қонған халықтың бір бөлігі болғандығы жайында тарихи, мұрағаттық деректер мен аңыздар көп. Мажар аңыздарындағы ғұндарға байланысты оқиғалар мажарлардың шығыспен байланысының сонау ерте заманда басталғанын, Мажарлардың Азиядан Еуропаға 896 жылы қоныс аударғанын баяндайды.

Қазақстанды өздерінің ата-жұрты деп санайды. ІХ ғасырда қыпшақ деген атпен белгілі болған халық моңғолдардың 1239 жылғы шапқыншылығынан Мажарстанға қоныс аударады. Көтен хан ІV Белаға елшілерін жіберіп, Мажарстанға халқымен көшіп баруға рұқсат сұрайды. Рұқсат алған соң, 1239-1240 жылдары қол астындағы 40 мың (кейбір деректерде 60 мың) халқымен көшеді. Еркін көшіп-қонуға, ескі салттары бойынша өмір сүруге лайық аумақтарға, жазық далалы жерлерге қоныстанады. Түгелдей отырықшы болуларына жүз жыл кетеді, ал тілдері, Иштван Мандоки Қоңырдың айтуынша, ХVІІ ғасырдың аяғына дейін сақталады. Күні бүгінге дейін Мажарстандағы Дунай мен Тиса арасы – Кишкуншак (Кіші қыпшақ жері), шығысы Надкуншак (Ұлы қыпшақ) деген атауларға ие. Қарсақ қаласы – Ұлы Қыпшақ жерінің жүрегі. Мажарлар мен қазақтардың туыстығы туралы алғашқы пікірлер ХІХ ғасырда жергілікті газет беттерінде жариялана бастайды. 1835 жылы Шамуел Брашшайдың «Қырғыз-қазақтар» атты еңбегі жарық көреді. Кейін де мажар ғалымдарының қазақ еліне, жеріне байланысты еңбектері жарық көре бастайды. Солардың арасында Диерд Алмашидің есімі көзге ерекше түседі. 1900 жылы Қазақ жеріне жасаған саяхаты нəтижесінде «Азия жүрегіне саяхатым» атты еңбегі жарық көреді. Кітабында Орта Азия халықтарының, соның ішінде қазақтардың өмірі, тұрмыс-салты, шаруашылығы, сауда-саттығы, əдет-ғұрпы, наным-сенімдері, қолөнері, ауыз əдебиеті туралы мол мағлұлмат келтіреді. XX ғасырда белгілі мажар ғалымы, антрополог Тибор Тот өзінің ғылыми еңбектерінде екі елдегі руларды, қазақтар мен мажарлар арасындағы туыстық байланыстарды жан-жақты зерттеуді бастағанымен, бұл ғылыми мұрасын саяси себептерге байланысты жалғастыра алмайды. Ал Андрош Биро мұны ғылыми дəрежеге көтереді. 2006 жылы Андроштың жетекшілігімен, Қостанай облысында қазақ-мажар бірлескен антропологиялық экспедициясы Торғай өңірінде тұратын қазақтар мен мадияр руы өкілдері арасындағы генеологиялық деректер, антропологиялық өлшемдер жасалады. ДНҚ үлгілері алынып, ғасырлар бойы өзгермейтін жəне генетикалық ақпаратты сақтайтын Ү хромосомдарына талдау жүргізіледі. Нəтижесінде мажарлық мадиярлар мен қазақтардың арасындағы туыстық қатынас толығымен дəлелденеді. Ал Иштван Мандоки Қоңыр «Күн тілінің Мажарстандағы ескерткіші» (1993) атты еңбегінде мажар тіліндегі кейбір сөздер мен қазақ тіліндегі сөздердің ұқсастығын келтіреді. Мысалы: арқан – arkany, ұнтақ – ontak, шолақ – csollak, қанжыға – kangyik,тауық — tyúk, пышақ –bicska, тағы да басқа.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin