Түркістандық жас көкпаршылар ел чемпионы атанды

Шымкент қаласында 21-27 мамыр күндері көкпардан жастар арасында Қазақстан Республикасының ХVIII чемпионаты аяқталды. Додаға Шымкент пен Алматы қалаларынан, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Ұлытау облыстарынан 140-тан астам ат жалын тартып мінген жігіт қатысып, апта бойы өзара мықтыны анықтады.

Төрт команда өз топтарында көш бастап, жартылай финалда күш сынасты. Тартысқа толы өткен көкпар додасында Түркістан облысы мен Шымкент қаласы финалда кездесіп, бас жүлдеге таласты. Бұл сында Түркістан облысының командасы мықтылығын дәлелдеп, чемпионаттың жеңімпазы атанды. Ал Шымкент қаласының шабандоздары «күміспен күптелсе», Атырау облысының көкпаршылары қоланы қанағат тұтты. Сондай-ақ үздік ойыншы мен жүйрік тұлпар да анықталды. Жеңімпаз болған командаға арнайы ұйымдастырушылардың атынан ақшалай сертификат пен диплом табысталды.

Осылайша, ұлттық спорт түрлерінен еліміз бойынша көш бастап тұрған Түркістан облысының ұлттық спорт мектебінің ұжымын тағы бір шыңды бағындырды.

Еске салайық, көкпар — ұлттық ат спорты ойындарының бірі. Ойынның атауы “көк бөрте” (лақ) сөзінен шыққан. Дәстүрлі қазақ қоғамында көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 70-80 келідей болады. Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан, көкпарға тартпайды.

Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз, өзбек тілінде «Улак тартыш», тәжік тілінде «бузкаши» деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа да Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кең тараған «бузавиш» ойыны Көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ, Аргентина халқының да көкпарға ұқсас ат спорт ойыны болған.

Көкпар жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде «марта тарту» деп те атайды.

Қазақстанда 1949 жылы көкпар жарысының ережесі бекітілді. Осыған сәйкес көкпар жарысын арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленді. Ал 1958 жылдан көкпар бәйге алаңдарда (ипподромдарда) өткізіліп келеді. Алаң көлемі қатысушылар санына байланысты. Егер әр команда 5 адамнан болса, ұзындығы 300 метр, ені 100 метр, 10 адам болса – 500х200 метр, 15 адамнан болса – 700х300 метр, 20 адамнан болса – 1000х500 метр болады. Алаңның әр бұрышына қызыл жалаушалар ілініп, ал оның екі жағында диаметрі 10 метрлік шеңбер (“отау”) сызылады. Алаң ортасында диаметрі 6 метрлік шеңбердің дәл ортасына көкпар қойылады. Жарыс басталар сәтте командалар орталық шеңбердің сыртында тұрады. Жарыс алаңындағы төрешінің хабары бойынша басталады. Көкпар тарту қатысушылардың санына байланысты 8-15 минут аралығында өтеді. Көкпаршылардың мақсаты – орталық шеңберде жатқан Көкпарды өз командасының “отауына” жеткізу. Көкпар “отауға” жеткізілгеннен кейін, ойын алаң ортасынан қайта басталады. Белгіленген уақыт ішінде қай команда Көкпарды өз “отауына” көп жеткізсе, сол жеңіске жетеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin