Жетісу облысы Талдықорған қаласында велоспорттан «Жетісу шұғыласы» жарысы өтті. Республикалық велошабандоздар бәсекесінде Түркістан облысының командасы нәтижелі өнер көрсетті. Аталған сайыста 2008-2009, 2010-2011 жылы туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар бақ сынап, өзара кіл мықтыларын анықтады. Қыздар арасындағы тас жолдағы велосипед сайысында Түркістан облысынан №2 БЖСМ мектебінің спортшысы Жаннель Садыкова 1 күміс және 2 қола жүлдеге ие болып, өңір мерейін асқақтатты. Осылай қос жүлдеге қол жеткізген түркістандық құрама жалпыкомандалық 3-ші орынды еншілеп, арнайы кубокты иеленді.
Айта кетейік, аталған жарысқа республика бойынша 6 облыс және бір қаладан 150 спортшы қатысып, бақ сынады. Атап айтсақ: Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласынан велошабандоздар қатысты. Олар жекелей, командалық, топтық және критериум бағыттарында 10, 15, 17, 20, 25, 45, 65 шақырым қашықтықтарда жарысты.
Түркістан облысының велоспорт федерациясында 100-ге жуық велоспортшы бар. Өңірде Түркістан және Кентау қалаларындағы филиалдары жұмыс істеуде. Жаз мезгілінде де жаттығу жалғасады. Аталған спорт бағытына велоспортқа қызығушылығы жоғары 10-14 жас аралығындағыжасөспірімдер қатысуға болады. Әр баланың алда түрлі жарыстарға қатысып, Түркістан облысының велоспорт саласын дамытуына мүмкіндігі бар.
Еске салайық, велосипед спорты — жарыс велосипеді арқылы өте қысқа мерзімде белгілі бір жерге бірінші болып жету, сонымен қатар велосипед көлік ретінде немесе демалу және спортпен шұғылдану үшін қолданылады.
Еліміздегі велоспорттың дамуы өз бастауын сонау 1918 жылдан алады. Бірінші ресми веложарыс 1922 жылы Қызылорда қаласында өтіп, велошабандоздарымыз 1951 жылдан бастап республикалық, 1963 жылдан бастап халықаралық аренада өнерлерін көрсете бастады. Кейін келе ірі жарыстарда да спортшыларымыз бәйгелерге қатысып, еліміздің намысын қорғаған. Осылайша, 1963-64 жылдары Калинкин КСРО чемпионы атағына қол жеткізсе, 1979 ж Макаров трек жарысында әлем чемпионы атанды. Еліміздегі велоспорттағы айтулы оқиғаларға тоқталып өтсек: 1980 ж. Сатыбалдиев, 1983 ж. Новолекин, 1990 ж. Тас жол бәйгесінде топтық есепте үздік атанып, алтын медальдерді қоржындарына салды. 1993 былдан бері біздің велошабандоздарымыз басқа мемлекеттердегі әріптестеріне қарағанда ең көп медальдерді еншілеп келеді. Бұған дәлел ретінде Кравченко Азия құрлығының рекордын үш рет (1993 жылы — Малайзия, 1994,1999 жылдары — Жапония) жаңартқанын айтуға болады. Осы чемпионатта Кравченко ерлер арасынан үздік атанып, чемпиондық атаққа қол жеткізсе, Мизуров пен Яковлев атты жігіттеріміз топтасып жарысуда тамаша өнер көрсетті.
XXVII жазғы Олимпиада ойындарында ел мақтанышы Александр Винокуров велобәйгеде күмісті қанжығасына байласа, «Тур де Франс» көпкүндік веложарыста жерлесіміз Кивилев 4 орынды қанағат тұтты. Винокуров алдыңғы жылы өткен «Тур де Франс» көпкүндік веложарыс кезеңінің бірінде келеңсіз жағдайға тап болып, бәйгені жалғастыра алмады. Еліміздің велосипед спортының дамуына республикалық бірлестіктің төрағасы Даниял Ахметов айтарлықтай үлес қосты.
Велоспорт 1896 жылы Афинада өткен алғашқы Олимпиада ойындарынан бастап бүгінге дейін Олимпиада бағдарламасынан шыққан емес.
Әйелдер арасындағы тас жолдағы жарыстар 1984 жылы Лос-Анджелес ойындарында енгізілсе, тректегі велоспорт додасы 1988 жылғы Сеул Олимпиадасынан бері жүлде үлестіріп келеді.
Велосипедте мүмкін болатын ең жылдам жылдамдық бойынша әлемдік рекорд сағатына 268 шақырымды құраған. Мұндай керемет жылдамдықты 50 жастағы Дания азаматы Фред Ромпелберг жасаған.
Қазақстандағы велоспорттың туған күнін 1914 жылы 6 шілдеде Ақтөбеде тас жолдағы велосипедпен алғашқы жарыстар өткен күн деп санауға болады.
Халықаралық аренадағы жарыстарға қатысу кезеңінен бастап, қазақстандық спортшылар жастар мен ересектер арасындағы әлем чемпионатында 14 алтын, 12 күміс және 6 қола жүлдені жеңіп алды. 180-нен астам рет қазақстандық спортшылар Әлем кубогының, КСРО чемпионаттарының және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып, жер шарының барлық континенттерінде ел намысын лайықты қорғады. 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында Александр Винокуров топтық жарыста күміс медаль жеңіп алып, 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарында ол топтық жарыста алтын жүлде иегері атанды. Азия ойындарында спортшыларымыз 12 алтын, 8 күміс және 6 қола медаль жеңді. 2006 жылдан бері қазақстандық спортшылар Азия чемпионаттарында 59 алтын, 64 күміс және 59 қола медаль жеңіп алды.
Олимпиадалық велоспорт жарыстары:
- топтық жарыс
- жеке уақыт бойынша жарыс
Олимпиадалық тректегі велоспорт жарыстары:
- командалық спринт
- омниум
- кейрин
- жеке спринт
- мэдисон
- топтықсайыс
2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарындағы велоспорт — 27 шілдеден 11 тамызға дейін төрт түрлі жерде өтеді деп жоспарлануда (понт-Д’Иена тасжол және жеке уақыт жарыстары үшін; Велодром-Де-Сент-Квентин-ан-Ивелин трек және BТX жарыстары үшін; Эланкур Хилл тау велосипедтері үшін;) және BТX фристайлына арналған Конкорд аренасында өтеді.
Квотаның шамалы төмендеуіне қарамастан, велоспортта 2020 Олимпиада бағдарлама форматына ұқсас бес сайыс бойынша барлығы жиырма екі медаль жарысы өтеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.